Билік дауыл зардабын жоюдың орнына жұрттың смартфонын тексереді

Түркіменстанның солтүстік-шығыс аймағында сәуірдің соңында болған қатты дауылдар көтпеген үй қирап, адамдар опат болған.

Түркіменстанда сұрапыл дауылдан соң екі ай өтсе де, одан қатты зардап шеккен екі аймақтың тұрғындары үйін әлі қалпына келтіре алмай жатқанын айтады. Елдімекендерде жарық жиі сөнеді, телефон, интернет байланысы жоқ.

Күніне екі сағат қана жарық беріледі. Мобильдік телефон, интернет байланысы жоқ. Қолданушылар кейде байланыс толқынын кездейсоқ "ұстап" қалса қуанады. Дауыл қиратып кеткен тұрғын үйлердің көбі сол күйі жатыр.

Еңсені басатын бұл көрініс – биыл сәуірдің соңында қатты дауыл ойрандап кеткен Түркіменстанның солтүстік-шығысындағы Лебап уәлаятының бүгінгі жай-күйі. Табиғаттың дүлей күшінен көрші Мары уәлаяты да зардап шеккен.

Қатты желден көп ауданда электр желісі үзіліп, инфрақұрылым бүлінді. Үкімет шалғайдағы кей елдімекендерге ешқандай көмек көрсетпеді. Тұрғындар үй-жайын өз күштерімен қалпына келтіруге тырысып жатыр.

Ондаған адамның ажалына себеп болған дауылдан қатты зардап шеккен аймақтағы жағдай дағдарыста қиын тіршілік кешіп жатқан елдегі үкіметті қатты толғандырмағанға ұқсайды. Дауылдан қаза тапқандар туралы куәгерлер мен Азаттықтың Түркімен қызметі (Азатлык) тілшілері хабарлады.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов 27 сәуірде елдің солтүстік-шығысындағы, Ауғанстан және Өзбекстанмен шекаралас аймағындағы елдімекендерге зардап әкелген табиғи апат туралы тіс жарған жоқ. Орталық Азиядағы өзгеше ойлайтындарды қудалайтын елдегі Бердімұхаммедовтің жеке басын дәріптейтін, биліктің қатаң бақылауындағы мемлекеттік БАҚ та ел тұрғындарына қасырет әкелген бұл апат жайлы хабарламай, үнсіз қалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жабық елдің сән-салтанаты мен жұпыны тірлігі

Билік Лебап уәлаятындағы дауылдан кейінгі жағдай туралы хабарларды қатаң шектеу шаралары арқылы әлі күнге сыртқа шығармай ұстауға тырысып отыр.

Лебаптағы шенеуніктер дауылдан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру, я тұрғындардың үкіметтен жәрдем көрсетілмегені туралы шағымына байланысты ешқандай комментарий бермейді.

ТЕЛЕФОНДАРДЫ ТЕКСЕРУ

Екі ай бұрын болған дауылдан бері қалпына келтіру жұмыстары сол күйі басталмаған елдімекендердің тұрғындары Азаттыққа полиция мен арнайы қызмет өкілдері адамдарды аңдып, аймаққа басқа жақтан келгендерді сұрақтың астына алатынын айтып берді.

Әлем жұртшылығына Түркіменстандағы дауылдың ауыр салдары туралы ақпаратты биліктің қатаң бақылауындағы БАҚ-тан емес, табиғаттың дүлей мінезінен зардап шеккен аймақтардың тұрғындары әлеуметтік желіде жариялаған видеолар мен суреттерден білді.

Әлем жұрты Түркіменстандағы дауылдың ауыр салдары жайлы ақпаратты биліктің қатаң бақылауындағы БАҚ-тан емес, зардап шеккен аймақтардың тұрғындары әлеуметтік желіде жариялаған видеолар мен суреттерден білді.

Қазір ауданға кіріп-шыққан кезде шенеуніктер дауылдан қираған үйлер көрсетілген фото, видео тарап кетпесі үшін, ары-бері өткен адамдардың телефондарын тексереді деп хабарлайды Азатлык.

Кей тұрғындар билік ақпарат тарап кетпесі үшін аймақтағы аудандардың көбінде интернетті әдейі бұғаттайды деп күдіктенеді.

"Лебап уәлаятында қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін WiFi қызметі қосылмайды деп ойлаймыз", - деді тұрғындардың бірі Азаттыққа.

Уәлаяттың орталығы Түркіменабаттағы, сол сияқты Чарджев мен Фарап аудандары әкімшілігіне тұрғындар қиын жағдайда қалғанын айтып, көмек сұрап жиі келетін болған. Бұрын тұрғындар биліктің қахарынан қаймығып, келмеуге тырысатын деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен қызметі.

Биліктен ешқандай көмек болмағанына ашулы бірнеше жүз тұрғын 14 мамырда Түркіменабатта уәлаят әкімдігінің алдына жиналып, наразылық білдірген. Олар биліктен жарық пен су желісін қалпына келтіруді, үйін жөндеуге, қоқысты шығаруға көмектесуді талап етті. Түркіменстанда мұндай наразылық өте сирек болады.

Жергілікті тұрғындар жақында Азаттық тілшісімен әңгімеде билікті ашық сынады. Штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы "авторитар билігі азаматтық және саяси құқықтарды толық басып-жаншиды" деп сипаттаған елде билікке сын айту да өте сирек құбылыс.

ЗАРДАП КӨЛЕМІ ӘЛІ БЕЛГІСІЗ

Кей дерек көздері 27 сәуірдегі қатты дауыл мен қалың нөсер салдарынан кемінде 37 адам мерт болған деп хабарлайды. Оны анықтау мүмкін болмай отыр.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов Лебап уәлаятында. 2020 жылдың маусымы.

Дянеу ауданындағы Ватан мен Ости ауылдарында үйлер әлі қираған күйі жатыр. Дауылдан кейін өз-өзіне келе алмай отырған Чарджев ауданында да осындай көрініс алдан шығады.

Баспананы сақтандыру жүйесі дамымаған елде тұрғындардың көбі мұндай жағдайда үкіметтен жәрдем күтеді.

Алты миллионға жуық тұрғыны бар Түркіменстанда кейінгі жылдары қаржы дағдарысы күшейген, жұмыссыздық жылдам өсіп, азық-түлік үнемі қымбаттап жатыр. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыр елде сәуірдің соңында дауыл мен нөсерден тұрғындардың зардап шеккенін әлем жұрты қарапайым азаматтардың смартфонға түсіріп, әлеуметтік желіде таратқан фото, видеоларының арқасында білді.

Бірнеше айға жалғасқан үнсіздіктен соң Бердімұхаммедов ел аймақтарын дәстүрлі аралау аясында маусымның басында Мары мен Лебап уәлаяттарына сапармен барды.

Мемлекеттік БАҚ жапа-тармағай көрсеткен сапар кезінде президент көктемде табиғи апаттан зардап шеккен аудандарға бармады. Ондағы туыстары қаза тапқан немесе қолдағы барынан айырылып, аса қиын жағдайда қалған тұрғындармен де кездескен жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркіменстанда билікке наразылық жиіледі