Социалист Олланд оңшыл Саркозиден озық тұр

Франсуа Олланд, Францияның Социалистік партиясының жетекшісі, президенттікке кандидат. Париж, 16 қазан 2011 жыл

Президенттік сайлаудың бірінші айналымында Франция халқы белсенді түрде дауыс берді. Ресми нәтижелер бойынша социалистердің жетекшісі Франсуа Олланд 28%, қазіргі президент, оңшыл Николя Саркози 27% дауыс жинады.
Сәуірдің 22-сі күні Францияда өтіп жатқан президент сайлауында 44.5 миллион адам 85 мың учаскеде дауыс беру үшін тіркеуден өткен. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, олардың кем дегенде 70 пайызы дауыс берді.

Дауыс санаудың алғашқы нәтижелері бойынша Социалистер партиясының жетекшісі Франсуа Олланд 28 пайыз дауыс жинап бірінші орынға шықты. 27 пайыз дауыс жинаған Николя Саркози екінші орында тұр. Ұлтшылдардың радикал-оңшыл Ұлттық майдан жетекшісі Жан-Мари Ле Пен ханым 20 пайыз дауыс жинап, оларды өкшелеп келеді.

Саяси бәсекеге 10 кандидат түсіп жатыр. Көпшіліктің ойынша, бұлардың ешқайсысының бірінші айналымда өзгелерді басым дауыспен жеңіп шыға алмайтыны байқалып тұр. Тіпті мұнша көп халық дауыс бергендіктен кейбір оппозициялық кандидаттар ойлағаннан көбірек дауыс алып кетуі мүмкін деп болжап жатқандар бар. Бірінші және екінші орын алған екі кандидат 6 мамыр күні өтетін президенттік сайлаудың екінші айналымына шығып, ақтық кезеңде бәсекеге қайта түседі.
10 кандидаттың ешқайсысы да басым дауыспен жеңе алмайды.
Франсуа Олланд қазіргі президент Николя Саркозиді екінші айналымда жеңіп кетсе, соңғы 30 жылдан астам уақытта бірінші мәрте қызметтегі Франция жетекшісінің екінші мерзімге сайлана алмай қалғаны болады. Сонымен бірге мұндай нәтижеге жете қалса, Франсуа Олланд 1995 жылы Франсуа Миттеран қызметтен кеткелі бергі президент болып сайланған бірінші социалистке айналады.

Николя Саркози сайлау науқаны кезінде Еуропадағы қаржы дағдарысы мен экономикалық қиын ахуал тұсында Франция жетекшісі ретінде шыңдалғанын айтып бақты.

2007 жылдан бері елді басқарып келе жатқан Саркози бюджет дефицитін азайтып, салық төлемеу үшін елден кетіп жатқандарға салық төлетем деп уәде етті.

Франция президенттігіне қайыра кандидат Николя Саркози жақтастарымен кездесіп тұр. Ницца, 20 сәуір 2012 жыл


Николя Саркози Buy European Act ("Еуропалық тауарды сатып ал") шарасын қолдануға шақырды. АҚШ-та заңға айналған бұл акт бойынша үкімет қоғамдық келісім-шарттар жасау кезінде бірінші өз елінде өндірілген тауарды сатып алады. Сайлау науқаны кезінде Саркози Еуропаға жатпайтын елдерден заңсыз түрде келіп жатқан еңбек мигранттарын азайту үшін Францияны шенген зонасынан шығарам деп те мәлімдеме жасаған.

Франсуа Олланд болса ірі корпорациялар мен жылына бір миллион еуродан көп табыс табатын адамдарға салынатын салықты көбейтер едім деп мәлімдеген.

Ол елдегі ең аз жалақы мөлшерін өсіріп, 60 мыңнан астам қосымша мұғалімді жұмысқа тартып, зейнетке шығу жасын 62-ден 60-қа азайтам деп уәде еткен.

Президенттік сайлаудың нәтижесі Францияның келесі үкіметінің құрамына тікелей әсер етпекші.
Сарапшылар радикал-оңшыл Ұлттық майдан жетекшісі Жан-Мари Ле Пен ханымның көп дауыс алып кетуі мүмкін деп те болжайды. Бұған соңғы уақытта болып жатқан ел ішіндегі саяси көңіл-күйдің өзгеруі себеп болуы мүмкін.

Президенттік сайлаудың нәтижесі Францияның келесі үкіметінің құрамына тікелей әсер етпекші. Маусым айында бұл елде парламенттік сайлау өтпекші. Әзірше Францияның Ұлттық ассамблеясында Саркозидің жақтастары - консерваторлардың үлесі басым.

Сайлаудың алғашқы айналымының алдын-ала нәтижесі Гринвич уақыты бойынша сәуірдің 22-сі кешкі сағат 18.00-де (Астана уақыты бойынша түнгі 23.00-де) белгілі бола бастады.

Дауыс беруге шетелде тұратын 800 мыңға жуық Франция азаматтары да қатысты.