Қырғызстандағы секс-индустрия. Вебкам-студиялар қалай жұмыс істейді?

Your browser doesn’t support HTML5

Бішкектегі университеттің бірінші курс студенттері Мейірім мен Ажар (қыздардың аты-жөні өзгертілді) ақша табу мақсатымен жұмыс іздеген. Бір күні Ажар Instagram әлеуметтік желісінен түр-сымбаты келісті қыздарға жұмыс бары жайлы хабарландыру көреді.

– Ажар барып жолыққан, олар интернетте біреумен сөйлесіп, іш киіміңді көрсету керегін айтқан. Жақсы ақша төлейтінін айтып, "одан өзге ештеңе істемейсің" деп сендірген, – дейді 22 жастағы Мейірім.

Қос құрбы Бішкектегі ондаған вебкам-студияның бірінде жұмыс істей бастаған. Клиенттер қыздармен тікелей сөйлесіп, оларға камераның алдында шешініп, басқа да сексуалды іс-қимыл жасағаны үшін ақша төлеген. Алғашында қыздар жақсы табыс тауып жүрген.

– Бірінші айда 1000 доллардай ақша алдым, Ажар менен көп тапты. Оның табысы 3000 доллардай болды. Екінші айда да жақсы ақша алдық. Кейін табысымыз 600 долларға дейін азайып кетті, – дейді Мейірім.

Осыдан кейін қиындықтар басталған. Мейірімнің айтуынша, менеджер қыздарды бопсалауға көшкен. Бір жылдан кейін Ажар өз-өзіне қол салып, бақилық болған.

Мейірім мен Ажар – Азаттықтың Қырғыз қызметі жүргізген, Қырғызстандағы вебкам-студиялар жайлы жаңа зерттеудің бас кейіпкерлері. Қазір Қырғызстан миллиардтаған доллар табысы бар ғаламдық индустрияның ірі өңірлік орталығына айналған.

Журналистік зерттеу барысында бопсалау, зорлау, доксинг (вебкам-студияда істейтін қыздардың жеке дерегін жариялау) сияқты түрлі қылмыстың беті ашылған. Дүниежүзілік банктің дерегінше, Қырғызстан халқының үштен бір бөлігінің тұрмыс деңгейі кедейлік шегінен де төмен.

Азаттық тілшілері Қырғызстандағы вебкам-студияларда істеген немесе әлі де осы салада жүрген қыздармен, басқа да ақпарат көздерімен, соның ішінде қыздарды жұмысқа алып, түсірілім ұйымдастырумен айналысатын, клиентпен сөйлесетін ер адамдармен әңгімелесті. Олардың бәрі жақын-туысы мен дос-жаранынан жұмыс орнын жасыру үшін аты-жөнін атамауды сұрады.

Вебкам-студияларда жапа шеккен азаматтар полицияға барудан қорқады. Бірнеше ақпарат көзінің дерегінше, полиция көбіне вебкам-студиялардың әрекетін жасырып қалуға тырысады.

– Мен тапқан бірнеше кейіпкер полицияға баруға қорқатынын айтты. Өйткені полиция көбіне қыздардан ақша талап етеді, – дейді Қырғызстандағы вебкам-студиялар туралы көп жазған Kloop жаңалықтар сайтының журналисі Александра Титова.

"ТӘЖІРИБЕСІЗ ҚЫЗДАР ТАБУ КЕРЕК"

Зерттеу авторлары мен осы нарықпен байланысы бар адамдардың дерегінше, ғаламдық вебкам-индустрия жылына миллиардтаған доллар табыс табады. Бішкек пен көрші Қазақстандағы Алматы қаласы Орталық Азиядағы вебкам-студиялардың даму орталықтарына айналған.

Қырғызстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметімен тығыз байланыста жұмыс істейтін Radar.kg жобасының журналисі Қарашаш Шакированың дерегінше, елдегі вебкам-студияларда 4000-5000 қыз жұмыс істейді.

