Иран Еуропаға газ сатуға дайын екенін мәлімдеді

Иранның Оңтүстік Парс газ кеніші.

ЕО Ресейдің энергетика саласына тәуелділігіне алаңдап отырған тұста Иран газ жеткізіп бере алатынын мәлімдеді. Батыс санкцияларынан құтылғысы келетін Иранның бұл амалы іске аса ма?
«Білікті дипломаттар тығырықтан жол табады» деген сөз бар. Иран саясаткерлері де осы ережені ұстанатын сияқты.

КҮНІНЕ 50 МИЛЛИОН ТЕКШЕ МЕТР

Украинаға қатысты Еуропа Одағы (ЕО) мен Ресей араздығы ушыққан тұста Иран шенеуніктері Тегеранның Еуропаға табиғи газ жеткізуге дайын екенін бірнеше мәрте мәлімдеді. Қазір Еуропа газдың 30 пайызын Ресейден алады.

Иран – табиғи газ қоры бойынша әлемдегі Ресейден кейінгі екінші ел. Бірақ ЕО Ираннан табиғи газ импорттауға эмбарго жариялаған. Бұл – Тегеранның ядролық бағдарламасына жарияланған санкциялардың бір бөлігі. Алайда Иран санкцияларға қарамастан қайта-қайта ұсыныс жасап отыр.

Алайда мұнда бір мән бар. Австрия астанасы Венада әлемдік державалар мамырдың 14-16-сы күндері Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөз өткізеді. Иран газ туралы ұсынысын халықаралық санкцияларды алып тастауға себі тие ме деген үмітпен жасауы мүмкін.

Лондондағы SOAS (Шығыстану және африкатану мектебі) ғылыми қызметкері Гонче Тазими: «Украина дағдарысы Иранға тиімді болатын түрі бар» дейді. Оның айтуынша, «Тегеранның болашақ энергетикалық нарықты қалыптастыруға шамасы жетеді. Ол нарық Еуропаның Ресейге тәуелді болмауына мүмкіндік береді». «Ресей әрдайым энергетикалық ресурстарын саяси тұрғыда саудалап отырады, бұл әрі Еуропаның осал тұсы болып тұр» дейді Тазими.

Алайда Тегеран бұл ұсынысын келіссөздермен байланыстырып отырған жоқ. Керісінше, газ туралы мәлімдемені Иранның мұнайға қатысты шенеуніктері ғана жасаған. Олар соңғы бірнеше апта ішінде ол ұсыныстарын бірнеше рет қайталады.

Иранның мұнай министрі Бижан Зангане мамырдың 3-і күні «газды қомақты көлемде жеткізе алатын ел болғандықтан, Иран Еуропаға газ сатуды қалайтынын» айтты. Бұған қоса Иран тарапы «табиғи газды құбыр арқылы не сұйытылған күйінде жеткізуге дайын» екенін мәлімдеді.

Иранның Оңтүстік Парс табиғи газ кенішінің құбырлары.

Ал мамырдың 14-і күні Иран мұнай министрінің халықаралық және сауда мәселелері жөніндегі орынбасары Әли Маджиди «Еуропаның Иран газын құбырмен Түркия арқылы алуына болады» деді. Ол Иранның «күніне 4 миллионнан 50 миллион текше метрге дейін газ жеткізе алатынын» айтты.

Маджиди тіпті «Ирак, Сирия, Ливан арқылы өтетін екінші құбыр желісін, Армения, Грузия арқылы Қара теңіз түбімен өтетін үшінші құбыр желісін тартуды ұсынған.

Алайда Батыс елдерінен бұл ұсынысқа жауап болмай тұр. Иранның бұл ұсынысына таңдануы тиіс Ресейден де тырс еткен «дыбыс» жоқ.

Тазимидің айтуынша, «Ресей ЕО-ның Украина дағдарысына байланысты жариялаған санкцияларына жауап қайтаруы, яғни ол жаққа беріп отырған газ көлемін азайтуы мүмкін. Осы жағдайды пайдаланып Иран Еуропаға табиғи газ сатқысы келетіндерін айтып қалып жатыр. Иранның бұл әрекеті Мәскеуге ұнамайды».

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерде Батыс қатаң позициясын өзгертпей отыр. Онымен салыстырғанда Мәскеу мен Пекин әлдеқайда жұмсақ позиция ұстанып келеді. Енді Тегеранның Батысқа жақындауға талпынысы осыған дейінгі балансты бұзуы мүмкін.

Соңғы кездері Ресей Иранмен тығыз байланыс орнатуға тырысып баққан. Енді бұл жоспар да бүлінуі мүмкін.

