Мариуполь блокадасын көрген қазақстандық: Өртенген үйлерді аралап, тамақ қалдығын теріп жедік

Ресей қарулы күштері бомбалаған Мариуполь қаласындағы тұрғын үйлер.

29 жастағы Любовь Запевалова Қазақстанның Орал қаласында туып-өскен. Бірнеше жыл бұрын украин азаматына тұрмысқа шығып, Мариупольге көшкен. Азаттыққа берген сұхбатында ол Ресей әскері жаулап алған Мариупольде қалай аман қалғанын, өзі куә болған соғыс сұмдығын әңгімелеп берді.

Азаттық бұған дейін Любовь Запеваловамен соғыстың алғашқы күндері сөйлескен. Ол кезде Любовь Мариуполь қарқынды дамып келе жатқан, өмір сүруге жайлы шаһар екенін, бұл қалаға бауыр басып қалғанын айтқан еді. Бірнеше күннен кейін Любовь Мариупольдің басқа тұрғындарымен бірге қоршауда қалған. Жақында Любовь Азаттық тілшісіне хабарласып, қираған қаладан күйеуімен бірге аман шығып, Еуропаға жеткенін жазды.

"ПАША ЖАРЫЛЫСТАН БІРЕР СЕКУНД ҚАНА БҰРЫН ПӘТЕРДЕН ШЫҒЫП ҮЛГЕРДІ"

Любовь Запевалова.

Азаттық: Мариупольмен байланыс үзілгеннен кейін сізбен хабарласа алмай қалдық. Қателеспесем, бұл 1 наурызда басталды. Қала халқы сыртқы әлеммен хат-хабар алмасу мүмкіндігінен айырылғаннан кейін не болды?

Любовь Запевалова: 1 наурызда байланыс нашар болды, бірақ арасында хат-хабар жіберіп, жауап алып отырдық. Кешке қарай байланыс мүлде жоғалды. 1 наурызда қала орталығын бомбалады, ертеңіне тұрғын үйлерге көшті. 2 наурызда пәтерімізге "градина" ("Град" реактивті жүйесінің снаряды – ред.) тиді. Балконға түсіп, пәтерде жарылып, құйрығы жертөлеге ұшып кетті. Паша жарылыстан бірер секунд қана бұрын пәтерден шығып үлгерді. Берік металдан жасалған темір есігіміз майысып, құлпы шашылып кетті. Пашаның анасының арқасына есік тиіп, жарақат алды. Снаряд түнде түспегені жақсы болды. Өйткені снаряд біз ұйықтайтын бөлмеде жарылды ғой. Жарылыстан кейін төсегіміздің үстінде жақтаулар, бетон, арматура мен жарты метрлік металл жатқанын көрдік.

2-12 наурыз аралығында қаланы тоқтаусыз бомбалады. Кейін жарылыс сирей бастады. Бірнеше күн "үзіліс" жарияланып, қала ішінде мүлгіген тыныштық орнаған кездер де болды. Ондайда қала халқы сәл тынығып, күш жинап алатын. Кейін бәрі қайта басталатын. Жарық болған жоқ, телефонымыздың қуаты таусылып, байланыс болмай, ешкімге хабарласа алмадық. 5 наурызда газ өшіп қалды, тамақты отқа пісіріп жүрдік. Ауа-райы да құбылып тұрды: ақпанның ортасында 12 градус жылы болған, ал наурызда кенет күрт суып кетті. Минус бес градус аяз болды. Мариупольде ылғалды теңіз климаты болғандықтан, аяз қатты сезіледі.

Любовь Запевалованың пәтеріне түскен ресейлік "Град" реактивті қаруы снарядының бір бөлігі.Мариуполь, Украина, 2022 жылғы наурыз.

Азаттық: Не ішіп-жедіңіздер? Азық-түлік пен су тапшы болмады ма?

