Газа секторындағы палестиналық ХАМАС радикал тобы (АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған) әлі күнге дейін аманат ретінде ұстап отырған адамдардың жартысын босатса, онда Израиль ұзақ мерзімге атысты тоқтату режимін енгізуге дайын. Израиль ХАМАС-қа осындай ұсыныс жасаған деп Reuters жазды.
Агенттік бұл ақпаратты аты-жөні аталмаған израильдік шенеуніктерден алғанын айтты. Осы ақпаратпен бір мезгілде Израиль армиясы Газа тұрғындарын эвакуация жасау туралы жаңа бұйрықтан беріп, сектордың оңтүстігінде "қарқынды операциялар" басталатынын мәлімдеді деген хабар тарады.
Reuters дереккөздерінің айтуынша, Израиль 40-50 күнге атысты тоқтатып, сол уақыт ішінде ХАМАС тобына аманат ретінде ұстап отырған адамдардың жартысын, оған қоса өлген адамдардың жартысына жуығын қайтарып бер деген ұсыныс айтып отыр. Израильдің дерегі бойынша, ХАМАС тобы аманат ретінде 24 адамды, қаза тапқан 35 кісінің сүйегін әлі қайтармай отыр.
30 наурызда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль ХАМАС-қа қысымды күшейте береді, бірақ осы топ аманат ретінде ұстап отырған адамдарды босату жөнінде келіссөзді жалғастыруға ниетті деп мәлімдеген. Оның сөзінше, АҚШ президенті Дональд Трамптың Газадағы палестиналықтарға сектордан "өз еркімен қоныс аудару" туралы жасаған ұсынысы аясында ХАМАС жетекшілеріне Газадан шығып кетуіне рұқсат етіледі. Нетаньяху ХАМАС тобы қару-жарақтан арылуы керек деген Израильдің талабын тағы да қайталады. Бірақ ХАМАС ол талапты "қызыл сызық" деп атап, оған көнбейтінін мәлімдеді.
Өткен демалыс күндері ХАМАС қатарлық және египеттік араағайындардың ұсыныстарын қабылдағанын мәлімдеген. Ол келісімде Газада атыс-шабысты тоқтату режимін сақтай отырып, әр апта сайын бес адамнан босатып отыру көзделген.
31 наурызда Израиль армиясы Газа секторының оңтүстігіндегі Рафақ қаласының төңірегінде тұратын палестиналықтарға жағалаудағы Әл-Мауаси ауданына көшуді бұйырған.