АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей билігі Украинамен атысты тоқтату туралы келіссөзді созбалақтап отыр деп санайды. Бұл жөнінде талқылаудан хабары бар дереккөзге сүйенген Fox News тілшісі Джеки Хайнрих хабарлады.
Хайнрихтің сөзінше, Трамптың Ресей президенті Владимир Путиннен көңілі қалған. Журналистің X желісінде жазуынша, Ақ үй өкілдері Ресейдің көлеңкелі флотына санкция салу мәселесін қарастырып жатыр.
"Қазіргі кезде санкцияның сақталуын бақылау қатаң болып тұрған жоқ – бейресми түрде шамамен "онның үші" деп бағаланады. Және Ресейдің "көлеңкелі флотын" ұстап алу .... - қысымның оңай түрі бола алады" деді Хайнрих.
Бұған дейін Ақ үй Трамп Ресей мен Украина басшыларының кейінгі мәлімдемелеріне риза болмай отырғанын айтқан. Дегенмен нақты қандай мәлімдемелер екені белгісіз.
АҚШ президенті өткен аптада Украина президенті Владимир Зеленскийдің легитимділігіне күмән келтірген және Украинаны "сыртта басқару қажеттігі" туралы ұсыныс айтқан Путиннің сөзіне "қатты ашуланғанын" айтқан еді. Трамп Мәскеу алдағы уақытта атысты тоқтатуға келіспесе, Ресей мұнайына жанама салық салатынын айтқан.
Ресей сыртқы істер министрлігі Мәскеу Вашингтонның Украина бойынша ұсыныстарына салмақты қарайтынын айтты. Ресей сыртқы істер вице-министрі Сергей Рябков Америка жағы Ресей мен Украина соғысына түрткі болған алғашқы себептерді жоюға тырысып жатқан жоқ және Киевті "атысты тоқтатуға" шақырмады деген уәж айтты.