Любовь Запевалова: Жарма болды. Тамағы таусылған үйге көршілері көмектесіп жүрді. Бірақ су жетпеді. Бірінші қабатта тұрамыз. Пәтерімізге снаряд түсіп, жертөле отқа оранған кезде жинап қойған суымыздың бәрі өрт сөндіруге кетті. Қалған суды үнемдеуге тырыстық. Су таусылған кезде бойлерден құйып алдық. Бір жақсысы, жанымызда бассейні бар монша болды. Атыс болып жатқанда моншаға жүгіріп, хлорланған су ішіп келетінбіз.

17 наурызда үйімізге тағы да снаряд түсіп, көрші подъездегі пәтер жана бастады. Үшінші қабаттағы балконда самогон қайнататын аппарат жарылды. Одан шыққан өртті бірнеше күн бойы өшірдік. Өйткені аппарат қайта-қайта тұтана берді. Бәрі басылған соң өртенген пәтерлерді аралап, қалған-құтқан тамақ қалдығын жинап шықтық. Осылай жүрек жалғап, күнелттік. Алғашқы гуманитарлық көмек 25 наурызда келді. Нан таратты. Кейін жарма мен су әкеле бастады.

Азаттық: Гуманитарлық көмекті Ресей таратты ма?

Любовь Запевалова: Иә, Ресей. Ол кезде қалада ресейлік әскерилер көп жүретін.

Азаттық: Олар өзін қалай ұстады? Жергілікті тұрғындар оларды қалай қабылдады?

Любовь Запевалова: Өзгелерге қарағанда, ресейліктер өзін салыстырмалы түрде байсалдырақ ұстады. Ал енді ДХР-ден (Украинаның шығысындағы сепаратистік құрылым- ред.) келгендер мен шешендер өте дөрекі болды. Тұрғындар "қалада кім жүрсе де бәрібір, тек геноцид жасамаса болды" деп уайымдады. Жан-жүрегімен Украинаны қолдайтындар майданға кетті немесе территориялық қорғаныс тобына қосылды. Ресейді жақтайтындар алақайлап, қуанып жүрді.

Азаттық: "Геноцид" деп бомбалауды айтасыз ба?

Любовь Запевалова: Әрине. Тұрғын үйлерге қару-жарақтың түр-түрінен оқ жаудыруды басқаша қалай атауға болады? Қазір Мариупольдің кез келген тұрғыны әртүрлі колибрден атылған оқты былай қойғанда, "град", мина, танк пен граната атқыштың дауысын ажырата алады. Өйткені екі ай бойы күнде қару дауысынан оянып, сол дауысты естіп ұйықтап жүрдік.

Любовь Запевалова тұрған Азат етуші жауынгерлер көшесіндегі 90-үйдің бомба түскеннен кейінгі көрінісі. Украина, Мариуполь, 2022 жылғы наурыз.

Наурыздың аяғында ішімдікке үйір көршілеріміз ДХР жауынгерлерімен "достасып алды". Пәтерімізге снаряд түскеннен кейін көршіміздің үйінде тұрып жатқанбыз. Көршіміз бен ДХР жауынгерлері бірге ішімдік ішті. Әскерилер ауаға оқ атып, бір ғана гранатамен адамның ішек-қарнын ақтаруға болатынын айтып, мәз болып отырды. Кейін үйіміздің алдындағы орындықта ұйықтап қалды. Олар мас кезінде автоматын жоғалтып алыпты. Есін жиған соң, өздерімен бірге ішкен көршімізді іздеп, тергеуге алды. Бірде шешендер біздің жігіттерге тиісіп, төлқұжаттарын тартып алмақ болды. Көп адам тұрғанына қарамай, жерге тиген оқ ыршып бейбіт тұрғындардың біріне тиіп кетуі мүмкін деп ойламастан, асфальтқа оқ атты. ДХР-дің тағы бір жауынгері үй-үйді аралап, жезөкше әйел іздеді. Біздің подъезден маған және тағы бір қызға көзі түсті. Басымыздан өткен бүкіл сұмдықты айтпай-ақ қояйын, ақыры әзер құтылдық, бірақ қатты қорқып қалдық.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мариупольдегі тозақты көрген Мырзағалиевтар Қазақстанды паналады

