Мақтау мен даттау арасындағы Саакашвили

Михаил Саакашвили Грузия президенті ретінде инаугурациясын өткізіп тұр. Тбилиси, 25 қаңтар 2004 жыл.

Грузияда 27 қазанда жаңа президент сайланған соң билік басында 10 жылдай отырған Михаил Саакашвили қызметінен кетеді. Елде "тура мінезді президент" туралы әрқилы пікір қалыптасқан.
Саяси жетекшілер арасында Михаил Саакашвили сияқты президенттіктен үлкен даумен кетіп бара жатқан адамдар сирек.

Біреулер оны Грузиядағы жемқорлықты жойып, елді халықаралық деңгейге көтерген "Раушан гүлі төңкерісінің" қаһарманы деп санайды. Енді біреулер оны диссиденттер мен саяси бәсекелестерін қудалап, шағын ғана Грузияны Ресеймен соғысуға арандатқан авторитарлық басшы деп біледі.

Саакашвили екі мерзім қатарынан атқарған президенттік қызметінен кетуге дайындалып жатыр. Грузия қоғамы ол биліктен кеткен соң да екіге жарылған күйі қалмақ.

СААКАШВИЛИ БИЛІГІНІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ

Елдің көбі Михаил Саакашвили "жемқорлықты жоюшы және Грузияны Батыс елдерінің даму деңгейіне жеткізуді мақсат тұтқан реформатор" ретінде есте қалды дейді.

Саакашвили орнатқан демократиялық жетістіктер қоғамда берік орныққан жоқ. Ол басқарған 10 жылда Грузияда маңызды оқиғалар болды.

Вашингтондағы "Карнеги" орталығының Оңтүстік Кавказ бойынша саяси сарапшысы Томас де Ваалдың пікірінше, «Грузиядағы барлық проблема – елді модернизациялау реформасының жоғарыдан төмен қарай жасалғанында».

– Ол қоғаммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаған жоқ. Жаңа басшы «Біз батыстық стандарттарға бейімделген, ғылым-білім саласы дамыған және модерниазцияланған режимді қоғамға күштеп ендіреміз. Осы мақсатқа жету жолында барлық, тіпті шектен шыққан әдіс-тәсілдерді қолдана береміз» деп ойлаған, – дейді Томас де Ваал.

2003 жылы сәуір айында Михаил Саакашавили Грузияда әділетсіз парламент

Грузия президенті Эдуард Шеварнадзе (оң жақ шетте) оппозиция өкілі Михаил Саакашвилимен (сол жақ шетте) және Зураб Жвания (сол жақтан екінші), парламент мүшесі Нино Бурджанадземен (солдан үшінші) кездесіп тұр. Тбилиси, 9 қараша 2003 жыл.

сайлауынан соң халықты президент Эдуард Шевернадзенің режиміне қарсы көтерген. Саакашвили СССР-дің сарқыншағынан құтылып, елді Батыс бағытымен дамыту жайлы берген уәделері грузин халқына әсер етті.

Тоқыраудан ығыр болған грузин жұрты Саакашвилиге дауыс берді. 2004 жылдың қаңтар айында өткен президент сайлауында ол 96 пайыз дауыс жинап, айқын басымдықпен жеңді. Сол кезде оған қолдау көрсеткендердің көбі кейін қатты өкінгендерін айтты. Өкінгендердің арасында оның жақын саяси одақтастары да, бір кездері Саакашвилиді осы аймақтағы «демократияның шамшырағы» деп сипаттаған Батыстағы көптеген жақтастары да бар.

Бірақ Саакашвилидің Грузияны жаңарту жолында қолданған жойқын әдістері біржақты нәтиже бермеді.

Шеварнадзенің кезінде тамыр жайған жемқорлық пен қағазбастылықты жоюдағы жетістіктері – оның ең бір мақтанарлық ісінің бірі болды.

Саакашвили талай саясаткерлерді, мемлекеттік қызметкерлерді жұмыстан аяусыз қуды. Ол полицияны «жең ұшынан жалғасқан қылмыскерлер» деп айыптады. Пара алуды тоқтату үшін шенеуніктердің жалақысын бұрынғыдан көп өсірді.

