Жексенбі күні Гонконгте полиция үкіметке қарсы наразылық шеруіне шыққандарды тарату үшін газ шашты. Көшеге "Гонконгті азат етуге" шақырған бірнеше мың адам шыққан. Полиция бірнеше адамды ұстаған.
Наразылық шеруіне қатысушылар "Шеру себебін ұмытпаңдар" деген жазуы бар плакаттар мен "Революция қажет" деген белгісі бар қара ту ұстап шыққан. Кей тұрғындар шеруге отбасы мүшелерімен бірге шыққан.
Бұдан бір апта бұрын Гонконгте өткен аудандық билік органдары сайлауында аймақта демократиялық өзгерістер мен Пекиндегі орталық үкіметтің ықпалын азайтуды қолдайтын кандидаттар елеулі жеңіске жеткен.
Белсенділер үкіметке қарсы наразылықты жалғастыратынын мәлімдеді деп хабарлайды Reuters. Маусым айында басталған наразылық акциялары барысында үкімет мекемелері, коммерциялық фирмалар, мектептер, тіпті халықаралық әуежай жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған еді.
Соңғы бес айдан бері жалғасып жатқан наразылық шарасында Гонконг жұрты биліктен демократияға бастар нақты қадамдар талап етеді. Шерушілер Пекиндегі орталық үкіметтің Гонконгтің ішкі ісіне араласқанына да наразы.