Ол күнделікті таңертеңгі сағат жетіде тұрады, жуынуы мен серуендеуіне 20 минут уақыт бөлінген, оған тәулігіне үш мезгіл тамақ беріледі, ал түн ортасынан екі сағат бұрын ұйқыға жатады. Қазір бомбадан паналайтын орындағы бір бөлмеде басқа мигранттармен бірге күн кешіп жатыр. Швейцариядан саяси босқын мәртебесін сұраған Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) отставкадағы полковнигі Елжан Тұрсымбековтің күні осылай өтеді. Арнайы қызметтің бұрынғы қызметкері Қазақстаннан 2017 жылы кетіп қалған. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысына қарсы "тергеуге қажетті" куәлік бермеуді ұйғарғанын айтады және "бағынбауының" зардабын тартпас үшін елден кеттім деп түсіндіреді.
САЯБАҚТА ТҮНЕУ, ТҮРМЕДЕГІ БІР КҮН ЖӘНЕ САЯСИ БАСПАНА СҰРАУ
Елжан Тұрсымбековтің Еуропадағы өмірі қазіргідей қалыптасқанша ол біраз қиындықты басынан өткерген. Қолда бар қаржысы тез таусылып, күзде пәтер жалдауға ақшасы қалмаған. Көп ұзамай визасының мерзімі де аяқталған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті басқармасының бұрынғы басшысы саябақтағы орындықта түнеген кездері болғанын айтады.
- Қазан айында күн онша суық болмайды. Тек таңға қарай қол-аяғыңды жылыту үшін қимылдауға тура келеді. Кейін постсоветтік елдердегі достарыммен байланысқа шықтым. Олар желтоқсан айына дейін көмектесті. Сол кезде саяси босқын мәртебесіне өтініш беруге құжат жинадым. Ал желтоқсан айында полицияға "берілдім". Полицияға бірден баруым керек екен. Сонда саябақта түнеуге тура келмес еді. Неге далада қондым? Менің ақшам мен құжаттарымды ұрлап кетті. Бұл жақта да мұқият болмасаң, тонап кетеді. Ал мен қоғамдық орындардың бірінде бейқамдық танытып, заттарым салынған сөмкемнен айырылып алдым. Ішкен едім. Ол кезде күйзелісте жүрдім. Өмірде алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің ғой. Құжаттарымды қайта қалпына келтіру үшін елшілікке бардым. Бірақ елшілікте полициядан төлқұжатымды жоғалтқаным туралы анықтама әкелуді сұрады. Полициядан бұл анықтаманы алғаныммен, елшілікке апарған жоқпын. Швейцария үкіметі (саяси баспана беру туралы - ред.) шешім қабылдағанша, маған елшілікпен байланысуға болмайды, - дейді саяси босқын мәртебесін күтіп жүрген Елжан Тұрсымбеков.
2017 жылдың тамыз-желтоқсан айларында Тұрсымбеков Лозаннада тұрған. Швейцария билігіне "берілгенге" дейін ақшасыз қалған Елжан жергілікті қайырымдылық қоры ұйымдастыратын тегін асты талғажау еткен. Елжан Тұрсымбеков үйсіз-күйсіз жағдайда жүріп, полицияға берілген күнін былай сипаттайды:
- Кантонда (Швейцариядағы аумақтық бөлініс атауы - ред.) полицияға "берілуге" болатын орталықтандырылған орын бар. Валор деп аталады. Франциямен шекарада орналасқан. Валор – түрме, мен онда бір тәулік түнедім. Отыз шақты адам болдық, көбі Африкадан келгендер және бір грузин бар. Түрмеге бақылау-өткізу пункті арқылы кіргізеді. Мұқият тексереді. Қолда бар құжаттың бәрін өткізу керек. Жеке заттарды уақытша сақтау камерасына алып қалады. Бірақ ұялы телефонды өзіңмен алуға рұқсат етеді. Жатын орын, сусабын, тіс щеткасы мен сабын береді. Әр қабатта душ бар. Шлангімен су құю деген жоқ. Үш мезгіл тамақ береді. Тамақ ішкен кезде жанжал шықпас үшін полиция қадағалап тұрады. Ерлер, әйелдер мен балалар бір асханада ас ішеді. Отбасыларды бірге отырғызуға тырысады. Ер адамдар бір қабатта ұйықтайды. Мен ол жерде бір рет түнедім. Онда кәдімгідей түрме режимі: темір тор орнатылған, сыртқа шығармайды. Бәрі белгіленген тәртіп бойынша жүреді.
Тұрсымбеков Валордан жергілікті кантонмен аттас Цюрих әкімшілік орталығына жеткізілгенін айтады. Цюрихте қазақстандық босқын 2017 жылдың желтоқсанынан 2018 жылдың ақпанына дейін болған. Өз айтуынша, Цюрихте босқындарға жақсы қараған. Үш мезгіл тамақтандырып, көше тазалап қосымша ақша табуға мүмкіндік берген.
Тұрсымбеков Швейцария билігі үшін бұл елге босқынның қайдан келгенін түсіну маңызды екенін айтады.
