ИМ-нің Орталық Азиядан адам жинауының жаңа әдісі

Сирияға кетті деген қазақстандық «жиһадшы» Марат Мәуленовтің (оң жақта) WhatsApp арқылы тараған видеосынан скриншот.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы қатарын толтыру үшін Сириядағы майдан алаңын «бала-шағамен тұруға ыңғайлы жер» деп дәріптеуге көшті. Олардың үгіт-насихаты Орталық Азия елдеріне бағытталған.

Көп әскери шығынға ұшырап, бәсекеге тап болған «Ислам мемлекеті» террорлық тобы Орталық Азиядан қатарына адам тартудың жаңа әдісіне көшті. Енді олар Сириядағы соғыс даласын отбасымен тұруға қолайлы аймақ ретінде дәріптей бастады.

Экстремистік топтың орысша үгіт-насихатпен айналысатын бөлімі жақында жариялаған екі видео да «бала-шағамен, тіпті немерелермен келіп, «Ислам мемлекеті» тобы қатарында соғыса беруге болады» дегенді меңзейді.

Жарты сағаттық видеода жасы 60-тардағы өзбек сарбазы барлық жастағы өзбектерді «Ислам мемлекеті» бақылауындағы аймаққа соғысқа келуге шақырады. Видеода өзбек тілінде сөйлейтін кейіпкердің сөзінің орыс тіліндегі аудармасы субтитрмен берілген.

Бұдан қысқарақ екінші видеода екі қазақ пен олардың балалары Қазақстандағы мұсылмандарды Сирияға барып соғысуға үндейді.

БӘСЕКЕЛЕСТЕР

«Ислам мемлекеті» тобының үгіт-насихат құралы саналатын Furat Media әзірлеген бұл видеолар экстремистердің Орталық Азиядан адам жинауға белсене кіріскенін айғақтайды.

Соңғы кездері Сирия мен Ирактағы біраз жасағынан айырылған террорлық топ енді солардың орнын толтыруды көздейтін тәрізді. Оның үстіне кейінгі уақытта «әл-Қайда» террорлық ұйымының Сириядағы серіктесі саналатын «әл-Нусра майданы» тобы Орталық Азиядан көп кісі тарта бастаған. Бәсекенің артуы ИМ-нің жаңа әдіске көшуіне түрткі болған сыңайлы.

ИМ экстремистік тобынан азат етілген ежелгі Пальмира қаласы. Сирия, 31 наурыз 2016 жыл.

Бұл екі террорлық топтың идеологиялары ұқсас болғанымен, олар Сирияда екі түрлі стратегия ұстанды. «Ислам мемлекеті» тобы «халифат» құрғандарын жарияласа, «әл-Нусра» басқа топтармен бірігіп президент Башар Асадты орнынан кетіруге күш салды.

Асадпен соғысу идеясы – Орталық Азиядан содыр жинауға қолайлы ұсыныс, оның үстіне Сирияда жүрген жасақтар да бұл бастаманы көбірек қолдайды. Мұның дәлелі – былтыр қыркүйекте «әл-Нусра» өзбектердің ең ірі қарулы тобы «Катиба Таухид уол-Жиходты» қатарына қосып алған.

Бұған қоса, аймақ мемлекеттері қауіпсіздік шараларын күшейткелі «Ислам мемлекеті» тобының Орталық Азиядан адам жинауы қиындап кеткен. Мәселен, 30 наурызда Мәскеуде «Ислам мемлекеті» жасағына кісі жинаумен айналысты деген айыппен 18 адам тұтқындалды, олардың көпшілігі – Өзбекстаннан келгендер.

Түркияда тұрып жатқан Өзбекстан азаматтары жақында Наурыз мерекесін тойлауға елдеріне барғанда әуежайда ұзақ тергелгендерін айтқан.

«ОТБАСЫЛАРҒА ҮНДЕУ»

Экстремистер жариялаған екі видеода да «соғысқа отбасыларыңмен келсеңдер болады» деген үндеу жатыр. Қазақтар туралы видео бір жасөспірім бала, бір бүлдіршін және бір жаңа туған сәбимен отырған содырларды түсірген кадрдан басталады. Екі кейіпкер де Сирияға бала-шағаларымен келгендерін айтады.

Қазығұрт ауылы тұрғындары "Марат Мәуленовтің балаcы" деген жігіт. (Видеодан скриншот.)

Азаттық радиосы Қазақ қызметінің мәліметіне қарағанда, өзін Марат Мәуленов деп таныстырған бірінші содыр Оңтүстік Қазақстан облысындағы мектепте орыс тілінен сабақ беріп жүрген жерінен алты баласы мен әйелін алып Сирияға кетіп қалған. Ал Ринат Жұмабеков есімді екінші содыр өзін «Ресейдің Орынбор облысындағы Орск қаласынан келген қазақпын» деп таныстырады. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Жұмабеков 2015 жылдың тамыз айында сегіз жасар ұлымен Түркияға кетіп, содан қайта оралмаған.

Өзбектерді соғысқа шақырған видеода өзін Әбу Әмина деп таныстырған ер адам «жиһад жолындағы ұрысқа отбасымды түгел алып келдім» дейді. Бұдан соң ол Ауғанстанда өзбек жасақтарының құрамында бірнеше жыл соғысқан соң 2015 жылы 60 жастағы әйелі, қыздары және немерелерімен бірге Сирияның ИМ бақылауындағы бөлігіне қалай барғанын айтып береді. Видеода Әбу Әминаның ең кіші немересімен отырған сәті көрсетілген.

International Crisis Group өкілі Дейрдре Тинанның айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстаннан Сирияға бүкіл әулетімен барып соғысқандар немесе алдымен өздері барып, артынан бала-шағасын алдырғандар туралы деректер бұрын да тіркелген.

– Бұл да «Ислам мемлекеті» тобы қоластындағы аймақта өмір тек соғыспен шектеліп қалмайды» дегенді меңзеп тұр, - деді Тинан Азаттыққа берген сұхбатында.

СОДЫР БАЛАЛАР

Екі видеода да Орталық Азиядан шыққан жасөспірімдердің ИМ жағында соғысқа қатысып жатқаны, «жиһад» майданында сәбилердің де «орны бар» екені айтылады. Қазақтар туралы видеода жасөспірім жігіт пен жас бала Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сес көрсетеді.

ИМ видеосында өзін Әбу Әмина деп таныстырған ер адам кішкентай баланы көтеріп тұр.

Ал өзбек видеосында қарт содыр Әбу Әмина жасөспірім немересінің өзімен бірге ұрысқа қатысып жүргенін мақтанышпен жеткізеді және 14-тен асқан көп баланың «жиһадшы» болып жүргенін айтады.

Бәсекелес «әл-Нусра» ИМ тобын «түрлі қылмысқа жол беріп, мұсылмандарды өлтірді» деп көп айыптайды. Жаңа жарық көрген материалдар мұны жоққа шығарып, ИМ-нің «дұрыс» діни идеологияға негізделгенін, оған сенуге болатынын «құрметті» әке, аталардың образымен дәлелдеуге тырысқанын аңғартады.

Жұртты қызықтырып, қатарына адам тарту әдісі қаншалық нәтиже беретіні әзірше белгісіз. Furat Media жасаған екі видео интернетте тарап кетті, бұл олардың өз мақсатына әлеуметтік желілерді, соның ішінде Telegram хабарлама тарату жүйесін белсенді пайдаланып отырғанын көрсетеді.

(Йоанна Паражчуктың материалы ағылшын тілінен аударылды.)