2022 жылы миллиондаған Ресей азаматы пропаганда астында қалды. Олар соғысты қолдайды, әскери қылмыстарды ақтап алуға дайын, соғысқа қарсы пікір білдірген туыстарының, әріптестері мен көршілерінің үстінен арыз жазуға дайын. Ресейде пропаганда шынайы ақпаратты қалай және неге ығыстырды? Оның әсер ету механизмі мен жетістікке жету сыры неде? Север.Реалии осы және басқа да сұрақтарды сарапшыларға қойып көрді.
ПРОПАГАНДА ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?
Сарапшылар пропаганданың бірден жұға қоймайтынын айтады. Әдетте бұл – біршама жылға созылатын процесс. Кейбірі бұл пропаганданың 1996 жылғы президент сайлауынан басталғанын айтады. Сол жылы билік "Дауыс бер немесе жеңілесің" деп аталатын науқан жүргізген еді. Медиа және саясат технологтары Борис Ельцинге жеңісті осылай алып берген.
Кейбірі Ресейде пропаганда ғасырлар тоғысында басталды дейді.
– Билікке келген соң, Путин ең алдымен телевидениені бақылауға алуы керек екенін жылдам түсінді, – дейді Петербургтік журналист Валерий Нечай. – "Мұрагер" операциясы (1999–2000 жылдары билікті Борис Ельциннен Владимир Путинге беру) телевизиялық пропаганда арқасында жүзеге асты. Соның көмегімен ешкімге танымал болмаған адам президенттік науқанда жылдам жеңіске жетті. Сол кезде Путин баспасөз құралдарының күшін түсінді. Ол кезде Ресейді интернет басылымдар әлі жоқ еді. Баспа медиасы айтарлықтай ықпалды болған жоқ, себебі газетті сатып алу керек, ал телеарна сигналы пропаганданы ең алыс жерлерге дейін тегін жеткізіп бере алады. Сондықтан Путин ақпарат кеңістігін тазартуды өзіне бағынбайтын НТВ арнасын жоюдан бастады. Содан кейін басқа тәуелсіз медиалар жабылды. Қырым аннексиясы кезіне қарай интернеттегі медиа да тазартылды.
– Биыл пропагандаға қарсы тұрудың қаншалық қиын екеніне көз жеткіздік. Отбасылар ажырап жатыр, жақындар бір-бірінен алыстап, ақпараттық баррикаданың екі жағында қалды. Бірақ қарапайым адамға қауіпті және агрессиялы пропаганданы қалай ажыратуға болады?
– Саяси пиарда шынайылық элементі болса, Путиннің кезіндегі пропаганда тұтас өтіріктен тұрады. Пропаганданың ерекше белгілерінің бірі – лидердің образын жасау. Бұл тіпті детальдардан да байқалады. Телеарна Путинді басқа мемлекеттердің лидерлерімен бойы да бірдей адам етіп көрсетеді. Қалай екенін білеміз ғой. Мұндай лидер ешқашан қателеспейді, кешірім сұрамайды, қатесін мойындамайды.
Ол үшін тиімді тарихи жағдай қалыпатстыру да маңызды. Сондықтан пропаганда "90-жылдардың" бейнесін қалыптастырып, 1996 жылы сайлауда мас болып билеп жүрген Ельцинді көрсетті. Сөйтіп Путиннің дәуірін тұрақтылық кезеңі ретінде бейнеледі.
"ОЛАРДЫ АЯМАУЫМЫЗ КЕРЕК"
– Биыл Мәскеудің Украинаға басқыншылығы кезінде Ресейдің ақпарат кеңістігін жалған ақпарат жаулап алды. Пропаганда жасаушылар бұрынғы жолмен әрекет етіп жүр ме, әлде жаңа әдістер байқала ма?
– Олар ескі амалдарды жиі пайдаланып жатыр. Ресей билігіне ыңғайсыз ақпарат шыққанда, ол туралы жалған ақпарат таратып тастайды. Ресей сарбаздары бейбіт тұрғындарды өлтірген Буча трагедиясын алайық. Бұл туралы кез келген дерекке дереу басқа мәлімет айтылады. Кадрдағы адам өлмеген, қолы қозғалып жатыр, біреу орнынан тұрып темекі сұрады деген сияқты. Бұл өтірік. Бірақ пропаганда тұтынушыға бұл өтеді, ол солай айта бастайды.
