"АРНАЙЫ КОНТИНГЕНТТІ ҰМЫТЫП КЕТІПТІ"
Депортацияланған 500 неміс, фин және латышты Красноярк өлкесі Таймыр түбегіндегі Агапитов деген тұраққа 1941 жылы қақаған аязда кемеден түсіріп кеткен. Көпке дейін олардың бәрі өлгенге саналып келген болатын. Агапитов қонысы - Таймыр түбегінің қиян түкпіріндегі ең соңғы тұрақ. Маңайында жәрдем сұрап баратын елдімекен болмаған.
"Мемориал" қоғамының Красноярск өлкелік филиалының төрағасы Алексей Бабий көпке дейін 1941 жылы Агапитов тұрағына депортацияланған адамдардың ешқайсысы тірі қалған жоқ деп ойлап келген.
- Бірақ бір күні маған Полина Бауэр деген әйел келді, - дейді Алексей Бабий. - Ол 1941 жылы Еділ бойынан бүкіл отбасымен депортацияланған әкесі туралы ақпарат іздеп жүр екен. Красноярскідегі бекетте оны әйел, бала-шағасынан бөліп алып, кемеге отырғызбай, ағаш құлатуға жіберіпті. Ол кезде Полина небәрі үш жаста екен, әкесін сол күйі көрмеген. "Анаңыз екеуіңізді нақты қай жаққа жіберіп еді?" деп сұрағанымда, ол "Агапитовке" деді. Мен: "Мүмкін емес! Ол жақта ешкім тірі қалған жоқ қой" дедім.
Полина Бауэрдің сөзінше, Агапитовке жер аударылғандардан санаулы адам ғана тірі қалған.
- 500 адамнан ары кетсе 70 адам тірі қалған шығар. Сол тірі қалғандардың ішінде күйеуім екеуміз де бармыз. Ол кезде оның жасы жетіде болған. Ол жақта бір-бірімізді білмедік, әрине. Екеуіміз тірі қалғандарды көшіріп апарған Игарка қаласында кейінірек кездесіп, үйлендік. Тағдыр бізді айналдырып әкеліп осылай басымызды қосты, - дейді ол.
Полина Бауэрдің айтқандарына сену қиын болды. Красноярлық "Мемориал" қоғамы мұрағаттарында 1941 жылы анасы мен бауыры үшеуі Дудин ауданы Усть-Хантайка кентіне депортацияланған латыш Рута Янковичтің күнделігі сақталған. Ол күнделігіне: "Игаркадан оралған үш фин "Енисейдің оң жағалауындағы Агапитов тұрағынан тігілген шатырларды көрдік. Әлгі жерде адамдар қадаларға, төсенішке жабысып қатып қалыпты, көбі - әйелдер мен балалар, қарттар аздау екен. Палаткаларда пеш те, отын да жоқ, айнала толы өлген адам" деп өзі куә болған сұмдық жайттарды жазған.
Агапитовке апарып тастаған арнайы контингентті билік мүлде "ұмытып кеткен".
Бірақ финдер әлгі өліктердің арасынан "тірі қаңқа" тауып алған. Ол адам дәл мұз қатар алдында Енисей арқылы пароходпен Агапитовке жеткізілген 500-дей кісінің көбі Еділ мен Балтық жағалауы немістері екенін айтып берген. Оларға палатка ғана берген. Рута Янкович күнделігінде жазған финдер "Көргенімізді Игаркаға барып, НКВД-ның арнайы комендатурасына хабарладық. Олардың сөзінен ұққанымыз, Агапитовке апарып тастаған арнайы контингентті билік мүлде "ұмытып кеткен". Төрт айдан кейін кері қайтып келе жатып Агапитовтен тірі жанды жолықтырмадық" деп еске алған.
Бұрын Еділ бойында тұрған этникалық немістер Александр мен Полина Бауэрлер әлгі шатыр-қалашықта ғажайыптың құдіретімен тірі қалған.
"ӨЗДЕРІҢМЕН БІРГЕ ЕШ ЗАТ АЛМАҢДАР"
Александр Бауэр 1941 жылы Еділ бойынан оның отбасын – он адамды үйінен қалай қуып шығарғанын, арбаға салып станцияға апарғанын еске алады.