- Швейцария босқын мәртебесін беруді не депортациялауды шешуі керек. Олар юрисдикцияны анықтағаннан кейін, босқын мәртебесін беруге негіз бар-жоғын тексереді. Яғни, саяси қудалау болған-болмағанын анықтайды. Мен өз жағдайымды таныстырдым. Отбасыма жала жабу, қылмыстық қудалау болғанын, қашуға мәжбүр болғанымды түсіндірдім, - дейді Елжан Тұрсымбеков.
Оның сөзінше, шешім екі ай ішінде қабылдануы керек еді. Осы уақыт ішінде Швейцария билігі оны елде қалдыру болмаса депортациялау туралы кесімін айтуы тиіс болатын.
- Саяси босқын мәртебесін берген жоқ. Саяси босқын мәртебесін алуға құжат тапсырғаным туралы анықтама берді. Депортациялаған жоқ, - дейді ҰҚК басқармасының бұрынғы басшысы.
Тұрсымбековтің сөзінше, оны Цюрихтен кейін Берн мен Лозанна арасында орналасқан Фрибург кантонына жіберген.
- Маған жолға билет әперіп, бағыт сілтеді. Жолға шықтым, үш сағат уақыт алды. Жалғыз өзім. Кеңсеге келгенімде, бәрі дұрыс деді. Сосын қоймаға дейін бардым, қарасам, ары қарай орман басталады екен. Ал онда картада жатақхана деп көрсетілген нысан тұр. Әлгі "жатақхана" бомбадан паналайтын орын болған екен. 200 адам сыяды. Бірақ онда отыз адам тұрды. Бәрімізге үш мезгіл тамақ беріледі. Бір бөлмеге бес-алты адамнан орналастырады. Әйелдер мен ерлер аралас тұрады. Бірақ ол жерде отбасылар жоқ. Өйткені билік отбасылы адамдарға тұрмысқа қолайлы пәтер береді, - дейді Тұрсымбеков.
Елжан Тұрсымбековтің айтуынша, саяси босқын мәртебесін күтіп жүрген азаматқа жұмыс істеуге болмайды. Тек оқып, емделуге болады. Мемлекет мұндай адамға үш мезгіл тамақ, ай сайын ұсақ-түйек шығындарға 80 франк, кантон территориясында жүріп-тұруға 200 франк береді.
- Еркін жүріп тұруға болады. Бізді тамақ қана ұстайды. Тек түскі ас пен кешкі ас арасында ғана кетеміз. Таңертең тамақтанған соң түскі ас ішкісі келмегендер кете берсе болады. Мұражайларға кіру тегін. Жол ақысын төлемей жүрген жолаушыға 100 франк айыппұл салынады. Бұл айыппұл мойныңа қарыз боп ілінеді де, саяси босқын мәртебесін алуға кедергі болуы мүмкін. Мен тәртіп бұзған емеспін. Алғысыңа қарамайды, ең бастысы, тәртіп бұзбауың керек, - дейді ҰҚК бұрынғы қызметкері.
КҮЙЕУІ ҮШІН ЖЕТІ ЖАРЫМ ЖЫЛҒА СОТТАЛҒАН ӘЙЕЛ
2016 жылы жазда полковник шенімен зейнетке шыққан, ал бір жылдан кейін кәмелеттік жасқа толмаған екі ұлымен бірге Швейцарияға қашқан ҰҚК басқармасының бұрынғы басшысы Елжан Тұрсымбеков туралы Азаттық 2017 жылдың соңында жазған. Ол кезде Тұрсымбеков Швейцарияға қашуына ҰҚК бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевтың ісі себеп болды деп түсіндірген еді. Оны 2017 жылдың сәуірінде Тұрсымбековті Дүтбаев ісі бойынша тергеуге шақырған. Өз айтуынша, Тұрсымбеков Қазақстан билігін сынаушы, қазір шетелде тұратын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов "2004 жылы "ТұранӘлем" банкінің бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевті өлтіруге бұйрық берген болуы мүмкін" дегенге меңзейтін куәгерлік беруден бас тартқан. Елжан Тұрсымбеков осыдан кейін өзіне "террорлық акт туралы жалған хабарлама бергені үшін" халықаралық іздеу жарияланғанын айтқан еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ҰҚК полковнигі шетелден саяси баспана сұрайдыОл жолы Тұрсымбеков отбасы туралы да әңгімелеп, өзін "Дүтбаев ісі" бойынша тергеуге алғаннан кейін азаматтық некедегі әйелі А. Т.-нің үстінен үш бап бойынша ("лауазымды тұлғаға қылмыстық топ құрамында пара беру", "заңсыз миграцияны ұйымдастыру" және "қылмыстық топты құру және басқару") іс қозғалғанын хабарлаған. Тұрсымбековтің азаматтық некедегі әйелі 2017 жылдың маусымында ұсталған. Екі айдан кейін Швейцариядағы ұлдары елге оралған соң, (Тұрсымбеков жаңа оқу жылынфың қарсаңында балаларды елдегі туыстарына қайтарған. Оның айтуынша, балалар эмиграцияға дайын болмаған әрі туыстары да балалардың шетелде қалғанын қаламаған) оны тергеу абақтысынан үйқамаққа ауыстырған.