– Біреулер үйден жұмыс істейді. Студиялар логистикаға, кейде пәтер ақысын төлеуге көмектеседі. Басқалары студия жалдаған ғимаратқа барады. Студия жалдаған осындай үйде бір мезетте 30 қызға дейін жұмыс істеуі мүмкін. Кей студиялар қызметкерлеріне тұрғын үй ұсынып, ас-су шығынын да өтейді, – дейді Бішкектегі вебкам-студияның бұрынғы менеджері Таалай (есімі өзгертілді).

– Қазір жұмыс істейтін студиямда 30 қыз бар. Бірақ олардың тек бесеуі ғана жақсы ақша табады. Бастысы – модель қызды тұрақты жалақыға көндіру. Мысалы, бізде бір модель 235 доллар жалақыға келісті. Ал біз оның жұмысының арқасында аптасына кемінде 2000 доллар табамыз, – дейді Таалай. Ол қазір вебкам-студияда оператор болып істейді.

Таалайдың сөзін басқа ақпарат көздері де растайды: студиялар әдетте табыстың 50-70 пайызын алып қалады. Таалай көбіне ауылдан келген қыздарды жұмысқа алуға тырысатынын айтады.

– Тәжірибесіз, ештеңе түсінбейтін қыздарды табу керек. Оларға екі жүз доллар сияқты азын-аулақ ақша берсең болды, жұмыс істей береді, – дейді ол.

Таалай қазір Алматыда немесе Мәскеуде тұратын қыздармен жұмыс істей бастаған. Ол мұны "Бішкек өте шағын қала, бұл жақтан жұмыс істеуге дайын қыз табу қиындап кетті" деп түсіндіреді.

Қырғызстан астанасы Мейірім мен Ажарға да вебкам-студияда істейтінін өзгелерден жасырып қалуға тарлық еткен.

"ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ САЛДЫ"

Мейірім мен Ажар Бішкекте туған. Бірде олар қарыз алып, ол жайлы ата-анасына айтуға батпаған. Даяшы болып жұмыс істеп тапқан табысы қарызын қайтаруға жетпеген. Тығырыққа тірелген қыздарға вебкам-студияда жұмыс істеу "қолайлы іс" болып көрінген. Мейірім Ажардың кез келген ұсынысқа тез көнетін, адамның көңілін таба білетін, батыл қыз болғанын, сондықтан әу бастан жұмысқа бірден үйреніп кеткенін айтады.

– Оның тұрақты клиенттері пайда болды. Бәрімізден көп табыс табатын. Ол кезде жүйенің қалай жұмыс істейтінін білген жоқпыз: әлдеқайда көп ақша тапсақ та, бізге тек кесімді жалақы ғана төленеді екен, – дейді Мейірім.

Қыздардың жұмысқа тұрғанына үш ай толғанда жалақы мөлшері күрт азайып кеткен. Бұған наразы болып, шағым айта бастаған қыздарға администраторлар "интим видеоларың мен жеке деректеріңді желіге жариялаймыз" деп қоқан-лоқы жасаған. Мейірімнің айтуынша, менеджер Ажарға "жігітіңнің телефон нөмірін білемін" деп айтқан.

– Ажар бірбеткей қыз болатын. "Нөмірі жоқ, жай қорқыту үшін айтып жатыр" деді. Қалай істегенін білмеймін, бірақ менеджерде шынымен Ажардың телефонындағы барлық нөмір бар болып шықты. Ол бір амалын тауып, бүкіл нөмірді көшіріп алыпты. Кейін менеджер Ажардың жігітіне WhatsApp арқылы бірнеше видео жіберді. Осы үшін екеуі қатты ұрсысып, бір-бірін көрместей болды. Ажар қатты күйзеліске түсті, – дейді Мейірім.

Дамирамен (Мейірімнің сөзінше, олар әлгі менеджерді осылай атаған) байланысу мүмкін болмады.