– Шеварнадзенің кезінде шенеуніктердің жалақысы өте аз еді. Мемлекеттік қызметкерлер мен полиция қызметін пайдаланып, ақша табудың заңсыз

Президент Михаил Саакашвили жетімдер үйінде.Тбилиси, 23 қаңтар 2006 жыл.

жолдарын қарастыратын. Саакашвили реформасының арқасында шенеуніктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері тек жалақымен өмір сүре алатын болды, – дейді грузин сарапшысы Гия Нодия.

Gallup сауалнама орталығының осы айда жариялаған зерттеуінше, 2012 жылы грузиндердің 25 пайызы «үкіметте жемқорлық жайлаған» деген пікір айтқан. 2007 жылы бұл көрсеткіш 52 пайыз болған.

Зерттеу нәтижесі Грузияның жемқорлықты жеңу дейгеуі бойынша Норвегиямен қатар тұрғанын, көптеген Батыс елдерінен озып кеткенін көрсетті. Саакашвилиді қоғамдық қызмет көрсету саласының сапасын айтарлықтай арттырғаны үшін, елдің күйреген инфрақұрылымдарын оңалтқаны үшін де мақтайды.

– Мемлекеттік институттарды қалыптастыруда және халыққа қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін өміршең мемлекет құруда ілгерілеу болды. Бюрократия орныққан саланы да ұсақ жемқорлықтан тазартып, инфрақұрылым мен жолдар салды. Одан бөлек министрліктерде кәсіби деңгейде қызмет көрсететін мамандар қалыптасты, – дейді сарапшы де Ваал.

Саакашвилидің үкіметі тұралап қалған салық жүйесін қолға алып, кәсіпкерлікпен айналысуға келтіретін кедіргілерді азайтты. Шетелдік инвесторларды шақырып, Грузияның экономикасын оңалтты.

Саакашвилидің кезінде елдің жалпы ішкі өнімі адам басына шаққанда екі есеге артты. Дүниежүзілік банктің дерегінше, қазір Грузия – әлемдегі кәсіппен айналысуға ыңғайлы тоғыз елдің қатарында.

СААКАШВИЛИ БИЛІГІНІҢ КЕМШІЛІКТЕРІ

Осындай дамуларға қарамастан, Грузияда кедейшілік деңгейі төмендеген жоқ. Қазірдің өзінде Грузияда халқының төрттен бірі кедейшілікте өмір сүреді. Грузияның негізгі проблемасының бірі – елдегі 15 пайыз жұмыссыз жұрт. Саакашвилиді сынайтындар «Президенттің өзінен бастап, барлық басшылардың

Грузия президенті Михаил Саакашвили (сол жақта) мен премьер-министрі Зураб Жвания (оң жақта, 2005 жылы қаза тапқан). Тбилиси, 26 мамыр 2004 жыл.

байлығын ашық көрсететін жариялылық жетіспеді. Президент жемқорлықпен күресетін полицияға тым көп еркіндік берді. Соның кесірінен күдіктілерді тексергенде қатал тәсілдер қолданылатын болды» дейді.

Білім саласында да Саакашвилидің реформасы айтарлықтай мол жетістікке жеткен жоқ.

– Университеттерді жемқорлықтан арылтауда біраз маңызды істер атқарылды. Әсіресе университетке оқуға түскенде жемқорлық қатты көрінетін. Сонда да білім беру саласында көңіл толмайтын тұстар көп. Университеттегі білім сапасы өскенімен, бастауыш және орта мектептердің білім сапасы дамымады. Бұл саланы дамытуға ресурстар да аз, – дейді 2008 жылы Грузияның білім және ғылым министрі болған Гия Нодия.

Саакашвили үкіметі жала жапқандарды жазалайтын және сөз бостандығына кепілдік беретін заңдар қабылдаса да, кейбіреулер оны «ақпарат құралдарын тұншықтырды» деп айыптайды.

Саакашвилиге қатысты айтылатын ең көп сын – елдің реформа жасалмай, мешеу қалпында қалып қойған сот жүйесіне қатысты. Сотта қаралатын істің көбінде екі жақ келісіп, қылмыскер жеңіл жазамен құтылады, ақтау үкімі шығатын кез аз.
Әсіресе кісі қолынан қаза тапқан банкир Сандро Гиргвлиянидің ісі Саакашвилидің мықты әрі тәуелсіз сот жүйесін құрғанына күмән туғызды.

