– Қазір коронавирустың Ұлыбритания, Оңтүстік Африка, Бразилия және Қытай мутациясы бар. Төртеуі әртүрлі ме әлде ұқсас па?
– Барлығы SARS-CoV-2 вирусы. Оларда сәл айырмашылығы бар, бұл вирустың функциясына әсер етуі мүмкін. Яғни, антидене оларға қарсы тиімді реакция таныта алмауы мүмкін. Кейде мутацияға ұшыраған вирус тез тарап, қауіптірек болады не басқа ауруларды туғызады. Ұлыбритания мен Оңтүстік Африка мутациясы, бәлкім Бразилия мутациясы да, өте жылдам таралатынын білеміз. Олардың функциялық басымдығы болуы мүмкін, бірақ бұл вирустардың барлығы – SARS-CoV-2.
– Moderna, Pfizer, Janssen вакциналары жаңа мутацияларға қарсы тұра ала ма?
– Қарсы тұра алады. Бірақ былтыр көктемде шыққан коронавирустың алғашқы түрінен қорғайтындай бола қоймас. Дегенмен хал ауырлап, ауруханаға түсуден, өлімнен қорғай алады. Бірақ [қазір дайындалған екпелер] дерттің жеңіл және орташа түріне келгенде әлсіз.
– Халықта жаппай иммунитет қалыптасса, вирустың тарауы тоқтай ма?
– Меніңше, халықтың басым бөлігіне вакцина салсақ көмектеседі. Мұның бәрі – алдын ала бағалау. Жаппай иммунитет қалыптасу үшін қанша пайыз қажет екенін білмейміз. Бірақ терең үңілсек, менің пайымдауымша, халықтың 70–85 пайызына екпе салса, жаппай иммунитет қалыптасар.
– Вирус қорап, үстелдің үсті, дүкендегі тауар арқылы жұға ма?
– Теория тұрғысынан алсақ, әбден мүмкін. Бірақ көп жағдайда вирус адамнан адамға респираторлық жолмен жұғып жатқанына куә болып отырмыз. 50 пайызы адамнан адамға жұғып жатыр. Симптом жоқ болса да вирус жұғады. Ал симптом бірнеше күннен кейін пайда болады.
– Екпенің екі дозасын салдырып, бірнеше күн өткен соң сапарға шыға беруге бола ма? Бұл қауіпсіз бе?
– Бұл қауіпке қаншалықты дайын екеніңізге байланысты. Екпе алсаңыз, вирус жұғу қаупі аз болады. Егер тиімділігі 94–95 пайыз болатын екпені салдырсаңыз, вирус жұғу қаупі әлдеқайда аз. Бірақ мүлде вирус жұқпайды дей алмаймыз. Қазір біз "аса бір қажеттілік болмаса сапарға шықпай-ақ қойғаныңыз жөн" дегіміз келеді.
– Екпе қауіпті ме?
– Жоқ, екпелер өте қауіпсіз екенін көрсетті. Бұған дейінгі вакциналар инфекциялық аурулардың алдын алуда өте тиімді әрі қауіпсіз екенін дәлелдеген. Біз сөз етіп отырған [коронавирусқа қарсы] екпелердің қауіпсіздік көрсеткіші өте жақсы. Ал Covid-19 коронавирусы вакцинаның кері әсерлерінен әлдеқайда қауіпті.
– Қалыпты тіршілікке қашан ораламыз? Болжам жасай аламыз ба?
– Түбі қалыпты өмірге ораламыз. Қоғамдық денсаулық сақтауға көп көңіл бөлінеді деп ойлаймын. Жаңа айтқанымдай, бүкіл халықта иммунитет қалыптасатындай 70–85 пайызға жетсек, қалыпты өмірге жақындармыз. Бәлкім қалыпты өмірге бірден жүз пайыз оралмаспыз, бірақ қазіргідей қатаң шектеулер болмайды деп ойлаймын.