– Ажарды сабырға шақырып, сөйлесуге тырысып көрдім. Бірақ өзім де қатты қорықтым. "Менің де суреттерім мен видеоларымды желіге салып жіберсе қайтемін? Дамира ата-анам мен таныстарыма ештеңе жіберіп үлгерген жоқ па?" деп уайымдадым. Instagram, Facebook, ВКонтакте желісіндегі парақшаларымды түгелдей өшіріп тастадым. Тіпті, телефонымды ауыстырып, басқа нөмір алдым, – дейді Мейірім.

Осыдан кейін ол құрбысымен ұзақ уақыт бойы араласпаған.

– Өзім хабарласып, кездескен кезде оны танымай қалдым. Ол өмірден баз кешіп, әбден торығып, құр сүлдері қалған адамдай көрінді… Кейін жазда Ыстықкөлге барғанымызда ата-анам Ажардың асылып өлгенін айтты. Ол небәрі 19 жаста еді, – дейді Мейірім.

ПОЛИЦИЯНЫҢ ҚОРҒАУЫНДА

Мейірім құрбысы Ажармен бірге полицияға бармаған. "Арыз жазсақ, кәсібіміз әшкере болады" деп қорыққан. Қыздардың достары мен туыстары олардың қандай жағдайға тап болғанын әлі күнге дейін білмейді.

Қырғызстан полициясы "порно-студияларға" жүргізілген рейдтер туралы жиі есеп береді. Мұндай рейдтен кейін көбіне студияда істейтін қыздар мен видеооператорларға азын-аулақ айыппұл салынады.

Үш түрлі ақпарат көзі Азаттықтың Қырғыз қызметіне мұндай вебкам-студиялардың иелерін жоғары шенді шенеуніктер қорғап, қанатының астына алатынын айтқан.

– Қаржы полициясында қорғаушың болса, тіпті жақсы. Қаржы полициясы заңды бизнесі жоқ адамның шотына ақша түскенін байқаса (ал бұл салада аптасына 10-12 мың доллар ақша аударылады) бірден тексере бастайды, – дейді Таалай.

Құқық қорғау органдары вебкам-модель болып істейтін адамдарды бопсалау туралы іс қозғаған. Бірақ көп жағдайда тараптар соттан тыс өзара келісімге келген. Бірнеше іс сотқа жеткенімен, айыпталушыларға айыппұл салу немесе шартты жаза кесумен аяқталған.

Билік өкілдері мұндай қылмыстың алдын-алу үшін қандай шара қолға алынғанын ашып айтпады. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі құқық қорғау органдарының вебкам-студиялармен сыбайластығы жоқ па деген сұрағымызға қысқа ғана жауап берді.

– Вебкам-студиялар көбіне Бішкек қаласында тіркелген. Ішкі істер министрлігі басқа органдармен бірлесіп, жаңа студияларды анықтау үшін тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Полиция қызметкерлерінің студиямен байланысы туралы ақпарат расталған жоқ. Ондай жағдай анықталса, ішкі тергеу қызметі тиісті тексеру жүргізеді. Министрлік тексеру қорытындысын қоғамға міндетті түрде хабарлап, есеп береді, – деді Қырғызстан ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Адинай Жантайқызы.

Қырғызстанда вебкам-студияларда істейтін қыздарды қорғайтын құқықтық база жоқ. Әдетте полиция вебкам-студияларға рейд жасап, администраторлар мен модельдерге "порнография таратқаны үшін" айыппұл салады.

Александра Титова бизнестің бұл түрін заңдастырып, салық салған жөн, сонда вебкам-студияларды бақылауға алып, онда жұмыс істейтін әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туады деп санайды.

– Қыздарға айтарым: біреу бопсаласа, журналистерден, полициядан көмек сұраңыз. Қорықпаңыз: қолдау болса, өзіңізді қорғай аласыз. Бопсалаған адамның ырқына ешқашан жығылмаңыз. Қолында материал бар кезде ол міндетті түрде сізге манипуляция жасауға тырысады. Бұл эмоционалды тұрғыдан өте ауыр қысымға жатады, оған төзіп, үнсіз қалуға болмайды, – дейді Титова.

