Грузияда оппозиция даулаған сайлаудан кейін парламенттің алғашқы отырысы өтті

25 қарашада Тбилисиде өткен айда сайланған парламенттің алғашқы отырысы өтті. Грузия президенті Саломе Зурабишвили сессияға қатысқан жоқ. Ол заң шығарушы органның қазіргі құрамын "конституциялық емес" және "заңсыз" деп санайды, Зурабишвили 26 қазандағы дауыс берудің ресми қорытындысы "толық бұрмаланған" деп біледі. Оппозициялық коалиция жетекшілері парламент отырысына бойкот жариялады, олар президент Зурабишвили бастаған "балама парламент" құрылады деп мәлімдеді.

Миллиардер Бидзина Иванишвили негізін қалаған, кейінгі 12 жылдан бері билікте отырған "Грузин арманы" партиясының 89 депутаты бірден дауысқа салып, барлық 150 депутаттың өкілетін мойындап, Шалва Папуашвилиді спикер етіп қайта сайлады. Парламент сайлауының ресми қорытындысына сәйкес, "Грузин арманы" шамамен 54 пайыз дауыс жинаған.

Қалған орындар оппозициялық "Өзгерістер үшін коалициясы" (19 мандат), "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" (16 мандат), "Қуатты Грузия" (14 мандат), "Гахария Грузия үшін" (12 мандат) арасында бөлінген. Алайда оппозиционерлер парламент отырыстарына қатыспаймыз, депутаттықтан да бас тартамыз деп мәлімдеді. Солардың бірі бұрынғы президент Михаил Саакашвилидің "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының өкілі Гогита Вашадзе депутат өкілеттігін тоқтатты.

"Қуатты Грузия" коалициясының негізін қалаушы Мамука Хазарадзенің ұсынысы бойынша, оппозиционерлер Хазарадзе "балама парламент" деп атайтын оппозицияның үйлестіру кеңесін құруды жоспарлап отыр.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили жаңадан сайланған парламенттің бірінші жалпы отырысын шақыру туралы жарлыққа қол қоймаған, Конституциялық сот 26 қазандағы сайлауды өткізілмеді деп тануды сұраған президенттің талабы бойынша әлі шешім қабылдаған жоқ.

25 қараша таңертең "Грузин арманы" партиясының 89 депутаты, оның негізін қалаушы, миллиардер Бидзина Иванишвили парламент ғимаратына күзетпен кірді. Мыңдаған оппозиция белсендісі ғимаратты толық жауып тастай алмаса да, оны үш жағынан қоршап, депутаттардың артынан "орыстар", "Путиннің құлдары" деп айқайлады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Грузиядағы сайлауды даулау: оппозиция талабының орындалу ықтималдығы қандай?

Батыс елдерінің көбі Грузия билігін сайлаудың аяқталғанымен және жаңа парламент жасақталғанымен құттықтауға әлі асықпай отыр.

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан мен Словакия премьер-министрі Роберт Фицодан бөлек, бірде-бір Батыс басшысы Иванишвилимен және оның "Грузин арманы" партиясымен жұмыс істеуге дайын екенін әлі растаған жоқ, дегенмен Грузия әлі де ресми түрде Еуроодаққа қосылуға үміткер ел саналады.

Премьер-министр Ираклий Кобахидзе АҚШ президенті болып қайта сайланған Дональд Трамптың инаугурациясы мен Украинада бейбітшілік орнағаннан кейін Грузия мен Батыс арасындағы қарым-қатынас қалыпқа келеді деп бірнеше рет айтқан. Парламент спикері Папуашвили алдағы желтоқсан айында арнайы алқа Грузияның жаңа президентін сайлайды деді. "Грузин арманы" бұл лауазымға кімді ұсынатыны әлі белгісіз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресей құйрығы": Грузия сайлауы жайлы деректер заңсыздықтарды қалай әшкерелеуі мүмкін?