2022 жылы Қытайды не күтіп тұр?

Қытай президенті Си Цзиньпин (оң жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Көрнекі сурет.

Сарапшылар 2022 жылы Қытай тарихындағы негізгі кезеңдердің бірі басталады дейді. Си Цзиньпин президент өкілетінің шекті мерзімін жойып, бір адамның билігін орнатуға ұмтылатынын болжап жатқандар бар. Азаттық алдағы жылы Қытайдың Еуразияға ықпалын арттыруға әсер ететін жағдайларға шолу жасап көрді. Бұл оқиғалар Еуразиядағы саясат, бизнес пен технологияға қалай әсер етеді?

Ресей президенті Владимир Путин Қытай президенті Си Цзиньпинмен видеобайланыс арқылы сөйлесіп отыр. Мәскеу, 15 желтоқсан 2021 ж.Бір жылда көп нәрсе өзгеруі мүмкін.

COVID-19 пандемиясымен жақсы күресе білгенін сезген Қытай 2020 жылғы желтоқсанда Еуропа одағымен ірі сауда келісіміне қол қойды. Бұл АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігін алаңдатқан еді.

Бірақ 2021 жылы жағдай өзгерді.

Еуроодақ "Пекин Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым жасап жатыр" деп санкция салған соң, мамырда инвестициялық келісімді тоқтатты.

Содан бері Тайвань Еуропа елдерімен байланысын нығайтты. Қазанда Тайвань сыртқы істер министрі Жозеф Ву Орталық Еуропаның бірнеше еліне тарихи сапар жасады.

2,7 миллион халқы бар Литва да Қытай-Еуропа дауының ортасында қалып, ақпанда Пекин басқаратын дипломатиялық форматтан шықты. Одан кейін екі ел Тайвань мәселесінде ұзақ уақыт жанжалдасып келеді. Қытай қатаң пропаганда науқанын бастап, экономикалық санкциялар салды. Ал 15 желтоқсанда Вильнюс Пекиндегі елшілігін жапты.

Еуропаның Қытайға қарсы шараларының келісілген жоспары жоқ. Дегенмен, 2021 жылғы оқиғалар одақ шенеуніктері мен үкіметтеріне сенім ұялатты. Олар Пекинге қарсы қатаң шаралар қабылдауға шақырды. Мұның бәрі Қытайдың Орталық Еуропа мен Оңтүстік Азиядағы былтырғы саясатын айқындайтын дипломатиялық мүмкіндік пен стратегиялық қателіктерді көрсетті.

2022 жылға келер болсақ, Қытай тұрақты болмаса да, Еуразияға ықпалын арттыруға дайын сыңайлы.

"Талибан" радикал қозғалысының негізін қалағандардың бірі молла Абдул Ғани Барадар (сол жақта) мен Қытай сыртқы істер министрі Ван И Тяньцзиньдегі кездесу кезінде. Қытай, 28 шілде 2021 ж.

Ресей мен Батыс арасындағы шиеленіс Кремль мен Пекинді жақындастыра түскендей. Ал АҚШ-тың Ауғанстаннан кетуі жаңа мүмкіндіктер мен қауіп-қатерге жол ашты. АҚШ әскері елден кеткен соң Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы билікке келді.

2022 жылы Қытай тарихындағы негізгі кезең басталмақ. Көбі келер жылы Қытай президенті Си Цзиньпин президенттік өкілеттің шекті мерзімін жойып, бір адамның билігін орнатуға тырысады деп болжап отыр.

Азаттық Қытайдың Еуразияға ықпалы қалай артатынын бақылау үшін бес негізгі жағдайды шолып шықты.

ҚЫТАЙ ҚАУІПСІЗДІГІ

2021 жылғы тамызда Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы билікке келіп, Пәкістанда Қытай азаматтарына бірнеше шабуыл жасалды. Осы оқиғалардан соң Қытай Орталық және Оңтүстік Азиямен шекарадағы қауіпсіздік, экстремистік топтар мен Қытай жұмысшыларының қауіпсіздігіне қаттырақ алаңдай бастады.