"КӨШЕДЕ МӘЙІТ ЖИНАЙТЫН КӨЛІК ЖҮРЕТІН"

Азаттық: Ресей әскері блокадаға алған Мариуполь қаласында үздіксіз бомба астында қалған жергілікті халық өзін қалай ұстады? Халық саяси тақырыптарды қызу талқылады ма, әлде "тірі қалсақ болды" деп, қара басының қамынан басқаны ойлауға мұршасы болмады ма?

Любовь Запевалова: Жұрт арасында "Украина – понад усе ("Украина – бәрінен жоғары") деген ұраннан басап "Ресей, алға!" дегенге дейін әртүрлі көңіл-күй болды.

Азаттық: Куәгерлердің сөзінше, қаза тапқан адамдарды тұрғын үйлердің ауласына жерлепті.

Любовь Запевалова: Бізде де солай болды: қазір үйіміздің жанында шағын зират бар. Паша қайтыс болған адамдарды жерлеп, тіпті, кей мәйіттерді қазып алуға көмектесті. Бірде "град" снарядының астында көр қазды. Өйткені біздің подъезден басқа ешкім көмектеспеді. Біреулер туысының мәйітін қазып алып, қайтадан дұрыстап жерлемек болды. Паша оларға да көмектесті. Қарттардың көбі соғыстың ауыртпалығына шыдай алмады. Қант диабетімен ауыратындар дәрі-дәрмек таба алмай көз жұмды. Кей азаматтар көрген сұмдығын көтере алмай, шатырдан секіріп мерт болды. Көп адам өртенген пәтердің ішінде немесе үйінді астында қалды. Оларды кейін құтқарушылар қазып алатын шығар. Көшеде мәйіт жинайтын көлік жүретін.

Қазақстандық Любовь Запевалова тұрған Азат етуші жауынгерлер көшесіндегі 90-үй. Украина, Мариуполь, 2022 жылғы наурыз.

Азаттық: Яғни көшеде мәйіттер жата ма?

Любовь Запевалова: Иә. Жол шетінде, көліктердің ішінде мәйіттер жататын. Басқа салған соң адам кез келген нәрсеге еті үйреніп кетеді екен ғой. Бірінші рет Азовсталь көшесіне шыққанымда тізерлеп отырып, жылағым келген. Кейін көзім үйреніп кетті. Өйткені айналаның бәрі сондай: қираған үйлер, сұрықсыз көшелер.

Азаттық: Мариупольдегі бір күніңізді сипаттап беріңізші? Көңіл-күйге қалай әсер етті, моральдық тұрғыда қиын болған шығар?​

Любовь Запевалова: Әр кезде әрқалай болды. Бомбалар түсіп жатқан кезде ұйықтайтынбыз. Бірақ жақын жерде снаряд жарылғанын естісек, дәлізге жүгіретінбіз. Телефон қуаты таусылғанша байланыс іздеп, басқалармен хат-хабар алмасуға тырысамыз. Ошаққа от жағып, тамақ пісіреміз, оған да көп уақыт кетеді. Ағаш жинадық. Кейде бомбалау кезінде басқа үйлердің тұрғындары жүгіріп келіп, пана сұрайды. 8 наурызда бір әженің қолы жараланды. Мен подъездің медбикесі сияқты болдым, бүкіл дәрі-дәрмекті өзім ұстадым. Әженің қолын тазалап, байлап, жарақаты терең болғандықтан медицина бөлімшесіне жібердік. Бірнеше айдан кейін немересі келіп, алғыс айтып, әжесі тірі қалғанын айтты. Моральдық тұрғыдан қандай сезімде болғанымызды айтпай-ақ қояйын. 3-5 наурызда дүкендер тоналған кезде көп жерде негізінен ішімдік ұрланды. Мен ішімдікке құмар емеспін, бірақ соғыс кезінде шылым шеге бастадым. Бір-екі апта бұрын ғана тастадым. Қатты суық болды, сондықтан тапқанымыздың бәрін үстімізге жамылып, жылынуға тырыстық.

