Қазақ даласындағы ғарыш қақпасы. Байқоңырдың болашағы қандай?
Америкалық барлаушы ұшақ 1957 жылы суретке түсіріп алған Байқоңырдың ұшу алаңы. Әу баста алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарды сынақтан өткізу мақсатында салынған нысан кейін Вашингтонмен бәсеке жарыстырған Мәскеудің ғарыш бағдарламасының маңызды бөлігіне айналды.
Байқоңырдан зымыран ұшырылған сәт, 1960 жыл. Совет өкіметі Қазақ ССР-і аумағындағы бұл жерді экваторға салыстырмалы түрде едәуір жақын және елдімекендерден аулақта болғандықтан ғарыш айлағына айналдыруды ұйғарған.
Байқоңыр қаласының (ол кезде Ленинск деп аталған) орталығындағы ғимарат. Бұл аймақ алыс қашықтықтағы байланыс сапасына және ғарыш кемесін ұшыру барысында жердің айналу жылдамдығын (секундына 316 метр) тиімді пайдалануға қолайлы саналады.
Алғашқы совет ғарышкері Юрий Гагарин мініп ұшқан "Восток" зымыранын ғарышқа ұшыру алдында тексеріп жатқан мамандар. Адамзат тарихындағы ғарышпен байланысты бірнеше маңызды оқиғаға Байқоңырдың тікелей қатысы бар: 1957 жылы қазанда Жердің жасанды серігі, 1957 жылы қарашада ит, 1961 жылы сәуірде ер адам, ал 1963 жылы әйел алғаш рет ғарыш кеңістігіне Байқоңырдан ұшқан.
Байқоңырда қайғылы оқиғалар да болған. Ең ірі апат (суретте) 1960 жылы 24 қазанда болды. Ұшу алаңында тұрған Р-16 құрлықаралық баллистикалық зымыраны жарылып, жүзге жуық адамды мерт қылды. Олардың арасында СССР стратегиялық мақсаттағы зымыран күштерінің бас қолбасшысы, артиллерия бас маршалы Митрофан Неделин де қаза тапты.
Совет ғарышкерлері Анатолий Березовой мен Валентин Лебедев 1982 жылы ғарыш сапары алдында әйнектің ар жағынан журналистермен сөйлесіп отыр. Совет кезінде қалыптасқан кей дәстүрлер әлі күнге жалғасып келеді. Мысалы, ғарышкерлер ғарышқа ұшар алдында 1970 жылы түсірілген "Шөл даланың ақ күні" фильмін көріп, өздерін ұшу алаңына жеткізген автобустың артқы дөңгелегіне зәр сындырады. Ал әйел ғарышкерлер зәр құйылған кішкентай ыдысты өздерімен бірге ала барады деп айтылады.
1988 жылы Байқоңырдан ұшырылған "Боран" ("Буран") ғарыш кемесі – совет өкіметінің ең соңғы ірі ғарыш бағдарламасы. 1991 жылы Совет одағы ыдырады.
Байқоңырдың жергілікті тұрғындары, 1999 жылы. Совет одағы тарағаннан кейін Ресей Қазақстаннан Байқоңыр мен ғарыш айлағы аумағын жалға алды.
Байқоңыр қаласының әуеден қарағандағы көрінісі. 2009 жылы мұнда 36 мыңға жуық адам тұратын. Қала экономикасы түгел дерлік ғарыш саласына "байланған". Совет дәуірінде қала тұрғындарының 70 пайызға жуығы – этникалық орыс, қалғаны қазақ болатын. Қазір керісінше, тұрғындардың басым бөлігі қазақ та, үштен бірі – орыс.
Байқоңырдың орталығындағы мозаика. Ғарыш айлағын 2050 жылға дейін жалға алған Ресей Қазақстанға жыл сайын шамамен 115 миллион доллар төлейді. Мәскеу Қиыр Шығыста жаңадан ғарыш айлағын салып жатыр.
Америкалық астронавт Дэн Бёрбэнкті Халықаралық ғарыш станциясына алып ұшуға әзір тұрған "Союз" зымыраны, 2011 жылдың қарашасы. АҚШ 2011 жылы өзінің Space Shuttle бағдарламасын доғарғаннан кейін астронавтарын Халықаралық ғарыш станциясына жеткізуге ресейлік ғарыш кемелерін пайдаланады. Бұл үшін АҚШ Ресейге ондаған миллион доллар төлейді.
Байқоңырдан ғарышқа самғаған "Союз" зымыраны. Кейінгі кезде АҚШ ресейлік ғарыш кемесіндегі орынға 86 миллион долларға жуық, яғни 2011 жылғымен салыстырғанда екі есе көп төлеген.
АҚШ астронавты Скотт Келли ресейлік ғарышкерлер Александр Калери және Олег Скрипочкамен бірге "Союз" капсуласымен жерге оралды, 2011 жыл. Байқоңырдан ғарышқа ұшырылатын "Союз" зымыраны өте сенімді саналса да, іші өте тар әрі қолайсыз тәрізді. Оның ішіне әжетханаға орын жоқ. Сондықтан Халықаралық ғарыш станциясына дейін екі тәулік ұшатын ғарышкерге сапар кезінде жаялық пайдалануға тура келеді.
2017 жылы америкалық астронавт пен екі ресейлік ғарышкер мінген «Союз» зымыраны апатқа ұшырады. 2018 жылы Байқоңырдан зымыранның ғарышқа ұшқан сәтін бақылаған блогер Рик Газарян Азаттыққа шетелдіктерге ұшу алаңынан бір километрден сәл алыс жерде тұрып тамашалауға рұқсат еткенін айтты.
Байқоңырдағы космонавтика музейі.
"Союз" зымыранын ұшу алаңына апара жатқанын беренді техника үстінде бақылап отырған ресейлік әскерилер.
Байқоңыр маңайында жайылып жүрген түйе.
"Союз" зымыраны ғарышқа ұшқан сәтті бақылап отырған қазақстандық қыздар, 2009 жыл. Ресей Қиыр Шығыста ғарыш айлағын салып жатқан шақта, Америкалық SpaceX жекеменшік компаниясы АҚШ аумағынан Халықаралық ғарыш станциясына астронавтарды жеткізуді жоспарлап отыр. 27 мамырда, 2011 жылдан бері алғаш рет, АҚШ жерінен ғарышқа адам ұшырылмақ. Ресейдің ескірген зымыран-тасығышы мен оған қызмет көрсететін қазақстандық инфрақұрылымның дәуірі соңына таяғанға ұқсайды.