- Бізге "ештеңе алмаңдар, ол жақта бәрін береді, ұзаққа кеткелі жатқан жоқсыңдар, соғыс біткенше ғана боласыңдар" деп айтқан соң үйден жеңіл-желпі киіммен шыға салдық. Станцияда бізді мал таситын жүк вагонына тиеді. Поез оңтүстікке бағыт түзеп, Алматы, Красноярск арқылы жүрді. Біз жеткенше суық түсіп кетті де, өзенде су қатып, кеме жүрмей қалды, сондықтан жұртты ауылдарға бөліп орналастырды. Келесі жылдың жазында бәрімізді өзен вокзалына жинап, "Иосиф Сталин" теплоходына тиеді, - дейді Александр.
Оның сөзінше, билік қайда апара жатқандары туралы елге хабарламаған. Жұртқа теплоходтың солтүстікке қарай кетіп бара жатқаны ғана мәлім болған. Кеме адамға лық толық болғаны жеті жасар баланың есінде жақсы сақталып қалған. Бауэрдің отбасы төмендегі басқыштың жанында жатқан. Кеме жол-жөнекей анда-санда аялдап, адамдарды түсіріп отырған.
Ер адамдар жанталасып жеркепе қазуға кірісті, бірақ тоң болып қатып қалған жерге жарты метрден ары күрек батпады.
- Шамамен бір жарым аптадан кейін, қыркүйектің 15-і күні біздің кезегіміз келді. Сол күні ауа райы тымық, күн ашық болды. Бәріміз жағаға түстік, сосын жан-жағымызға қарап абдырап қалдық. Айналада тірі жан жоқ. Тек Агапитов деген балықшы тұратын үйшік пен құрал-жабдықтар сақтайтын қойма ғана тұр екен. Қонысты сол кісінің тегі бойынша Агапитов деп атап кетіпті, - деп еске алады Александр Бауэр. - Жүздеген адамды кемеден түсіріп, оларға бар-жоғы бірнеше қап жарма мен ұн тастап кетті. Не жылы киім, не өзге азық-түлік, не ыдыс-аяқ болған жоқ. Ертесінде су көтеріліп, қаптар су болып қалды. Ер адамдар жанталасып жеркепе қазуға кірісті, бірақ тоң болып қатып қалған жерге жарты метрден ары күрек батпады, сондықтан тоңды от жағып жібітті. Әупірімдеп жүріп тереңдігін бес метрдей, ұзындығын 100 метрдей етіп ұзын ор қазды. Алғашқы үйіміз сол болды. Ішіне үлкен бөшкелер қойып, мұржасын сыртқа шығарып қойды, жылыну үшін от жақты. Электр жарығы болған жоқ, шырпы шаммен амалдадық.
- Азық-түлік қалдырмаса, қоректеріңіз не болды?
- Қатып қалған ұннан ботқа көже қайнататынбыз. Өсімдік тамырларын, жидек тердік. Бірақ көп ұзамай адамдар өле бастады – әуелі цингадан, сосын кәдімгі аштықтан қырылды. 1945 жылға қарай отбасымызда жандардан анам екеуміз ғана тірі қалдық. Үш туыс апайым сәбізге ұқсайтын улы тамырды жеп өлді. Үшеуі көл жағасына барып, әлгі тамырды қазып алып, тойғанша жеген ғой, сол жақта олар өліп жатқан жерінен табылған. Қалғандары біртіндеп өлді, адамдар аштықтан ісініп кетті. Нағашы ағамның қалай өлгені әлі есімде. Ол әжемді: "Мама, бері келіңізші" деп шақырды. Әжем оған: "Қазір, балам" деген болатын. Сосын жанына барса, қимылсыз жатыр екен. Әлгі "қазір" деген сөз әлі күнге дейін ойымда тұрады. Кейін шешем: "Ешқашан "қазір" деуші болмаңдар. Біреу шақырса, бірден барыңдар" деп үнемі айтып отыратын болды. Сондықтан үйдің ішінде біреу шақырса, бәрін тастап, бірден барамын. Өлгендерді жерлемейтін, жеркепеден шығарып, кішкентай шұңқыр қазып ішіне бір қабат өлік, бір қабат бұтақ, тағы бір қабат етіп тастай беретін... Кейін құну немес ақ түлкі тәрізді аңдар келіп мүрделердің дал-дұлын шығарып, сүйреп әкететін.
