Гренландияда Трамптың аралды сатып алу туралы идеясына қарсы акция өтті

GREENLAND-PROTEST/

Гренландия астанасы Нуукта шамамен 800 адам АҚШ президенті Дональд Трамптың аралды аннексиялау туралы идеясына қарсылық білдіріп, митинг өткізді.

Жергілікті саяси жетекшілер де қатысқан наразылық акциясы АҚШ консулдығы ғимаратының алдында аяқталды. Шараға қатысушылар Гренландияның ұлттық әнұранын орындап, елдің кішкентай туын қарға қадады.

Митингіге Гренландияның қазіргі премьер-министрі Муте Эгеде мен аралдың парламенттік сайлауында көпшіліктің қолдауына ие болған "Демократтар" партиясының жетекшісі Йенс-Фредерик Нильсен қатысты.

Медиа мен әлеуметтік желілерде тараған суреттерде "Make America Go Away" ("АҚШ-ты кетіруге мәжбүр етеміз") деген ұран жазылған плакаттар көрінеді. Бұл Трамптың "Make America Great Again" ("АҚШ-ты қайтадан ұлы етеміз") деген ұранына сарказм ретінде жасалған. Оған қоса, акцияда "Біз сатылмаймыз" және "Жоқ деген сөз – жоқ! Бізге қауіп-қатер төндірме!" деген жазулар да болған.

Жексенбі күні Гренландияның Сисимиут қаласында да наразылық акциясы өтті.

  • Бұған дейін Дональд Трамп Гренландияны АҚШ аумағына қосу үшін оны сатып алуды немесе басқа тәсілдермен қосуға ниетті екенін мәлімдеген. 24 қаңтарда Трамп осы мәселе бойынша Дания премьер-министрі Метте Фредериксенға телефон шалып сөйлескен. Екеуінің әңгімесі "қатты" болды деген ақпараттар тараған. Ал Гренландия премьер-министрі Муте Эгеде Гренландия "сатылмайды" деп жауап қайырды.
  • Гренландия – Дания құрамындағы автономды аймақ. Ол өз іс-әрекеттерін басқаруға құқылы. Копенгаген сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселелерін анықтайды, ал қаржы мәселелері арал үкіметінің қатысуымен шешіледі.
  • Табиғи ресурстарға бай аралда шамамен 57 мың адам тұрады. Гренландияда АҚШ-тың үлкен әскери базасы орналасқан.