Грузиядағы толқу: көшедегі наразылық полициямен қақтығысқа қалай ұласты

Азаттықтың Грузин редакциясының фототілшісі Тамуна Чкареули елдегі даулы парламент сайлауынан кейін басталған көшедегі наразылықтың ортасында жүріп жұмыс істегеннен кейін, 28 қарашада үйінде болған.

Журналист үйде тікелей эфирден Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің үкімет Еуропа Одағымен интеграция жайлы келіссөзді "2028 жылға дейін" ысыра тұруды ұйғарды деп мәлімдегенін естіген.

Ары қарай не болғанын Тамунаның өзі баяндайды.

Тбилисидің орталығындағы Грузия парламенті үйінің алдына үкіметке наразылық білдіріп жиналған адамдар. 28 қараша, 2024 жыл

Сайлауалды науқан кезіндегі наразылықтардан хабар дайындаумен жүріп, әбден шаршаппын. Шеру ешқайда кетпейтіндей көрінген. Бірақ үкімет Еуроодақпен интеграция жөніндегі келіссөзді тоқтата тұрмақшы дегенді естіген сәтте, жұрт тағы да көшеге шығатынын бірден ұқтым, заттарымды сайлап алып, мен де көшеге шықтым.

Парламент үйіне келгенімде сыртында бірнеше жүздеген адам жиналып қалғанын көрдім.

Әдетте Грузияда ірі наразылықтар кезінде музыка ойнап, жұрт көтеріңкі көңіл-күйде жүретін. Бірақ бұл жолы жағдай ширығып тұрды. Көпшілік алдына шығып сөйлеп жататын саяси лидерлерден де ешкім байқалмады; бұл жолы ашулы жұрт осы жерге өздері жиналған. Халық ешкімнен наразылық шеруіне шақыру күтпестен көшеге өздері шыққан.

Полиция демонстранттарға жас ағызатын газ бүркіп жатыр

Үстіне денесін қорғайтын арнайы киім киген полицейлер парламент ғимаратының екі жағына да шеп құрып тұр. Сол кезде мен осы жолғы наразылықтан әдеттен өзгеше бір жайтты байқадым – полицейлердің қылығы өте дөрекі еді. Наразылық танытушылар айғайлаған кезде, полиция қызметкерлері оларға айғаймен жауап қатып, жұртқа ортаңғы саусағын шошайтып, дөрекілік танытты. Лас сөздермен балағаттады. Бұған дейін фототілші ретінде қаншама наразылық акциясына қатысып жүрсем де, дәл мұндай жағдайды көрмеген едім.

Үлкен әрі жалпақ темірді алдына қалқан етіп ұстаған наразылар полиция арнайы жасағы жауып тұрған парламент үйіне қарай жылжыды

Түн ортасынан ауғаннан кейін наразылық қарқын ала бастады. Демонстранттар биік әрі жалпақ қоршаудың бір бөлігін бұзып, оны алдына қалқан етіп ұстап, полицияның арнайы жасағы алдын жауып тұрған парламент үйіне қарай беттеді. Полиция оларға су шашты.

Тбилисидегі Руставели даңғылына үкіметке наразылық білдіріп жиналған жұртқа полиция арнайы құралмен су шашып жатыр

Полицияның арнайы техникасы су шашар алдында ескерту белгісі бергендей күркіреген дыбыс шығарады. Арнайы көліктегі судың құрамында әлдебір зат бар-мыс деген сыбыс тарады. Су денеме тиген кезде терімді қатты күйдіргендей жайсыз әсер етті.

Көп ұзамай үсті-басым, аяқ киіміме дейін малмандай су болдым, терім тызылдап әкетіп барады. Мына кейпіммен бұл жерде ары қарай жұмыс істеуім мүмкін екенін түсініп, кеңсеге қайттым. Әріптестерім құрғақ аяқ киім тауып берді, едәуір үлкен екеніне қарамастан киіп алдым..