Пекин көп жыл бойы аймақтағы терроризм, әсіресе, ұйғыр экстремист топтарына алаңдап келді. Сөйтіп Орталық Азия елдерінің үкіметінен бастап "Талибан" билігіне дейінгі көршілерімен жақсы қарым-қатынас орната бастады. Бұл Қытай ішкі қауіпсіздік аппаратын шетелдік әріптестерімен байланыстырды.

"Осы күнге дейін [Пекин] қауіпсіздік мүддесін [өз елінде] тікелей Қытайға әсер етеді деп қауіптенетін нәрселерге қатысты тар ауқымда қарастырып келгенін көрсетті" дейді Royal United Services институтының ғылыми қызметкері Рафаэлло Пантуччи Азаттыққа.

Осы әріптестіктің көбі 2021 жылы кеңейе түсті.

Қазанда Қытай Тәжікстанда әскери база салуға қаржы бөлетіні хабарланды. Азаттық ауған-тәжік шекарасындағы базада Қытай әскерилерінің барын, тіпті, олардың шекараны күзететінін анықтаған.

"Қытай үстіртін байланысты құп көретінін және қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін [жергілікті билік органдарымен] қарым-қатынас орнатқысы келетінін аңғартты, – дейді Пантуччи. – Басты мәселе Қытай мүддесі артып, Пекин сол жерде басқа салаларда да болуы керек деп ойлауына алып келмей ме деген сұраққа тіреледі".

2022 жылы бұл байланыс аймақтағы құқық қорғау және қауіпсіздік органдары арасында нығая түсетіні болжанды. Пекин көрші елдердің әскери жаттығуын қаржыландыруды жалғастырып келеді. Қытай кейінгі жылдары шетелдермен экстрадиция туралы 59 келісім жасағаны хабарланды.

ПЕКИН МЕН МӘСКЕУ ҚАТЫНАСЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ БАСТАЛА МА?

Қытай президенті Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин 15 желтоқсанда 90 минут бойы видеобайланыс арқылы сөйлесіп, Қытай мен Ресей Батыс қысымы кезінде бірігіп әрекет етуге тырысатынын байқатты.

Ресей президенті Владимир Путин Қытай президенті Си Цзиньпинмен видеобайланыс арқылы сөйлесіп отыр. Мәскеу, 15 желтоқсан 2021 ж.

Мәскеу мен Пекиннің ресми байланысы жоқ, бірақ Владимир Путин видеобайланыс кезінде "екі ел арасындағы әріптестіктің жаңа моделі ішкі істерге араласпау және бір-бірінің мүддесіне құрметпен қарау секілді принциптерге негізделген" деді. Си Цзиньпин әріптесіне "Қытайдың негізгі халықаралық мүддесін қорғау амалдарын батыл қолдағаны үшін" алғыс білдірді.

Батыспен және АҚШ-пен бәсекелестігі күшейген сайын екі елдің байланысы да нығайып жатыр. Ресей мен Пекин бірігіп әскери жаттығу өткізіп, біршама мәселеде бір-біріне саяси көмек көрсетіп келеді. Путин Австралия, АҚШ, Ұлыбритания кіретін AUKUS әскери альянсын сынаса, Си Цзиньпин бұрынғы Совет одағы жерінде Батыстың ықпалын шектеу үшін қауіпсіздік кепілін талап еткен Мәскеуді қолдап шықты.

"Олар жақындап жатыр, бірақ оны формалды еткісі келмейді. [Олар] бір-біріне қатысы жоқ мәселелерде бір-бірін қолдауға дайын" дейді Пантуччи.

Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай президенті Си Цзиньпиннің онлайн кездесуін Пекин көшесіндегі экраннан көрсетіп жатыр, 15 желтоқсан 2021 ж.