Иран президенті Хассан Роухани мен Ресей президенті Владимир Путин. Бішкек, 13 қыркүйек 2013 жыл.

Russia Today агенттігі мамырдың 7-сі күні «Мәскеу мен Тегеран ғарыш кеңістігін игеру жөнінде құпия келісімге қол қойды» деп хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, ирандық ғарышкерлер енді Ресейде жаттығады. Мұндағы мақсат – Иранның Жерді бақылайтын және телекоммуникациялық спутниктер жасауына көмектесу.

Ал мамырдың 15-і күні «Известия» газеті «Иран Ресейдің «Глонасс» спутниктік навигациялық жүйесіне арналған жерүсті станциясын салады» деп хабарлады. Ол – GPS (Global Positioning System) жүйесінің баламасы. Әзірге Ресей аумағынан тыс небәрі төрт құрылғы бар. Бірі - Бразилияда, үшеуі - Антарктикада. Жаңа станция осы құрылғыларды толықтыра түспек.

ЕУРОПА НЕГЕ ҮНДЕМЕЙДІ?

Иранның табиғи газ туралы ұсынысына Еуропаның жауап қатпай отыруының бір себебі бар.

Сарапшылардың пайымдауынша, Тегеранның газ өндіретін де, оны тасымалдайтын да инфрақұрылымы жоқ. Сол себепті әзір ірі газ экспортеріне айнала алмайды. Бұл мәселені шешу үшін шетел инвестициясы керек. Ал ол шаруа Батыстың қазіргі санкциялары тұрғанда мүмкін емес.

Ираннан шыққан экономист, ұлыбританиялық Betamatrix халықаралық консалтинг компаниясының маманы Мердад Эмадидің айтуынша, «Иранның мұнай және газ секторын модернизациялау керек. Соңғы 20 жыл ішінде бұл салаға Батыс технологиясы енбеген».

«Иран үкіметінің есебінше, энергетика секторын жаңарту үшін 8 жыл ішінде 300 миллиард доллардай инвестиция құйып, негізгі жабдықтарды ауыстыру керек» дейді ол.

Ираннан тартылып жатқан газ құбыры. Армения. (Көрнекі сурет)

Тіпті санкциялар жойылған күннің өзінде бұл салада қордаланған мәселе көп. Соның бірі – табиғи газға деген Иранның өз ішіндегі сұраныс.

Венадағы Atieh International консалтинг компаниясының маманы Бижан Хаджепурдың есебінше, Иран қазір жылына 160 миллиард текше метр газ өндіреді. Оның түгеліне жуығын Иранның өз халқы пайдаланып отыр. Иран жыл сайын Түркияға шамамен 10 миллиард текше метр газ экспорттағанымен, өзі Түркіменстаннан жылына 7 миллиард текше метр газ алады.

Оның үстіне Иранның газға мұқтаж көршілері - Ирак, Оман, Пәкістан бар. Иран табиғи газ өндірісін күшейткен күннің өзінде оны алуға кезекке тұратын елдер - әуелі осылар.

Бірақ сарапшылардың есебіне сүйенсек, Иранның жалпы газ қоры аймақтағы үш көршісі мен Түркияның сұранысын қамтамасыз етуге жетеді. Тіпті Еуропаға да артылып қалады. Алайда бұл жағдайға жету үшін Тегеран Катар мен Иран арасында жатқан шығанақтағы Оңтүстік Парс кенішін игеруі тиіс. Алайда сарапшылардың көбі ол кеніш игеріліп, Еуропаға газы жету үшін әлі 10 жылдай уақыт керек екенін айтады.

Бір қызығы, сарапшылар Еуропаның да Ресей газына тәуелділікті 10 жыл ішінде азайтуды жоспарлап отырғанын айтады.

Қазір ЕО шенеуніктері сұйытылған табиғи газды АҚШ-тан импорттау жайын жиі талқылап жүр. Бұған қоса, Еуропа елдері тақтатас қатпарынан газ өндіру сияқты балама жобаларды сөз ете бастады.

Ал осы аралықта Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздердің келесі отырысы таяп келеді.

Бұл келіссөздер кезінде АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия және Иран өкілдері келісім-шарттың соңғы нұсқасын дайындауға (шілденің 20-сына дейін) тырысады. Иран кейбір санциялардың жеңілдеуіне байланысты ядролық бағдарламасының белгілі бір бөліктерін уақытша тоқтатқан еді. Ол келісімнің мерзімі алдағы қарашада бітеді.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан).