Франция сыртқы істер министрі: Украинаны қолдауда "қызыл сызық жоқ"

Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Украинадағы соғыста қаза болғандардың суреті ілінген стендке қарап тұр. Киев, 19 қазан 2024 жыл.

Украинаның өзін қорғау мақсатында Франция берген алысқа ұшатын ракеталарды Ресей аумағына соққы жасауға пайдалануға құқығы бар. Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро BBC-ге берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді. Ол – Украинаға осындай рұқсат берілгенін растаған Батыс елдерінің жоғары лауазымды алғашқы тұлғасы. Дегенмен ол француздың SCALP ракеталары Ресейдегі нысандарға соққы жасауға пайдаланылды ма, жоқ па, ол жағын айтпады.

Ресей аумағына соққы жасауға АҚШ пен оның одақтастары Ұлыбритания мен Францияның рұқсат бергені осы аптада хабарланған. Бұл жөнінде көп дереккөз бен Украинаның ресми тұлғалары айтқан, алайда Батыс елдерінің жетекшілері ресми түрде хабарламаған. Батыстың алысқа ұшатын қару түрлерімен Ресейдегі нысандарды соққы жасау бойынша екі оқиға расталды. Батыс ақпарат құралдарының дереккөздерінің мәліметінше, соққы америкалық ATACMS және британдық Storm Shadow ракеталарымен жасалған. Мұны Ресей президенті Владимир Путин да телемәлімдемесінде растаған.

Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барроның сөзінше, Ресей басқыншылығына төтеп беріп жатқан Украинаға көмектесіп жатқандар қандай да бір "қызыл сызық" жөнінде айтпауы керек. "Украинаға француз әскері жіберілуі мүмкін бе?" деген сұраққа "мұны толық жоққа шығаруға болмайды" деді. Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон да осылай мәлімдеген. Ал НАТО-ның бірқатар елдері, арасында АҚШ та бар, Украинаға әскер жібермейтінін кесіп айтқан.

Францияның сыртқы істер министрінің сөзінше, Украинаны қолдау қажет, себебі мәселе Еуропаның қауіпсіздігі жөнінде де болып отыр.

Ол сонымен бірге Украинаны НАТО-ға мүшелікке шақыруды қолдайтынын жеткізді. НАТО-ның өз ішінде бұл мәселе бойынша ортақ пікір жоқ.

Ресейдің аумағына соққы жасауға рұқсат беру мәселесі бойынша да әскери одақта бір ұстаным жоқ. Атап айтқанда, Германия бұрынғыша Украинаға Taurus ракетасын беруге қарсы. Taurus алысқа ұшу қасиеті жағынан америкалық ATACMS-тан да асып түседі. Еуропарламенттің жетекшісі Роберта Метсола сенбі күні неміс ақпарат құралдарына берген сұхбатында Берлинді Украинаға Taurus-ты беруге шақырып, Еуропарламентте мұндай шешімді қолдайтындар көп деді.

Ресей әскері осы аптада алғаш рет Украинаны орта қашықтыққа ұшатын баллистикалық ракетасымен соққылады. Днепр қаласындағы машина жасау зауытына соққы жасалған. Осы оқиғаға орай арнайы телемәлімдеме жасаған Ресей басшысы Владимир Путин жаңа гипердыбыстық "Орешник" ракета жүйесі қолданылғанын айтып, мұны Ресей аумағына Батыс қаруымен соққы жасалуына жауап деп атады. Путин сонымен бірге жағдай ушықса, Украинаға қару жеткізген елдердің әскери нысандарына да соққы жасайтынын айтып, сес көрсетті. Ал АҚШ Путинның сөзіне байланысты ұстанымын өзгертпейтінін, Украинаны қолдай беретінін мәлімдеді.