Талегани Иран сайлауына түсетін алғашқы әйел бола ма?

Иран ішкі істер министрлігі ғимаратының баспалдағымен көтеріліп келе жатқан Азам Талегани (ортада). Тегеран, 14 сәуір 2017 жыл.

Сәуірдің 14-і күні орамал жабынған, темір сүйенішпен жүретін егделеу әйел Тегерандағы Иран ішкі істер министрлігінің баспалдағымен ақырын көтеріліп бара жатты. 73 жастағы Азам Талегани мамырдың 19-ы күні өтетін президент сайлауына кандидат ретінде тіркелуге келген еді.

Ол бағын үшінші рет сынағалы тұр. 1997 жылы 53 жастағы редактор және әйелдер құқығын қорғаушы Талегани өз елінде президент сайлауына үміткер болып тіркелген бірінші әйел ретінде тарихқа енді. Солайша ол бұрын-соңды әйел адамның президент сайлауына түсуіне рұқсат бермеген Ислам республикасындағы дискриминацияны әшкереледі. «Иранның жарты халқының (әйелдерді айтады – ред.) тағдыры шешілмек» дейді Талегани.

Талегани 1997 жылы да, 2009 жылы да сайлауға түсуге рұқсат ала алмады. Себебін ешкім түсіндірмеді. Содан бері 20 жыл өтті, қазір Талегани кандидат ретінде тіркелуге өтініш түсірген 137 әйелдің ішіндегі ең танымалы. Ол осы жолы да іріктеуден өтпей қалуы мүмкін екенін жақсы біледі.

«ЖЕКЕ ТҰЛҒА ДЕП ТЕК ЕР АДАМДАРДЫ АЙТУ ДҰРЫС ЕМЕС»

Иранда президент және парламент сайлауына түсетін үміткерлерді Күзетшілер кеңесі іріктейді, ымырасыз бағыттағы саясаткерлер бақылайтын мекеме осыған дейін әйел кандидаттардың бәрін тізімнен алып тастаған еді. Олар мемлекет конституциясын өздерінше түсіндіреді.

Талегани сәуірдің 17-сі күні Германияның dpa ақпарат агенттігіне берген сұхбатында «Әйелдер - Иран халқының 50 пайызы, сондықтан кем дегенде бір әйел үміткер болуы керек» деген. Танымал революционер, дін қызметкері Махмуд Талеганидің қызы Күзетшілер кеңесінің осы жолы да әйелдерді тізімнен алып тастауы мүмкін екенін біледі. «Оған мұқалмаймын, әйелдер құқығы үшін күресімді жалғастырамын» дейді ол.

Сәуірдің 14-і күні кандидатурасын тіркер алдында журналистерге сұхбат берген Талегани Иран конституциясы әйел үміткерлердің президент сайлауына түсуіне тыйым сала ма деген мәселені анықтау қажет екенін айтты. Даудың бәрі бір сөздің мағынасына келіп тіреледі.

«Бұл жерге саяси «режал» (rejal) сөзінің мағынасын айқындау үшін келдім» дейді ол. Иран конституцияның 115-бабында президент «діни және саяси режалдар арасынан тағайындалуы керек» деген сөйлем бар. Араб тілінен аударғанда «режал» - жеке тұлға деген мағына береді.

Бұған дейін Күзетшілер кеңесі «жеке тұлға» деп тек ер адамдарды айтамыз» деп түсіндіріп келген. Алайда кеңестің баспасөз хатшысы Аббасали Кадходайи желтоқсан айында мамырдың 19-ы күні болатын сайлауда «режал» мәселесіне қатысты бір шешімге келмегендерін айтты.

Талегани сәуірдің 15-і күні Нью-Йоркте орналасқан Адам құқықтары жөніндегі орталыққа берген сұхбатында «Араб тілінде «саяси жеке тұлғалар» термині білімі мен басқару тәжірибесі бар адамдарға қатысты айтылады, олар саясатты түсінуі керек» деді.

Күзетшілер кеңесі әйелдерді әйел болғаны үшін ғана жарамсыз санап отырғандарын айтпайды, бірақ көпшілік оны біледі.

Ислам революциясы әйелдер қоғамының бас хатшысы Талегани Күзетшілер кеңесінің әйелдерді сайлауға жібермеу себебін ешқашан ресми түсіндірмегенін айтты. «Күзетшілер кеңесі әйелдерді әйел болғаны үшін ғана жарамсыз санап отырғандарын айтпайды, бірақ көпшілік оны біледі. Мысалы менің басымдағы жағдайға келсек, саяси әрекеттерімді сынап, біліксіз деп шығаруы мүмкін» дейді ол.