Бұл байланыс қаншалықты тереңдейтіні әлі белгісіз. Әзірге Ресей Қытайдың Орталық Азияға ықпалы артып жатқанын сақтықпен бақылап отыр. Қызыл сөзге қарамастан, әр елдің аймақтық экономикалық моделі, Мәскеу үстемдік ететін Еуразия мен Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасы жоғары тариф секілді проблемаларға тап болып жатыр.

Бірақ 2022 жылы Батыс шиеленісі арта берсе, Путин мен Цзиньпин болашақта бір-біріне арқа сүйеуін жалғастыра бермек.

"Бұл қарым-қатынас қалай өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Ойлау жүйесін жаңартуымыз керек, себебі бұл динамика өзгере береді және нығайып келеді" дейді Пантуччи.

"БІР БЕЛДЕУ – БІР ЖОЛ"

Он жылға жетер-жетпес уақытта "Бір белдеу бір жол" бастамасы Қытайдың негізгі халықаралық жобасына айналды. Жоба аясында жаңа темір жолдар, көпір салынып, талшықты оптика кабельдері тартылды, 5G желісі мен құбыр салынды. Бұл Латын Америкасынан бастап Оңтүстік-шығыс Азияға дейінгі жерлерде жүзеге асырылған жобалар мен оған салынған жүздеген миллиард доллар инвестиция Пекиннің қаржы мүмкіндіктерін кеңейтіп, саяси және технологиялық ықпалын күшейтті.

"Бір белдеу - бір жол" бастамасы аясында жүзеге асырылған жобалардың бірі – Қорғас (Қазақстан) темір жол терминалы.

Бірақ кейінгі кезде сыртқы саясатқа бағытталған жоба көп проблемаға тап болды. Құрылыс мерзімі созылып, қарыз бен жемқорлық мәселесі туды, құрылыс сапасы мен қоршаған ортаға зияны секілді сын айтыла бастады.

2016 жылдан бастап инвестиция көлемі де азайды. "Бір белдеу бір жол" жобасы өнер, мәдениет, электронды төлем жүйелері мен спутник секілді жаңа салаларды да қамти бастады.

Бұл жағымсыз жағдай Жапония, АҚШ пен Еуроодаққа Қытай жобасына балама бола алатын бастамаларды қолға алуға жол ашты.

"Ниет бойынша, ол абстрактілі және көмескі болуы керек. Қытайда мүддесі бар кез келген тарап "Бір белдеу бір жол" бөлігі бола алатын жоба жасай алады, – дейді Бішкектегі ЕҚЫҰ академиясының бас зерттеушісі Нива Яу Азаттыққа. – Мұны тек бір нәрсе деп ойламау керек. Ол үнемі өзгеріп отырады, ақыр соңында Қытай әлем бойынша бүкіл салада ықпалын күшейтіп жатыр".

2022 жылы Қытай бастаған жоба жалғасын табады. Яудің сөзінше, жоба енді саяси элитамен ғана емес, жұмсақ күш пен медициналық көмек, Қытай мәдениетін экспорттау, жергілікті жерде жұмыс орындарын құруға басымдық беріп жатыр.

"Бір белдеу бір жол" көбіне қоғамға бағытталған. Әрине, бұл үнемі тиімді бола бермейді. Бірақ қазір бұл маңызды емес, – деді ол. – Егер олар жұмсақ күшке инвестиция салып, оған ресурс жұмсауды жалғастыра берсе, ақыр соңында бұл нәтиже береді".

ҚЫТАЙ БЕДЕЛІ

"Бір белдеу бір жол" Қытайдың әлемге ықпалын арттырудың жаңа жолдарын іздеп жатқанда, Пекин Қытай жайлы жағымсыз пікірдің өршуіне тап болды. Бұл кейінгі бір жылда Қытайдың жұмсақ күші мен дипломатиясына кері әсер етті.

Дамыған Батыс елдерінде жүргізілген Пью сауалнамасы Қытайға деген жағымсыз көзқарас ұлғайғанын көрсетті. Сауалнамада тек Грекия мен Сингапурдағы респонденттердің көбі Қытай саясатына жағымды пікір білдірген.