- Сонда қалай тірі қалғансыздар?
Көктемге салым бозшымшық көбейді. Ол бізге таптырмас қорек болды, еті шылқыған май. Шешем екеумізді сонымен амалдап асырадым.
- Мені жергілікті аңшы Агапитов құтқарып қалды. Әлгі жерде тұрғанымызға екінші жылға айналған кезде ол маған сол жақта өріп жүретін қоян, шілді аулап ұстауды үйретті. Ал көктемге салым бозшымшық көбейді. Ол бізге таптырмас қорек болды, еті шылқыған май. Шешем екеумізді сонымен амалдап асырадым. Кейінірек шыршаның бұтақтарынан бұлау жасауды үйрендік, цингадан соның арқасында аман қалдық.
- Агапитовте қанша жыл тұрдыңыздар? Ақталғанға дейін ол жақта қалай тіршілік еттіңіздер?
- Агапитовте үшінші жыл тұрып жатқанда мектеп ұйымдастырып, бізге мұғалима жіберді. Өзі жап-жас орыс қызы екен, ал біздің ұлтымыз - неміс, латыш, эстон ғой, орысша мүлде түсінбейміз. Ол бәрімізді бірінші рет жинап алып, тақтаға әріптерді жазып, бірдеңені түсіндіре бастады. Ал біз үнсіз отырмыз. Біздің ештеңе ұқпағанымызды аңғарып, ал кеп жыласын. Оған қосылып біз еңіредік. Сабақ жайына қалды. Екінші күні ол тақтаға а, о, у деген әріптерді жазып, әндетіп айта бастады. Біз іліп әкеттік. Осылай төртінші сыныпқа дейін оқытты. Сосын 1948 жылы мені Игаркадағы интернатқа жіберді. Ал анам Агапитовта 1956 жылы бізді ақтағанға дейін тұрды.
Игаркада біз оқыған ғимараттың артында комендатура болды, айына бір рет сол жерге барып белгіленетінбіз. Әр барған сайын бізге: "Немене, фашистер, келдіңдер ме?" деп тиісетін. Тәрбиешілеріміз: "Балалар, сәл шыдаңдар. Жуырда бәрі өзгереді" деп жұбататын.
Бірақ ақталғаннан кейін де бізге күн көрсетпеді. Әскерге баруға ынта танытып, 18 жасымда әскери комиссариатқа бардым. Ол кезде жұмыс істеп жүргенмін, жұмыста сыйлайтын. Маған "Алмаймыз, сен - халық жауысың" деді.
Кейінірек әскери комиссариатқа қайта шақырып, "енді халық жауы емессің, Отан алдындағы борышыңды өтейтін кез келді" деп хабарлады. Мазақ қылғандай тағы солтүстікке - Чукоткаға жіберді.
"БАҚЫРАШЫМЫЗҒА ТҮКІРІП КЕТЕТІН"
Полина Бауэр сол кездегі қасіретті оқиғаларды көбінесе туыстарының естеліктерінен біледі, өйткені жер аударылған кезде ол небәрі үш жаста болған.
- Біз Красноармейскіде (бұрын ол Бальцер деп немісше аталған) тұрдық. 1941 жылы отбасымызды – әке-шешем, ата-әжем, ағайым, мен және бір жасар сіңлімді поезға отырғызып, Сібірге әкетті. Анам үшінші балаға аяғы ауыр болатын. Бізге де ұзаққа кетпейсіңдер деп айтты. Жаз кезі болғандықтан, үстіміздегі жеңіл-желпі киіммен кете салдық. Анам тіпті еденді жуып, гүлдерге су бүркіп, үйдің ішін мұнтаздай етіп тазалап кеткені есімде. Жүк поезымен ұзақ жүргеніміз, бәріміздің еденде ұйықтағанымыз есімде қалыпты. Жөнді тамақ болмады, поез тоқтаған кезде әкем жүгіріп барып бірдеңе тауып әкеледі. Алматыда поездан түсіп, бізге иісі бұрқыраған қып-қызыл алма әкеліп бергені есімде. Станцияларда вагондардың есіктерін ашып қояды, сол кезде балалар шымшық торғайлар сияқты аяғымызды салбыратып отыра қаламыз.
- Сібірдегі өмір жайлы есіңізде не қалды?