TELEGRAM-ТОБЫНДАҒЫ ДОКСИНГ

Кейінгі жылдары Telegram мессенджерінде Қырғызстандағы вебкам-модельдерге доксинг жасап, қоқан-лоқы жасау жиілеген.

Александра Титова аталған мессенджерден осындай бірнеше топты тапқан. Онда ер адамдар вебкам-модельдердің шынайы тұлғасын анықтауға тырысады. Олар мұны көбіне бопсалау үшін жасайды. Мұндай топтарға мыңдаған адам мүше; олардың көбі желіге лақап атпен жазады.

Қырғыз документалисі Азият Жекшеевтің деректі фильмінде осындай топтардың қызметі жайлы баяндалған.

– Кейде (барлық кезде солай деп айта алмаймын) ақпаратты осы бизнесті қадағалайтын адамдар салады. Яғни, қыздардың жеке деректерін Telegram-дағы топтарға барлық видео және фотоматериалды қолына жинап, студия қызметін ұйымдастырып отырған адамдар жариялайды. Олар өзін тыңдамаған қыздарды осылайша қорқытқысы келеді, – дейді Жекшеев.

Онлайн-секс индустриясында істейтін қырғызстандық қыздар жайлы Telegram-топтағы хабарлама.

Жекшеевтің зерттеуіндегі негізгі кейіпкерлердің бірі – Даниел Аджиев. Ол вебкам-студиялардың жұмысын ұйымдастырғаны үшін ұсталып, бопсалау айыбы тағылып, "порнография материалдарын дайындап, таратқаны үшін" 350 доллар айыппұл төлеген.

Сот істеріндегі материалдардың бірінде әлдебір азаматтың Telegram арқылы вебкам-модельдің шын аты-жөнін анықтап алып, оны бопсалап, жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлегені айтылады. Сот әлгі азаматқа айыппұл салып, екі жарым жыл қоғамдық жұмыс істеуді міндеттейтін үкім шығарған. Бірақ жазаға кесілген азамат пен оның адвокаты сұхбат беруден бас тартты.

– Бұл топтардағы ер адамдар нағыз бизнеспен айналысып отыр. Сайттағы қыздарды ұстау бизнесімен, – дейді Титова.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі "Құқық қорғау органдары Telegram-дағы топтарды бақылаумен айналыса ма?" деген сұраққа жауап бермеді. Мұндай қылмыстардың алдын-алу үшін қандай шара қолданылатыны жөнінде де ақпарат берген жоқ.

"ӨЗГЕНІҢ ТАҒДЫРЫН ОЙЫНШЫҚ ҚЫЛЫП ОТЫР"

Мейірімнің вэбкам-студиядағы жұмыстан кеткеніне екі жыл болды. Бірақ ол вебкам-модель болу – әдеттегі кәсіптің бірі, сондықтан қыздар қызметі үшін қудалауға, қорлау мен бопсалауға ұшырамауы керек деп есептейді.

Ол құрбысы Ажармен бірге бұл салаға "ақымақтықпен, қарызынан құтылу үшін" келгенін, бірақ вебкам-студияларда ата-анасы науқас не баласы мүгедек қыз-келіншектер де жұмыс істеп жүргенін айтады.

– Оларға шынымен ақша керек. Оның үстіне, олар жаман ешнәрсе істеп, ақша ұрлап жүрген жоқ, – дейді ол.

Туған-туысы я дос-жараны Мейірім мен Ажардың вебкам-студияда жұмыс істегенін білмейді. Мейірім әлі күнге дейін Telegram-дағы топтарды бақылап отырады.

– Үнемі қарап отырамын. Өзім де жазғым келеді, бірақ бұл кісілерді фото-видео жарияламауға қалай көндіретінімді білмеймін. Олар өзге адамдардың тағдырын ойыншық қылып отыр ғой, – дейді ол.

Зерттеу авторлары – Ұлан Асаналиев, Рэй Ферлонг, Карл Шрек.