Соңғы 10 жылда түрмеге қамалғандар саны күрт өсті. Қарсыластары президентті «Саакашвили саяси бәсекелестерін түрмеге жабуда соттың қызметін пайдаланды» деп айыптайды. Әсіресе кісі қолынан қаза тапқан банкир Сандро Гиргвлиянидің ісі Саакашвилидің мықты әрі тәуелсіз сот жүйесін құрғанына күмән туғызды.

2006 жылдың қаңтарында Грузияның ішкі істер министрі Вано Мерабишвили ресторанда достарымен және әріптестерімен бірге туған күнін тойлап отырып, Гиргвлиянимен сөзге келіп қалған. Содан кейін банкирді біреулер пышақтап, денесін Тбилисидің сыртында тастап кеткен.

Осы оқиғаға орай төрт полицей сотталған. Бірақ Саакашвилидің қарсыластары «үкімет осы қылмысты барынша бүркемелеп, жауып тастауға тырысты» дейді.

Саакашвили сол жолы Мерабишвилиді барынша қорғап баққан. Қазір прокурорлар Мерабишвилиді төрт полицейге «осы қылмысты мойындарына алғаны үшін, әрқайсысына 100 мың доллардан ақша төлеп, кейін оларды рахымшылықпен босатып алуға келісті» деп айыптап жатыр.

Президенттік қызметі бітуге тақағанда Гиргвлиянидің ісі Саакашвилидің біраз жақтастарынан айырылуына әсер етті.

Саакашвили 2007 жылдың қарашасында үкіметке қарсы шеруді басып, көпшіліктің және ақпарат құралдарының жиналуына тыйым салатын төтенше

Саакашвили Оңтүстік Осетияға талас кезенде Гори қалашығына келді. 11 тамыз 2008 жыл.

жағдай жариялады. Оны осы әрекеті үшін халықаралық ұйымдар да айыптаған.

Грузия 2008 жылы Ресеймен Оңтүстік Осетияға таласып, соғыста жеңілді.

Соңғы жылдары түрмедегі күзетшілердің сотталушыларды қинап, оларды әртүрлі тәсілмен зорлағанын түсіріп алған видеолардың жарыққа шығып кетуі, «Саакашвили Раушан гүлі төңкерісінің идеалдарын сатып кетті» дейтін адамдардың қатарын көбейтті.

Сарапшы Томас де Ваалдың пікірінше, Саакашвилиге қатысты жайсыз деректер көп.

– Қылмыстық істер кодекстерінің және заң саласының шамадан тыс жазалағыш жүйеге айналуының кесірінен Грузия түрмедегі адамдар саны жағынан Еуропаны басып озып, тіпті Ресейдің өзін артқа тастады. Грузияның түрмелерінде адам қинау қалыпты іске айналған. Сотта ақталып шыққан істер некен-саяқ. Жаппай бақылау, телефон тыңдау, мемлекеттік жобаларға мәжбүрлеп қаржы салдыру үшін кәсіпкерлерді қорқыту сияқты істер кең тараған, – дейді ол.

2012 жылы қазан айында өткен парламент сайлауында Бидзина Иванишвилидің «Грузия арманы» деп аталатын коалициясы жеңіске жетіп, Саакашвилидің саяси карьерасына тоқтау салды. Қызметінен кетіп бара жатқан президент әлі де Грузия үшін пайдалы біршама істерді атқарып қалғысы келетінін айтады.

Саакашвили өзінің қателіктері жасағанын да мойындайды. Ол өткен айда БҰҰ-дағы соңғы қоштасу сөзінде:

– Іштен және сырттан төнген қауіптерге қарамастан, жаңашыл реформаларымызды жүзеге асыру барысында қателескен кезіміз болды. Кей кездері артық кеттік, кей кездері жеткілікті әрекет жасамадық. Осы кемшіліктерге өзімнің толық жауапты екенімді мойындаймын, – деді.

Кейбір реформалары расымен де зорлықпен жүзеге асқанын айтқан Михаил Саакашвили «осы радикалдық әдістерді қолдану барысында біреулерге қиянат жасағам болсам, олар мені кешірсін» деді.

Азаттық тілшісі Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Сағынай Кәрім.