- Красноярск өлкесінде бізді Хайдак деген ауылға орналастырды - ол жақта эстондар тұрған. Әкемді ағаш дайындауға жіберді. Ағатайым мен атам туберкулездің ашық түрімен ауыратын, сондықтан оларды алмады. Хайдакта қыс бойы тұрдық. Біз эстондардың, олар біздің тілді білмейді, әйтеуір шамамыз келгенше ұғысамыз. Ол кісілер бізге жақсы қарады. Сиыр сауып бола салып, маған: "Туду руто пимо стако" деп айғай салады. Мен түсінетінмін де, сүт құйдырып алу үшін жүгіріп баратынмын. 25 сәуірде анам өзі нәзік болса да өте ірі, салмағы 6 келі болатын ұл баланы дүниеге әкелді.
Сосын Енисей өзенімен жүретін кемемен анамды кішкентай үш баламен Агапитовке жіберді. Үш жыл бойы жеркепедегі нардың үстінде әрі жердің үстіне бір рет те шықпай отырдық. Қақаған аяз, киетін киім жоқ. Жеркепенің терезесі аядай болатын, соған үңіліп аспанға қараймыз. Босанғаннан кейін әлсіреген анам күн сайын ағаш кесуге кетеді, бізбен әжем қалады. Інім бірден шетінеп кетті, анамнан сүт шықпай қойды. Біраздан кейін үстіме шиқан қаптап кетті, орны сол күйі кетпей қалды - әлі бар. Балалардың үсті-басын бит басты, біз тіпті жуыну дегеннің не екенін білмедік.
- Сіңліңіз екеуіңіз қалай тірі қалдыңыздар?
- Екі жылдан кейін бізді Агапитовтен жөні түзулеу үйлері бар Носовая деген қонысқа көшірді. Біз моншада тұрдық. Аптасына бір рет, яғни қожайындары моншаға түсетін сенбі күні далаға шығып кетеміз де, сосын сыз бөлмеге ораламыз. Бірақ ол жақта жағдайымыз жақсарып қалды, жұртта картоп болды. Анам үйлерді аралап, картоптың қабығын жинап әкеліп, пешке қақтап беретін. Сондай дәмді болатын. Ал сосын сәті келді. Атам тері илеудің шебері болатын. Сондықтан үшінші жылға айналғанда отбасымызды Игаркаға көшіріп алды. Ол жаққа мал әкелетін. Анам, сіңлім, атам төртеуміз соның арқасында ғана тірі қалдық.
- Сіздерге жергілікті тұрғындар қалай қарады?
- Жергілікті тұрғындар бізді жақтырмай, «фашистер» дейтін. Әжем далада от жағып, бақырашқа тюря (сылдыр көже) пісіретін. Ал өзге ыдыс болмағандықтан, бізге консервінің қалбырына құйып беретін, әлгі қалбыр ысып кетеді, бірден ұстай алмайсың. Ал орыстың балалары жүгіріп келіп қалбырға түкіріп кететін. Төгіп тастамайсың ғой, әлгіні амал жоқ ішетінбіз. Игаркаға көшіп барғаннан кейін шиқанның кесірінен тағы бір жыл мектепке бара алмадым, жараның аузы қанап, киім теріге жабысып қалатын. Ал шиқаннан жазылып мектепке барған кезде жетіскен жоқпын.
Артымда отыратын бала бүкіл сабақ бойы қаламұшымен арқамды піскілейтін, ал мен шағым айтуға қорқамын. Бізді жергілікті тұрғындар адам ғұрлы көрмейтін. Сабақты жақсы оқыдым, бәрі жан-жақтан: "Әй, фашист қыз, көшіріп алайыншы" деп айқайлайтын. Сәл есейген шағымда орыс жігітіне өлсем де тұрмысқа шықпаймын деп ойлайтынмын. Өйткені әбден зәрезап болған неміс қыздарының көбі тегін ауыстыру үшін орыс жігітіне күйеуге тиген. Ал менің мінезім сондай - өмір бойы осылай қорланған, кемсінген күйі өтетін шығармын деп ойлайтынмын.
- Болашақ күйеуіңізбен қалай таныстыңыздар?
