1994 жылы тұтындалған оппозициялық саясаткер Мурод Джураевтың қамаудағы мерзімін «түрме тәртібін бұзғаны үшін» билік төрт рет ұзартқан. Тұтқынға тағылған «кінәлардың» бірі – түрме асханасында «сәбізді дұрыс тазаламаған».
Юдгорой Юлдашеваның күйеуі, саяси астары бар айыптармен 1999 жылдан бері түрмеде отырған өзбекстандық діни жетекші Акрам Юлдашевқа билік кейін 2005 жылы Әндіжанда болған наразылықтарды ұйымдастырды деген айып таққан. Қазір ол қай жерде қамауда екенін билік айтпай отыр.
61 жастағы Бобомурод Раззаков «Эзгулик» құқыққорғау ұйымының Бұхарадағы бөлімшесін басқарған. Ол «адам саудасымен айналысқан» деген жалған айып бойынша 2013 жылы қыркүйекте төрт жылға сотталды.
2013 жылы бес жылға бас бостандығынынан айырылған 75 жастағы құқыққорғаушы Турабой Джурабоевты қамауда азаптаған. Кейін ол рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шықты.
Экстремизмге қатысты жалған айыппен сотталып, 14 жылын түрмеде өткізген жазушы әрі оппозиционер Махмадали Махмудов 2013 жылы бостандыққа шықты. Оны түрмеде азаптаған және қамау мерзімін ұзартқан.
Шенеуніктердің адам саудасына қатысын зерттеген құқыққорғаушы Гулноза Юлдашеваға «бопсалау» айыбы тағылып, 2012 жылы шілде айында түрмеге қамалған.
Фарходхон Мұхтаров пен әйелі Сурая 2010 жылы желтоқсанда, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Ташкентке сапары алдында президент Ислам Каримовпен кездескен кезде тұтқындағы құқыққорғаушылар туралы мәселе көтеретіні туралы көпшілік алдында уәде берген күннің ертеңінде түрмеден бостандыққа шыққан.
«Ұлыбритания пайдасына тыңшылықпен айналысқанын» мойындатқызу үшін түрмеде азапталған Ташкенттегі британ елшілігінің бұрынғы қызметкері Каюм Ортиков 2009 жылы бостандыққа шыққан соң Өзбекстаннан кетуді ұйғарған. Қазір ол отбасымен бірге АҚШ-та тұрады.
«Акрамия» діни ұйымының жетекшісі Акрам Юлдашев Өзбекстан мемлекеттік телеарнасынан көрсетілген хабарда Әндіжанда 2005 жылы мамырда болған наразылық ұйымдастырғанын «мойындаған». Отбасындағыларға оны үш жыл бойы жолықтырмады.
2006 жылы «тыңшылық» айыбымен түрмеге түскенге дейін Еркін Мұсаев қорғаныс министрлігінде, онан кейін БҰҰ даму бағдарламасы (ПРООН) бойынша жұмыс істеген.
Журналист Солижон Абдурахманов 2010 жылдан бері түрмеде отыр. Халықаралық Қызыл Крест комитеті өкілдерін онымен жолықтырудан Өзбекстан билігі бірнеше рет бас тартқан.
2005 жылдан бастап Өзбекстанның оңтүстік-шығысында азаматтардың құқығын қорғаумен айналысқан Фахриддин Тиллаев 2014 жылы тұтқындалды. Билік өкілдері оның адам саудасымен айналысқанын «мойындауға» көндіру үшін қол-аяғындағы тырнақтарының астына ине тығып азаптаған деген ақпарат бар. Сегіз жылға сотталған Тиллаев жазасын Науаи түрмесінде өтеп жатыр.
Журналистерді қорғау комитетінің деректері бойынша, Мухаммад Бекжанов (бұл оның Киевте 1998 жылы түскен суреті) пен оның әріптесі Юсуф Рузимурадов 1999 жылдан бері түрмеде отыр, әлемнің өзге елдерінде олардан ұзақ уақыт қамауда отырған журналист жоқ.
Жемқорлық тақырыбына журналистік зерттеулерімен танымал Дилмурод Саидов Карши маңындағы түрмеде отыр, қапаста ол туберкулезге шалдыққан. Оның бауыры Обид HRW өкілдеріне қазір Дилмурод Саидовтың құр сүлдері қалғанын айтқан.
Белсенді Ганихон Маматханов 2014 жылы наурызда бостандыққа шығуы тиіс еді, бірақ жабық сот өткізіліп, «түрме ережесін бұзғаны» үшін оның қамау мерзімін ұзартқан.
2005 жылы мамыр айында Әндіжандағы оқиғадан кейін Исроилжон Холдоров батыстың бұқаралық ақпарат құралдарына адамдардың жаппай жерленгені туралы хабарлаған. Кейін жеке басына қауіп-қатер төнгендіктен көрші Қырғызстанды паналап жасырынған Холдоровты Өзбекстан билігі ұрлап, еліне қайтарып, он жылға соттаған. Бірақ туыстары билік оны қамаудан шығармай, түрмеде қалдыруы мүмкін деп қауіптенеді.
2014 жылы қамауға алынып, азапталғанға дейін Нуриддин Джуманиязов еңбек мигранттарының құқығын қорғайтын тәуелсіз кәсіподақтар одағының Ташкенттегі өкілдігінің жетекшісі болған.
2006 жылы тұтқындалғаннан соң Азам Фармонов түрмеде бірнеше рет азапталған. Қазір ол атышулы Жаслық түрмесінде қамауда отыр. БҰҰ мен бірқатар елдердің үкіметтері ондағы тұтқындардың азаптауға ұшырап, адам төзгісіз жағдайда қамауда отырғаны туралы бірнеше хабарлардан соң ресми Ташкентті Жаслық түрмесін жабуға шақырған болатын.
«Конституциялық тәртіпке қарсы шықты» және «тыйым салынған діни ұйым мүшесі болған» деген айыптармен қамалған құқыққорғаушы Юлдаш Расулов қазір түрмеде отыр.
Ферғана алқабында тұратын белсенді Нематжон Сиддиков 2013 жылы қамауға алынды. Тұтқындалар алдында оның отбасына белгісіз адамдар шабуыл жасаған. Оның алдында Сиддиков жергілікті ішкі істер органдарындағы жемқорлық тақырыбына зерттеулер жүргізген еді. Сот оны алты жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған, бірақ кейін рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шыққан.
Әндіжан оқиғасының куәгері Дилором Абдукодирова 2005 жылы Өзекстаннан қашып, әуелі Қырғызстанды, кейін Австралияны паналады. Билік оны 2010 жылы, елде қалған күйеуі мен балаларына жолығуға келген кезде, Ташкент әуежайында тұтқындады. Сот оны «экстремизм» айыбы бойынша он жыл мерзімге түрме жазасына кесті. Абақтыда азаптауға ұшыраған Абдукодированың жаза мерзімін 2012 жылы билік тағы сегіз жылға ұзартқан.
Науаи түрмесінде отырған құқыққорғаушы Чуян Маматкулов. Бұл оның қамалғанға дейін балаларымен бірге Кашкадария облысында түскен суреті.
2009 жылы қамауға алынғанға дейін құқыққорғаушы Гайбулло Джалилов Кашкадария облысында 200-ден аса діндар адамның тұтқындалғаны туралы ақпарат жинаған. 11 жылға қамау жазасына кесілген ол қазір ол Науаи түрмесінде отыр.