"Хайп қуу". Сенат спикері Ақтауда құлаған ұшақты атқан болуы мүмкін деген болжамға пікірін айтты

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр. Мамыр, 2024 жыл.

Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты пікір білдірген Қазақстан сенатының спикері Мәулен Әшімбаев апат себебі бойынша сарапшылардың ресми қорытындысын күтуге үндеді.

"Суреттерге қарап апаттың себебі «анау-мынау» деу – спекуляция. Негізсіз мәлімдеме жасап, осындай бағалауларды тарату дұрыс емес және этикаға қайшы. Бұл қандай да бір адамдардың өзіне ұпай жинауы, қаралымын көтеруі, хайп қууы. Комиссия мен мамандар жұмыс істеп жатыр, қарап жатыр. Олар өзі шешімін айтады" деді Әшімбаев.

Спикердің сөзін Orda.kz жариялады.

Ол Әзербайжан да, Ресей де, Қазақстан да ақпаратты жасыруға мүдделі емес деді.

25 желтоқсанда Бакудан Грозныйға қарай ұшқан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушылар ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған. Ұшақ бортында 67 адам болған: 38-і қаза болып, 29 тірі қалған. Тірі қалғандар Ақтаудағы облыстық ауруханаға жатқызылған.

Жолаушылардың басым бөлігі Әзербайжан азаматтары (42) екені айтылады. 16-сы - Ресей, алтауы Қазақстан, үшеуі Қырғызстан азаматтары. Тірі қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Әзірге, ұшақтың апатқа ұшырауының себебі ресми түрде айтылмады. Тергеу жалғасып жатыр. Ұшақтың апатқа ұшырауына бірнеше жайт түрткі болуы мүмкін деген болжам бар: ұшақтың құстарға соғылуы, оттегі баллонының жарылуы, техникалық ақау. Сәрсенбі күні кешке қара жәшік табылды.

Ұшақты Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі "украин дронына" балап, атқылаған болуы мүмкін деген де болжам айтылып жатыр. Мұндай болжамның пайда болуына ұшақ корпусының артқы бөлігінде әртүрлі диаметрдегі тесіктердің болуы түрткі болды. Бұл болжамды OSINT-сарапшылары да жоққа шығармаған.

Желіде сонымен бірге Embraer салонында саңылаулардың пайда болғаны көрінетін видеолар да пайда болды. Креслолардан да тесіктер байқалады.

Әзірге ұшақ апатына қатысты ресми мәлімдеме жасалған жоқ.