Азаттық: Сонда дүкендер тоналды ма?

Любовь Запевалова: Кей дүкендер тоналды, кей азаматтар жағдайды түсініп, дүкеніндегі затты халыққа таратып берді. Кейін барлық дүкендер, тіпті зергерлік бұйым сататын жерлер де тоналғанын білдік. Соғыс кезінде кімге алтын керек болды екен? Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Қандай жағдай болмасын, адамгершіліктен аттамау керек. Біз иесіз қалған пәтерлерді аралап, тамақ пен дәрі-дәрмек қана алдық. Арасында жылы киім-кешек алып, көршілеріміз бен қарттарға апарып бердік.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Зират-қала": Ұлы мен күйеуінен айырылған Мариуполь тұрғынының әңгімесі

"СОҒЫС АЯҚТАЛҒАНША ҚАЗАҚСТАНҒА БАРМАЙМЫЗ"

Азаттық: Жағдай қашан тұрақтала бастады?

Любовь Запевалова: Наурыздың аяғында. Майдан орны қаладан ұзай бастады. Айналадағы сұмдық тыйылған жоқ, бірақ ауданымыз оккупанттар қолына өткенін, бізге қарсы оқ атылмайтынын білдік.

Азаттық: Аудан басқыншылар қолына өткеннен кейін не болды?

Любовь Запевалова: Олар бізге тиген жоқ. Көрші үйдің тұрғындарына жиналуға бес минут беріп, "эвакуациялады". Олардың пәтеріне әскерилер келді. Кімдер екенін білмеймін, әртүрлі ұлт өкілдері болды. Су әкелді. Халық көп жиналды. Әскерилер әуеге оқ атып, халықты таратпақ болды. Кейін бәрін кезекке тұрғыза бастады.

Адам көп болды, бәрінің қолына концлагерьдегідей нөмер жазып, суды сол бойынша таратты. Таңғы төртте барып, кезекке тұратынбыз. Бәрібір айқай-шу, талас-тартыс көп болатын. Адам басына он литр судан берді. Ол кезді қысқаша бітпейтін кезек пен тоқтаусыз күту деп сипаттар едім. Әр күніміз осылай кезекпен өтетін. Бірде досымыз арнаулы жасақтың қолына түсіп қалды. Олар досымыздың құлағын кесіп ала жаздап, "Өрмекші" арнаулы жасағы! Ұмытпа!" депті. Онысы жадымызда қалды. Оларды садистер деп жазсаң болады.

Your browser doesn’t support HTML5

Мариуполь: Соғысқа дейін және кейін

Азаттық: "Өрмекші" деген не? Олар өзін солай атаған ба?

Любовь Запевалова: Олар қалай бөлінетінін білмеймін. Өздері "Ұмытпа. Біз – "Өрмекші" арнаулы жасағымыз" депті.​

Азаттық: Мариупольден қалай шықтыңыздар?

Любовь Запевалова: Танысымыздың досы адамдарды Новоазовскідегі шекараға жеткізіп жүрді. Ақшаға, әрине. Шекарадан жаяу өттік. Ресей жақта Таганрогқа немесе Ростовқа апаратын таксилер күтіп тұрады. Олар да тегін апармайды.​

Азаттық: Демек жол ашық болды ғой? Жолға қанша ақша алды?