"Қытай образы жағымсыз жағдайда екені даусыз. Алдағы уақытта мұның өзгере қоюы екіталай" дейді Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының қызметкері Чарльз Данст Азаттыққа.

Қытайдың Синофарм вакцинасы жеткізілген кезде Сербия премьер-министрі Ана Брнабич (оң жақтан екінші) пен Қытайдың Сербиядағы елшісі Чэнь Бо (оң жақта) әуежайда кездесіп тұр. Белград 5 сәуір 2021 ж.

Пандемия басында Қытайдың Сербия, Италия секілді елде біршама жеңіске жеткен COVID дипломатиясы қазір жоқ.

Қытайды сынаған үкіметке, компаниялар мен жеке адамдарға қарсы шығудың агрессивті жолын таңдаған "Wolf Warrior" атанып кеткен дипломаттар бар. Олар көмекті азайтып, вакцина мен қорғаныш заттарын бермейтінін айтып сес көрсетеді.

Олардың көбі коронавирустың шығуы жайлы жалған ақпарат таратқан. Канберра коронавирустың қайдан шыққанын зерттеуге шақырғанда, Пекин Австралияның ең танымал экспорт тауарларына шектеу енгізіп, санкция салды.

"Әлем елдері Пекиннің экономикалық байланысты саяси мақсатта пайдалануға дайын екеніне алаңдайды, – дейді ол. – [Си] агрессивті сыртқы саясатқа және Қытай ұлтшылдығына басымдық беретінін ескерсек, бұл үрдіс 2022 жылы шындыққа айналады деу қиын".

ҚЫТАЙМЕН САУДА БАЙЛАНЫСЫ

Қытай коронавирусқа қарсы қатаң стратегия ұстанып отырған аз елдердің бірі. Коронавирус жұқтырған адам анықталған жағдайда Пекин тұтастай қаланы жабуға дейін шешім қабылдайды. Коронавирустың омикрон нұсқасы шыққан соң, бұл саясатты әлі де ұстана беретінге ұқсайды.

Бұл трансшекаралық саудаға иек артып отырған Орталық Азия үшін жағымсыз жаңалық болды. Пандемия кезінде Пекин шекара бекеттеріндегі бақылауды күшейтіп, Қытайға өтетін адамдар мен тауарларға шектеу қойды. Бұл Орталық Азия мен Қытайдың сауда айналымын әлсіретті.

Қырғызстанның Қытаймен шекарасындағы Торугарт бекетінде арғы бетке өте алмай тұрған қырғыз жүк көліктері.

"Қытай мен Орталық Азия арасындағы сауда байланысы алдағы жылы ғана емес, болашақта да пандемияның өрбуіне қарай қиын жағдайда болады" деді Мәскеу Карнеги орталығының сарапшысы Темір Омаров Азаттыққа.

Қытайдың аймақтағы елдермен сауда айналымының басым бөлігі табиғи ресурсқа, әсіресе, мұнай мен газға негізделген. Бірақ Қытай шекарасында жүк саудасына қойылған талаптар кей елдер үшін саяси проблемаға айналды.

Қырғыз үкіметі пандемияға дейінгі сауда нұсқасын қайта жандандыруға басымдық беретінін мәлімдеді. Бішкек шенеуніктері Қытайдағы әріптестерімен келіссөз жүргізіп, COVID талаптарын орындау үшін жүк автокөліктеріне арналған жаңа ережелерді ұсынды.

Омаровтың сөзінше, вирустың жаңа нұсқалары шығып жатқандықтан, бұл жергілікті билік органдары үшін жалғыз жол болып отыр.

"Әрине, бұл Орталық Азияның көңілін түсіреді" дейді ол. "Бірақ олар экономика жағынан Қытайды қажет етеді. Сондықтан олар қосымша шараларды қабылдап, трансшекаралық тасымал үшін не істеуге болатынын талқылауға баруы керек болды".