- Балалар анасымен 2018 жылдың соңына дейін бірге тұрды. Жаңа жылды бірге қарсы алды. Аса көп үміт артқан жоқпыз. Үйқамақ – тергеу абақтысымен салыстырғанда жақсырақ болғанымен, психологиялық тұрғыдан өте ауыр. Әйеліммен сөйлестім: жағдайы сұмдық. Балалар жанында болғанымен, ол күн сайын тергеуге барып жүрді, - дейді Тұрсымбеков.
Тұрсымбековтің әйелінің соты 2018 жылдың мамырында басталды. Сот өтіп жатқан кезде ол Астана қаласы ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына қамалған: Тұрсымбековтің сөзінше, сот отырысына 15 минут кешігіп келді деген желеумен әйелін қамауда ұстау туралы шешім қабылдаған.
- Астананың ауданаралық қылмыстық соты әйелімді Қылмыстық кодекстің пара беру, ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқару, заңсыз еңбек миграциясын ұйымдастыру баптары бойынша кінәлі деп тауып, жеті жарым жылға соттады. Швейцарияда кісі өлтіргені үшін жеті жарым жыл түрме жазасын береді, ал әйеліме тағылған айып бойынша бұл жақта тіпті түрмеге де отырғызбайды. Қазір ол Шығыс Қазақстан облысындағы Шуақ (бұрынғы Солнечный) ауылында жазасын өтеп жатыр. Ал мен мұнда Швейцарияның бомбадан паналайтын орнында саяси босқын мәртебесін алуға талпынып жүрмін, - дейді ҰҚК бұрынғы полковнигі.
Азаттық Елжан Тұрсымбеков туралы алғашқы материалында оның әйелінің дүние-мүлкі тәркіленіп, банктегі есепшоттары бұғатталғандықтан балалардың өмір сүруге қажетті ақшасыз қалғанын жазған болатын. Балалар зейнеткер әжесімен бірге тұрып жатыр. Оларға әйелінің әпкесі де көмектесіп тұрады. Бірақ бұл қаржы балалардың әкесі елден қашып, анасы тұтқындалғанға дейінгі білім деңгейін жалғастыруына мүмкіндік бермейді.
- Мені ҰҚК полковнигі және басқарма басшысы болып қызмет атқарғаным үшін тағайындалған зейнетақымнан айырған жоқ. Зейнетақымды сенімхат бойынша алады. Ақша балалардың оқуына жұмсалады, - дейді Елжан Тұрсымбеков.
Тұрсымбековтің сотталған әйелінің мүддесін қорғаушы адвокат Марслен Бабашев оның жеті жарым жылға бас бостандығынан айырылғанын растады. Бабашев қорғауындағы адамның бұрын сатып алынған және заң бойынша тәркілеуге жатпайтын мүлкін тәркілеу туралы соттың шығарған шешіміне қарсы берген шағымы нәтижесіз болғанын айтады.
Оның сөзінше, Тұрсымбековтің әйелі қайсар адам, сонымен қатар ол басқалармен тез тіл табысады. Осы қасиеті оған түрмеге тез бейімделуіне көмектескен.
- Ол өзін режимнен жапа шеккен адаммын деп санамайды. Күйеуі үшін жапа шекті, енді қайтеді? Апта сайын оларға туыстарына хабарласуға рұқсат береді. Ол маған хабарласып тұрады. Әдетте жаңалықта мен айтамын, онда да негізінен тұрмыс жайлы, - дейді Тұрсымбеков. Ол әйелімен соңғы рет сәуір айының соңында сөйлескенін айтты.
"ӘР КҮННІҢ ӨЗ БЕРЕКЕСІ БАР"
ҰҚК зейнеткері Елжан Тұрсымбеков Швейцарияда өзі тұрып жатқан бомбадан қорғануға арналған орынға үйреніп қалғанын айтады. Өз сөзінше, "бос уақыты жетіп артылатындықтан" Facebook парақшасын белсенді қолданады.
Швейцариялық бомбадан қорғануға арналған орында интернетке қосылу еш қиындық туғызбайды. Yelzhan Tursumbekov деген атпен тіркелген қолданушы парақшасында ол Қазақстанда болып жатқан саяси оқиғаларды талдап, өз пікірімен бөлісіп отырады. "Белсенді блогермін" дейді Тұрсымбеков.
Оны Қазақстанға депортациялау не экстрадициялау мәселесі әлі де маңызын жоғалтпағаны, ал саяси босқын мәртебесін күту ұзақ немесе мүлде шексіз уақытқа созылуы мүмкін екені жайлы қойылған сұраққа Тұрсымбеков Киелі кітаптағы Матфей сөзімен жауап береді: "Ертеңгі күнді ойламаңдар, өйткені ертеңгі күн өз қамын өзі ойлайды: әр күннің өз берекесі бар".
ҰҚК Елжан Тұрсымбеков және оған қарсы қозғалған іс туралы Азаттықтың сұрақтарына жауап берген жоқ.