Любовь Запевалова: Біз [ресейліктер] "Азовстальді" басып алғаннан кейін кеттік. Ол кезде такси жүретін. Таныс арқылы болған соң, бізден көп ақша алған жоқ, ал былай адам басына 1500 гривен (шамамен 23 мың теңге – ред.) сұрайды. Ресей шекарасынан Ростовқа дейін көліктегі жолаушылардың бәріне – үш мың рубль (шамамен 25 мың теңге – ред.), Таганрогқа – 1,5 мың рубль (шамамен 12 700 теңге – ред.) бересіз.

Азаттық: Отбасыңызбен бірге кеттіңіз бе?

Любовь Запевалова: Төрт адам болып шықтық: Паша, інісі, оның досы және мен. Ата-анасы пәтерге қараймыз деп, Мариупольде қалды. Иесіз қалған пәтерде үш ай тұрған адам үйді өзіне меншіктеп алса болады екен деген хабар тарады. Ата-анамыз пәтеріміз біреудің қолына өтіп кетпесін деп, сол жақта қалды.

Ресей әскері тастап шыққан Мариуполь қаласында көшеде өліп жатқан бейбіт тұрғындар. Украина, 16 сәуір 2022 жыл.

Азаттық: Мариупольде көрген сұмдығыңыздан кейін Ресейде жүргенде қандай сезімде болдыңыз?

Любовь Запевалова: Достарымыздың үйінде тұрдық. Олар жақсы адамдар. Бұрыннан тек онлайн сөйлесетін көп адаммен жүзесіп, жақынырақ таныстық. Бұған қуандық әрине, бірақ әр жердегі Z таңбасын көргенде, жыным келетін. Питерге (Санкт-Петербург) барғанымызда қаланы аралаған жоқпын. Өйткені оларда ғимараттардың бәрі бүтін, бірақ реставрация жасалмаған, ескі. Ал Мариупольде жақында ғана жөндеуден өткен тарихи ғимараттардың күл-талқанын шығарды. Соған жүрегім ауырады. Мариуполь тамаша қала еді. Ал Питерге жаңа үйлер мен шіркеулер ғана салып, қаланың шырқын бұзып жатыр.​

Азаттық: Неге Қазақстандағы туыстарыңыздың жанына емес, Еуропаға көштіңіз?​

Любовь Запевалова: Соғыс аяқталмайынша, Қазақстанға бармаймыз. Өйткені Қазақстанда да соғыс басталып кете ме деп қорқамыз. Қазақстан Ресеймен шектеседі, ал Орал шекараға жақын орналасқан қала.

Азаттық: Қазір Германиядасыз. Ендігі жоспарыңыз қандай?

Любовь Запевалова: Әзірге баспана мен жұмыс тауып, қалыпты өмірімізге оралғымыз келеді. Қазір босқындар лагерінде тұрып жатырмыз. Мариупольде баратын жеріміз жоқ: бізді "азат етуге" келгендер пәтеріміздің күл-талқанын шығарды. Ата-анамызбен бірге тұруға тағы болмайды. Мариуполь туған Украинамыздың қолына өтсе, жаңа пәтер сатып аламыз. Украинаны, Мариупольді қатты жақсы көремін. Жақында телефоныма 28 маусымда Латвияда сирена қосылып, тексеру жұмыстары жүреді деген хабарлама келді. Соғыс ізімізден қуып, Еуропаға жетпейтін шығар деп үміттенемін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Өмір сүргім келеді деп айғайлады". Мариуполь драма театрына шабуылды көзімен көрген адамның әңгімесі"Балалар мені көріп қуанғанда, жанарыма жас тығылды". Соғыс кезінде сабақты жалғастырған ұстаздың әңгімесіПутин және трибунал. Украинадағы геноцид жөніндегі баяндаманы әзірлеген сарапшымен сұхбатРесей отанынан әкеткен украиндардың көрген тауқыметі"Байланыс, жарық жоқ, дәрі-дәрмек қат". Ресей басып алған Бердянск қаласының жай-күйі