Германия, Франция, Италия, Польша, Испания және Ұлыбритания Ресейге қарсы санкциялық қысымды күшейтуге дайын. Алты елдің сыртқы істер министрлері мен Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Калластың бірлескен мәлімдемесінде осылай деп айтылған.
Бұл елдер Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғысына тосқауыл қою үшін қолы жеткен барлық құралды пайдаланып, Ресейге қысым жасауды жалғастыратынын мәлімдеген. Бұған қоса министрлер Ресейдің Батыс елдеріндегі активтері Мәскеу Украинаға ашқан соғысты тоқтатпайынша және Украинаға келтірген зиянды өтемейінше бұғаттаулы жата береді деген ұстанымын тағы білдірді.
Мәлімдемеде оған қол қойған елдер Украинаның "әскери және қорғаныс өнеркәсібін немесе серіктес елдердің Украинаға әскери жәрдемін шектеу" туралы шарт қоятын бейбіт келісімді қабылдамайтыны айтылған.
"Еуроатлантикалық қауіпсіздікке, Украинаның тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумағының тұтастығына қауіп төндіретін ешқандай келісім болмауы керек", – деп жазылған мәлімдемеде.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ Ресеймен және Украинамен Қара теңізде тыныштық орнату туралы келісім жасастыОған қоса министрлер Ресейді атысты тоқтату туралы келіссөзді "сөзбұйдаға салу тактикасын" тоқтатуға шақырып, Украинаның атысты ешқандай алғышартсыз толық тоқтатуға келіскені оның "бейбітшілік орнатуға бейілі берік екенін байқатқанын" айтқан.
"Алайда, Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы тоқтаған жоқ. Ресей қазір жаңа шарттар қойып, украин қалалары мен инфрақұрылымына шабуылдарды бастырмалатып, құрбандар санын көбейткеннің орнына өз соғысын аяқтауға шын ниеті барын нақты көрсетуі керек", – деп айтылған мәлімдемеде.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі билікте болған кезде санкцияларды жеңілдетуге мүмкіндік бар-жоғын тексеріп жатыр деп хабарлаған. Кремльдің стратегиясының бір бөлігі – Қара теңізде атысты тоқтату туралы келіссөздер аясында Россельхозбанкті SWIFT жүйесіне қосу талабы болатын. Bloomberg дереккөздерінің мәліметі бойынша, Россельхозбанкке қатысты талап Трамптың Еуропаға ықпалын байқап көру мақсатында қойылған. Агенттік дереккөздері, егер бұл мәселеде жетістікке қол жетсе, оның аяғы санкция режимінің біртіндеп жұмсаруына септесуі де мүмкін дейді.