Руставели даңылында жарақат алған ер адамды полицейлер қоршап тұр. 29 қараша, 2024 жыл.

Әдетте полиция таңсәріде – наразылық шеруінде жұрт қарасы азайыңқырап, жұмыс істеуіне жеңіл болған кезде демонстранттарды жаппай ұстай бастайды. Таңғы сағат бесте театрға оралдым, полиция шеруде тұрғандарды алаңнан сол жерге тықсырып тастаған еді. Бірдеңе болатынын ішім сезіп тұрды.

Баррикаданың қасында от жағып тұрған наразылар

Таңертеңгі 6:30 шамасында наразылық шеруінен тарқамай, сол маңда қалған адам саны жүзге жетер-жетпес еді. Бір кезде полиция оларға тұтқиылдан келген селдей лап қойды. Олар адамдарды жерге сұлатып, бас-көз демей жұдырық жұмсап, қабырғасынан тепкілеп, еш аяусыз, қатыгездікпен төмпештеп, ұрып-соға бастады. Содан кейін оларды сүйреп алып кетті. Әйелдер ойбай салып айғайлап, төңірек азан-қазан болды.

Полицейлер жерге жығылып қалған демонстранттарды таптап өтіп жатыр. 29 қараша, 2024 жыл.

Мен айналадағыны фотоға, әріптестім Илья Ратиана видеоға түсіріп жүрдік. Полиция наразыларды өкшелей қуалап барады, Илья екеуіміз бір-бірімізден ажырмай бірге жүруге тырыстық. Полицейлер өзін журналистерде кеткен кегі бардай ұстады, дөрекілік танытып, айғайлап, камераның объективін жабуға тырысты. Сол түні фотограф Александр Кешелашвилиді ұстап, қатыгездікпен ұрып-соғып тастады. Полицейлердің осыншама өшпенділік танытуын өз басым бұған дейін көрген емеспін.

Қаланың орталығында, Ғылым академиясы маңында полицияның жас жігітті ұрып-соғып жатқанын фотоға түсіріп алдым. Әлгі жерге жүгіріп барған бірнеше жас демонстрант таяқ жеп жатқан адамға ара түспек болды. Олар айғайға басып, назарды өзіне бұрды, полиция тұра ұмтылып, әлгілердің соңынан қуа жөнелді.

Полицейлер наразылық акциясына қатысушыны ұстап, әкетіп барады. 29 қараша, 2024 жыл.

Тбилисиде күндіз-түні жұмыс істейтін дәріхана көп. Солардың біріне жас демонстранттар қашып кіріп, жасырынды. Полицейлер оларды қуа кірді. Іштен айғай-шу естілді. Арнайы жасақ әлгі жастарды сыртқа сүйреп алып шықпақшы болды, бірақ ол әрекетінен түк шықпады.

Құр қол қайтқанына ыза болған полицейлер ашудан түтігіп, әріптесім Давид Цагареллиге тарпа бас алды. Давид журналист екенін олар білді, өйткені ол кеудесіне арнайы жилет киіп жүрген. Бірақ полицейлер оның қасынан жүгіріп өтіп бара жатып ішінен аямай ұрып кетті. Жерге сұлап түскен Давидке көмектесіп, тұрғызып алдық. Ол баспалдақтың үстінде өз-өзіне келе алмай біраз отырды. Сол маңнан өтіп бара жатып, осы оқиғаны түсіріп алған адамдардан бірнеше фото мен видео сұрап алдық. Олар қолымызға тиген соң кеңсеге оралдық.

Бұл түн наразылық енді ғана басталғанын, алда әлі мазасыз көп күн барын аңғартты. Адамдардың көңілін қалдырып, көкейін кернеген ашудан шашыраған ұшқын наразылық отын лаулатты. Жұрттың бәрі куә болған полицияның қатыгездігі ол отқа май құя түсті.