- Екеуміз кездейсоқ таныстық. 1964 жылы таныстарымыздың үйлену тойында кездесіп қалдық. Ол көрген бетте мені «болашақ әйелім» деді. Мен әлгі сөзге, әрине, бұлқан-талқан болдым, бірақ сөйлесіп кеттік. Екеуміздің өткен өміріміз ұқсас екенін солай білдік. Сосын бір-бірімізсіз тұра алмайтын болдық.
- Ақталғаннан кейін ел-жұртқа оралу жағын ойлаған жоқсыздар ма?
Ресейде тудым, қаншама жыл осында тұрдым, тарихи Отаным осы жер ғой. Бұл жақта біз әлі күнге дейін "фашистпіз", бірақ ол жаққа барсақ та жат болар едік.
- Қыздарымыз дүниеге келген кезде туған үйімізге барғымыз келіп, тіпті құжаттарымызды өткізгенбіз. Бірақ бізге рұқсат етпей қойды, ақталғанымызға қарамастан тарихи Отанымызға оралуға болмайтын. Өз үйіңнен басқа кез-келген аймаққа баруыңа болады. Кейінірек шекара ашылған кезде біздің адамдардың көбі Германияға кете бастады. Біз де кетсек пе екен деп ойландық, бірақ Ресейде тудым, қаншама жыл осында тұрдым, тарихи Отаным осы жер ғой. Бұл жақта біз әлі күнге дейін "фашистпіз", бірақ ол жаққа барсақ та жат болар едік. Сондықтан қалуды жөн көрдік.
- Ақталғаннан кейін мемлекеттен мардымсыз болса да әлдебір өтемақы алдыңыздар ма?
- 1970 жылдары туыс ағам осы мәселемен көп жүгірген, сондықтан ол кісіге 10 мың рубль берген, өйткені үйіміз соның атына жазылған. Ол әлгі ақшаны отбасымыздың тірі қалған мүшелеріне бөліп берді. Бірақ онысы тиын-тебен болатын.
Ақталғаннан кейін Полина Эмануиловна өмір бойы Игаркадағы орман комбинатында бухгалтер болып жұмыс істеген, ал Александр Яковлевич сол жерде әуелі слесарь, токарь, цех бастығы, кейінірек Игаркадағы электр станциясының директоры болған. 1995 жылы екеуі де зейнет демалысына шығып, дәл сол күні Красноярскіде тұратын қыздарына ұшып кеткен әрі сол жақта мүлде қалған. Қазір Полина Бауэр 79 жаста, Александр Бауэрдің жасы – 83-те. Екеуі Красноярскіде екі бөлмелі пәтерде тұрады, саябағында көкөніс өсіреді. Екі қызы және төрт жиені бар.
- Сіздер өмір бойы Сібірде тұрдыңыздар ғой, сондықтан бұл жаққа сіңісіп, өз адамына айналып кеткен шығарсыздар?
- Жоқ, айнала алмадық. Ол кездегі бізге деген ұлттық өшпенділік қазір де бар. Жуырда ғана саябақтағы көрші әйелмен дауласып қалып едік, ол маған: "Ұнамаса Германияларыңа қайқайыңдар" деді. Мына жақта - Сібірде көпке дейін түсіме туған үйім кіріп жүрді. Ол жаққа оралғым келген жоқ, бірақ үнемі түсімде көретінмін. Сондықтан 1974 жылы күйеуім екеуміз ел жаққа барып қайтуды ұйғардық. Мекенжайы - Фабричная көшесіндегі №35 үй екенін жатқа білетінмін. Жұрттан сұрап жүріп тауып алдық, үйді көрдік, өзімді ол жерден құдды кеше ғана шыққандай сезіндім. Ауладағы ұзын етіп салынған жазғы ас бөлме, бөлменің ортасында атам салған пеш бәрі сол қалпы тұр екен. Күйеуім естелік болсын деп мені үйдің аясында фотоға түсіріп алды, ол жақтан сол күні кетіп қалдық. Содан бері түсіме кірмейтін болды.
Негізі, біз мұнда – Сібірде әлі күнге дейін жат адамдармыз. Көзіміз жұмылып, жер қойнына кеткенше осылай болып қалатын шығр. Бәлкім, балаларымызға оңайлау болатын шығар, олар орыс тегіне баяғыда жазылып алды ғой.
("Сибирь.Реалии" сайтының тілшісі Светлана Хустиктің мақаласы орысшадан аударылды.)