Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты биыл мектеп бітірген түлек Медина Майсардың Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрлігінің үстінен түсірген арызын қанағаттандырмады. Бойжеткен министрліктің көктемгі су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі мектеп түлектеріне квота беру туралы бұйрығын заңсыз деп тануды сұраған. Бұл туралы "Власть" сайты жазды.
ҰБТ-дан жоғары балл жинап, гранттан қағылған түлектер министрліктің шешіміне наразы болған еді.
Сот ғылым және жоғары білім министрлігінің грант бойынша бұйрығы Медина Майсардың қандай да бір құқығы мен заңды мүддесін бұзбайды деген қорытындыға келіп, оның талабын орындаудан бас тартты.
"Власть" сайтының жазуынша, судья су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы түлектерге квота бойынша грант бөлу Медина Майсарға әсер етпеді, өйткені ол да грант алды, ал даулы бұйрық заңға сай деп айтқан.
Майсардың қорғаушысы Ғалия Дүйсембаева "сот шешіміне келіспеймін, оған шағым түсіремін" деп мәлімдеген.
Ғылым және жоғары білім министрлігі биыл грант алған түлектер тізімін 3 тамызда жариялаған. Жоғары балл жинап, тегін оқуға түсе алмай қалған талапкерлер грант әділетсіз бөлінді деп мәлімдеген еді. Биыл гранттың 20 пайызы су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы) талапкерлерге берілген. Квота бойынша 5 мыңнан астам адам грантқа ие болған.
ҰБТ-дан жоғары балл жинаса да, грант ала алмай қалған түлектер бұған келіспей, шағынды. Даудан соң министрлік мектеп түлектеріне қосымша грант бөлді. Грант иегерлері тізімінде Медина Майсар да болған.
Министрлік тасқын болған өңірлердің түлектері қорытынды емтиханға, ҰБТ-ға басқа облыстағы қатарластары сияқты дайындала алмады, мүмкіндіктер тең болмады деді. Олар осыған байланысты тасқыннан зардап шеккен түлектерге өз құзыреті шегінде шара қолданатынын айтқан. Министрлік тасқыннан зардап шеккен аймақтардың түлектеріне басымдық беру шешімі заңға қайшы емес деп мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жоғары білім министрлігі даудан соң түлектерге қосымша грант бөлді