Ресми мәлімет бойынша, 2011 жылғы наурыздағы зілзала салдарынан Жапонияның солтүстік-шығыс жағалауында 16 мыңға жуық адам қаза болып, 2,5 мыңнан аса адам хабарсыз кеткен. Ал Фукусима жарылған күні адам шығыны болған жоқ, бірақ ондаған құтқарушы жараланды.
Қатты жер сілкінісі мен оның әсерінен пайда болған жойқын цунамидің биіктігі он метрге жететін сұрапыл толқындары Фукусима-1 атом электр станциясында сыртта орналасқан энергиямен жабдықтау құралдары мен резервтік генераторларды бүлдірді. Соның салдарынан апат жағдайында АЭС қондырғыларын салқындататын жүйе істен шығып, кейін үш реактордағы қызу шектен асып кетті.
Эвакуация кезінде, ауруханада ауыр халде жатқан науқастарды қосқанда елу адам көз жұмды. Дәрігерлердің есебінше, апаттан кейінгі бірнеше жылда психологиялық стрестен 2300 адам, көбіне қарттар, қайтыс болған. Бірақ бұл өлімдердің Фукусимадағы апатпен тікелей байланысы бары ресми түрде дәлелденген жоқ.
Апат АЭС блоктарын бүлдірген соң іле-шала билік атом станциясынан 20 километр радиусте тұратын адамдарды эвакуациялауға кірісті. Әртүрлі есептеулер бойынша, жалпы саны 180 мыңнан 320 мыңға дейін жететін тұрғындарды басқа жерге көшірген.
2018 жылы Жапония жарылыс кезінде сәуле соққысын алған құтқарушының көз жұмғанын хабарлады. Елу жастан асқан адам 2016 жылы өкпе рагына шалдыққан. Жапония билігі марқұмның есімін жарияламады, бақилық болған құтқарушының отбасына өтемақы төленді.
Табиғи апаттан соң Жапонияның жағалауда орналасқан көптеген қалаларында осындай көрініс көзге шалынды.
Апат болған аймақтан көшірілген тұрғындарды арнайы радиациялық орталықтарға жіберген, ол жерде адамдарды радиациядан қаншалықты зардап шеккенін анықтау үшін тексеруден өткізген.
Апат болған ошақтың айналасындағы 20 километр қашықтықтағы жер әлі күнге дейін адам тұруға жарамайтын аймақ саналады. Бірақ туристер мен қарапайым тұрғындар ол жерге апат құрбандарын еске алуға барады. Ол жерге денені қорғайтын арнайы киіммен ғана баруға рұқсат етілген.
Фукусима жарылыстан кейін. 14 наурыз 2011 жыл.
Фукусимадағы жарылыс - атом энергетикасы тарихындағы ең ірі апаттың бірі. Оған қауіптіліктің ең жоғарғы шкаласы берілген. Бұған дейін мұндай шкала Чернобыль апатына берілген.
Фукусима апатынан жарты миллион адам үйсіз қалды.
Фукусимадағы жарылыстың зардаптарын жою жұмыстары әлі жүріп жатыр. Жапон билігі бұл шаруаға миллиондаған қаржы жұмсады.
Апат аймағынан көшірілген адамдар қайғылы оқиға кезінде айрылып қалған туыстарының сүйектерін іздеп, олармен дәстүр бойынша қоштасу үшін кейде бұрынғы тұрған жерлерге барады.
Фукусиманың маңайындағы елдімекендер қазір де адам тұруға жарамайды.
Ғалымдар апаттың радиусында қалыпты өмірге оралу мүмкін емес деп санайды.