Грузиядағы наразылық бесінші күн жалғасты

Оппозициялық партияларды жақтайтындар Еуроодақпен интеграция келіссөзін кейінге қалдыратынын мәлімдеген Грузия үкіметіне наразылық білдіріп, парламент үйінің алдында тұр. Тбилиси, 2 желтоқсан, 2024 жыл.

Тбилисиде Грузия үкіметінің Еуропа Одағымен интеграция келіссөзін ысыра тұру туралы шешіміне наразы адамдардың қарсылық акциясы бесінші күн жалғасты. Парламент маңындағы алаң мен Тбилисидің бас көшесі – Руставели даңғылына жұрт көп жиналды. Полиция оларға жас ағызатын газ бен су шашып, таратуға тырысқан. Алайда наразылар тарқамай тұр.

Грузия ішкі істер министрлігі митинг басталғалы бері парламент алдындағы наразылық кезінде заңсыз әрекеттер болды деп мәлімдеме жасады.

ІІМ инфрақұрылымға зиян келді, адамдар [митингіге] қауіпті заттар алып келіп жатыр деді. Министрлік акцияға шыққандарды заң аясында наразылық білдіруге үндеді, әйтпесе полиция күш қолданады деп ескертті.

Дүйсенбі, 2 желтоқсанда полиция мен арнайы жасақ орталық көшелерден наразыларды күштеп таратуды алдыңғы күндерге қарағанда ертерек бастады.

Азаттықтың Грузин қызметі көп адам ұсталды деп хабарлады. Түнге қарай полиция шеруде жүргендерді парламент алдындағы алаңнан ығыстырды. Адамдар Республика алаңына қарай ойысты. Демонстранттар арнайы жасаққа отшашу ұшырса, олар жауап ретінде газ шашты.

Полиция күштерімен текетірес барысында демонстранттар бір-біріне алғашқы көмек көрсетті. "Осторожно. Новости" басылымы акция болып жатқан жерге жақын кафелер шеруде жүрген адамдарға тегін кофе, сорпа және ыстық тамақ ұсынып жатыр деп жазды. Храмдар мен дүкендер арнайы күштер өкшелей қуған белсенділерді жасырған.

Грузияның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Леван Иоселиани ішкі істер министрлігін наразылыққа кедергі жасамауға шақырды. Ол митингіде зорлық-зомбылық жасаған адамдарға ғана күш қолдану керек деп айтты. Бірнеше күн бұрын Грузия президенті Саломе Зурабишвили де осындай үндеу жасаған.

Үкіметке наразылық Тбилисиде ғана емес, Батуми, Кобулети, Озургети мен Грузияның басқа да қалаларында өтіп жатыр. 2 желтоқсанда наразылық акциясына мектеп оқушылары мен студенттер, педагогтар да қосылды. Елдің білім министрі оларды оқуға оралуға шақырған еді.

Грузиядағы жаппай наразылық елдің премьер-министрі Ираклий Кобахидзе 28 қарашада Тбилиси 2028 жылдың аяғына дейін Еуроодаққа қосылу туралы келіссөзді тоқтата тұрған жөн деп санайды және Еуроодақ гранттарынан бас тартады деп хабарлағаннан кейін басталған. Премьер Грузия билігі өз мақсатына адал болып қала береді, Тбилиси 2030 жылға қарай Еуроодаққа қосылуға дайын болады деді.

Your browser doesn’t support HTML5

Грузиядағы наразылыққа не себеп? – AzatNEWS | 02.12.2024