Талеганидің президент сайлауына түссем деген ниетін қолдайтындар көп, солардың бірі - Иранның әйелдер ісі жөніндегі вице-президенті Шахиндохта Молаверди ханым. «Талеганидің бұл әрекеті - халыққа, әсіресе ер адамдар мен билікке жасалған үндеу, олар елдегі білікті әйелдерді бағалауы керек» дейді ол.

ТАЛЕГАНИДІҢ КҮРЕСКЕ ТОЛЫ ҒҰМЫРЫ

Талеганидің кандидат болу мүмкіндігін елемей отырған ирандық басылымдарды сынаушылар бар. Журналист Мехди Бабаи мемлекеттегі күнде шығатын газеттердің ешбірі Талеганидің тіркелгенін бас тақырып ретінде жазбағанын айтады.

Талегани көп жылдар бойы Иран әйелдерінің құқығын қорғап келеді, солайша ол ислам дінін біржақты түсіндіретін ымырасыз саясаткерлерге қарсы шықты. Талегани - 1979 жылы Ислам революциясынан кейін Иран парламентінде депутат болған алғашқы әйелдердің бірі.

Әйелдер құқығын қорғаушы Азам Талегани.

Көптеген жылдар бойы ол Payam Hajar журналында редактор болды, көп әйел алу сияқты мәселелерді сынап, әйелдер құқығын қорғап мақалалар жазды, мұра қалдыру мәселесінде әйелге де тең құқық берілуі керек деген ұсыныстар көтерді.

2000 жылы билік либерал және реформашыл басылымдарды қудалап, журналды жауып тастады. 2003 жылы Талегани қамаудағы иран-канадалық фотожурналист Захра Каземидің қазасынан кейін саяси тұтқындарға қысым көрсетуге қарсы шығып, Евин түрмесі алдында жалғыз наразылық шарасын өткізді.

2009 жылы Махмуд Ахмадинежадты президент етіп қайта сайлағанда мемлекеттің тұрғындарға қысым жасағанын сынады. Бұдан бөлек, ол оппозициялық қайраткерлер Мир Хосейн Мусави мен оның әйелі, университет профессоры Захра Рахнавардтың және реформашыл дін қызметкері Мехди Каррубидің үйқамаққа алынғанын көпшілік алдында сынады.

Иран революциясы ирандықтарға бостандық пен әділет әпереміз деген бағытынан жаңылды. Революцияның негізгі қағидалары бұзылды, адамдарға берген уәделер орындалмады.

Бұл үш адамды Иран үкіметі 2011 жылы Ахмадинежадтың қайта сайланғанын сынағаны үшін және адам құқықтарын бұзу деректерін әшкерелегені үшін қамауға алған еді. 2013 жылы берген сұхбатында Талегани «Иран революциясы ирандықтарға бостандық пен әділет әпереміз деген бағытынан жаңылды. Революцияның негізгі қағидалары бұзылды, адамдарға берген уәделер орындалмады» деп мәлімдеді.

Сәуірдің 18-і күні Талегани бірқатар Иран саясаткерлерін антисемиттік пікірлері үшін сынап, «олар Израиль үкіметін сынау мен еврейлерді қорлаудың ара-жігін ажыратып алуы керек» деді. Оның айтуынша, «Холокостты терістеу – сауатсыздық белгісі».

Әйелдер құқығын қорғаушы, танымал белсенді, Лондонда орналасқан «Иранда әділ сот орнату» тобының жетекшісі Шади Садр «Талеганидің позициясынан айнымай, Иран әйелдерінің саяси мүмкіндіктерін қорғап келе жатқанын» айтады.

Садр Азаттыққа телефон арқылы «Ол алған бетінен қайтпайды, осы мәселеге қоғам назарын аудару үшін өзінің және әкесінің тәжірибесін қолданып жүр» деді. Ол темір сүйенішпен баспалдақпен көтеріліп келе жатқан Талеганидің биылғы фотосы өзіне қатты әсер еткенін айтады.

«Суретке қарап Талеганидің қартайғанын байқаймыз. Денсаулығы нашар, әзер келе жатыр. Осы суреті иран әйелдерінің күресін бейнелейді. Бірақ кемсіту әлі де бар» дейді Шади Садр.

Голназ Эсфандиаридің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.