Forbes әлемдегі дәулетті адамдардың тізімін жариялады. Онда Қазақстаннан жеті адам бар

Freedom Holding иесі Тимур Турлов

Америкалық Forbes журналы жариялаған әлемдегі миллиардерлердің тізіміне Қазақстаннан жеті адам енген. Олардың арасында жаңасы жоқ.

Forbes тізіміне сәйкес, Kaspi финтех компаниясының негізін қалаушылардың бірі, Kaspi Bank директорлар кеңесінің төрағасы 55 жастағы Вячеслав Ким ең бай қазақстандық болып танылды. Журнал оның байлығын – 7,1 млрд доллар деп бағалаған. Бұл былтырмен салыстырғанда 1,3 млрд долларға көп. Ким әлемдік тізімде 464-орында тұр.

Forbes мәліметінше, Кимнің бизнес-әріптесі Михаил Ломтадзенің $5,9 млрд байлығы бар. Ол әлемдік тізімде 597-орында тұр.

Басылым 2022 жылы Қазақстан азаматтығын алған, бұрынғы ресейлік Тимур Турловты (605-орын) ең бай үшінші қазақстандық деп санайды. Freedom Holding инвестициялық компаниясының жетекшісі, 37 жастағы Турлов $5,8 млрд байлыққа ие. Былтыр оның байлығы 3,3 млрд доллар болған. Бір жыл ішінде оның байлығы едәуір артқан.

"Қазақмыс" металлургиялық компаниясы мен Bank RBK иесі Владимир Ким 620-орында тұр. Былтыр оның активі $3,6 млрд болса, биыл $5,7 млрд жеткен.

Динара және Тимур Құлыбаевтар 673-орынды иеленген. Қазақстанның бұрынғы президентінің қызы мен күйеубаласы елдегі ең ірі коммерциялық банктердің бірі Halyk банкке иелік етеді. Бұған қоса, мұнай өндіру секторы, сауда, құрылыс саласында да компаниялары бар. 2024 жылы Forbes ерлі-зайыптының байлығын 10 млрд доллар деп бағаласа, биыл 10,6 млрд долларға (әрқайсысы 5,3 млрд долларға ие) жеткен.

Бұрын президент ісін басқарған Болат Өтемұратовтың байлығы бір жыл ішінде миллиард долларға артқан. 3,7 млрд доллар байлығы бар Өтемұратов әлемдік тізімде 979-орында тұр. Өтемұратов Forte Bank-ке ие, Қазақстандағы Burger King франшизасы мен қызмет көрсету саласындағы өзге де компанияларға иелік етеді.

Forbes тізімінде 3028 адамның аты-жөні бар. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 247-ге көп. Тізімдегі адамдардың байлығы 16,1 трлн долларды құрайды. Әлем бойынша америкалық кәсіпкер Илон Маск ең бай адам болып танылды. Оның 342 млрд доллар байлығы бар. Tesla-ның акционері ракета шығаратын SpaceX мен жасанды интеллект xAI саласындағы стартапқа да ие.

Илон Масктен кейін Meta иелерінің бірі, америкалық Марк Цукерберг тұр. Amazon интернет-дүкенінің негізін қалаушы Джефф Безос - үшінші орында, Oracle өндірушісі Ларри Элиссон төртінші орында тұр.