– "Постшындық" деп аталатын нәрсе осы ғой. 2014 жылы Донецк облысы әуе кеңістігінде Малайзияның "Боинг" ұшағын атып түсіріп, 298 адам өлгенде де солай болды. Ресей ақпарат кеңістігіне болған оқиға туралы бір-біріне кереғар деректер толып кетті.
– Пропаганданың қалағаны да сол.
– Қазір Ресейде Украинаның қайғысы туралы роликтер жиі шығып жатыр. Онда Ресей бомбалаған соң, онда жарық, жылу, су жоқ екені айтылады. Ресей телеарнасында Украинадағы әйел шашын фенмен емес, газ плитасының жанында кептіріп тұрғаны, біреуінің метрода қырынып жатқаны көрсетілді. Мұндай арсыздық бұрын болмаған сияқты.
– Өте жақсы мысал. Пропаганда адамгершіліктен айырумен айналысады: оларды аямауымыз керек, себебі олар "өздері кінәлі".
– Тағы бір маңызды сұрақ – неліктен мұндай пропаганда біреулерге әсер етеді, басқаларына әсер етпейді?
– Көбіне білім деңгейіне, ағарту деңгейіне, шындықты өтіректен ажырата алу қабілетіне, күмәндану алу қабілетіне байланысты. Тағы бір нәрсе бар – мораль. Иә, оқыған, білімді адам бола тұра, адамдарды өртеуге шақыруға болады – Ресейдің қазіргі пропагандашылары мен идеологтары туралы айтып отырмын.
– Ал кейде қарапайым адамдарға пропаганда әсер етпеуі мүмкін.
– Тұрмыстық даналық деген бар. Мысалы, соғыста болған адамның соғысты қолдауы екіталай.
– Пропагандаға қарсы тұруға бола ма? Пропаганда сіңіп кеткен адамдарды емдеу мүмкін бе?
– Бұл өте ұзақ процесс болады. Қазір бізге жаңа ұрпақты қалай тәрбиелейміз деп ойлау керек. Себебі, өкінішке орай, пропагандаға уланған адамдардың көбі өзінің позициясында қалады.
"БҰРЫННАН БАР ОЙДЫ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯҒА АЙНАЛДЫРДЫ"
Мәскеулік әлеуметтанушы, "Левада" орталығының қызметкері Степан Гончаров Ресейде тұрып та пропагандадан аман қалуға болады дейді.
– Бұрын адамдар әлеуметтанушыларға әртүрлі ақпаратты қабылдау қиын екенін айтатын, сондықтан оларға өздері қолдағысы келетін бір жақты ғана таңдау жеңіл. Негізі, үнемі солай болады. Бірақ ақпарат ағыны кезінде бұл стратегия көпшілік үшін де өзекті болады.
– Яғни, адамдар өзіне ыңғайлы көзқарасқа қарсы пікірді тыңдағысы келмей ме?
– Иә, өзінің ұстанымына, ойлау жүйесіне сай келмейтін нәрселерді тыңдағысы келмейді.
– Көбі Ресей пропагандасының жақсы жасалғанын мойындап жатады.
– Пропаганда қоғамда бар идеялар мен реніштерді маңыздырақ етеді. Ресейдің аяғынан тұруы керек екенін бұрыннан естіп келеміз. Елде бұрыннан пайда болған осы ойды мемлекет ұлттық идеяға айналдырды.
– Дәл сол ресентиментті пайдалану керек болды ма?
– Иә, әрине. Батыс бізді елемейді, бізді түксіз қалдырғысы келеді, ресурстарымызды алып, жерімізді, Украинаны алып алғысы келеді деген идеяларды қолдану.
– Адамдардың өлімі, қаза тапқандар, жарақат алғандар халықты неге оятпайды? Бұл ақпарат халыққа жетпей жатыр ма?
– Қазір ақпаратты толығымен алып тастауға болмайтын заманда өмір сүріп жатырмыз. Оны шектеуге болады, бірақ толықтай тыйым салу мүмкін емес. Бірақ адамдардан айырылуды пропагандаға уланған адамдар бізге жасалған шабуылдың нәтижесі деп қабылдайды. Шиеленіске қоғам қаншалық араласса, кез келген әрекеттің өтемі соншалық өсе береді. Мысалы, бейбіт келіссөздер болса, олар адам өлімін ескеруі керек болады. Ал жақындарынан айырылған адамдар үшін жеңістің маңызы арта түседі, оның өлімі босқа болмады деген мақсат болады. Мұндай жағдайдан шығудың қандай жолы бар екені белгісіз.
Мақаланың түпнұсқасы.