Екі айға созылған бітімнен кейін Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторындағы ХАМАС тобы (АҚШ пен Еуроодақ террорлық ұйым деп таныған) нысандарына әуе шабуылын қайтадан бастады. Израиль армиясының өкілдері бұл жолы ХАМАС-тың орта буын командирлері нысанаға алынғанын және шабуылды кеңейтуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. ХАМАС тобының бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігі әуе шабуылдары салдарынан 230-дан астам адам қаза тапқан деп хабарлады.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кепілге алынған израильдіктерді босатудан бас тартқан ХАМАС тобына қарсы "батыл әрекет етуді" бұйырғаннан кейін ЦАХАЛ Газа секторына ондаған соққы жасады деп хабарлады The Times of Israel басылымы. Нетаньяхудың кеңсесі ХАМАС тобы АҚШ-тың Таяу Шығыстағы арнайы елшісі Стив Уиткофф пен басқа да араағайындардан "түскен барлық ұсыныстан бас тартқанын" айтты.
Израиль бұдан кейін "ХАМАС тобына қарсы іс-қимылында әскери күшін арттырады" және операция Израильдің әскери мақсатына жетуді – ХАМАС-тың әскери және мемлекеттік әлеуетін жойып, қалған кепілде қалған 59 адамды босатуға күш салуды көздейді деді Нетаньяху кеңсесінің аты-жөні аталмаған өкілдері.
Кепілге алынғандардың отбасылары бұл мақсаттар бір-біріне қайшы келетінін және соғысты қайта бастау олардың туыстарының өміріне қауіп төндіретінін айтып отыр. ХАМАС кепіліндегі Омри Миран Лишайдың әйелі шабуылдар басталған сәтте әлеуметтік желіде қақ айырылған жүрек белгісін жариялады. Бұрын ХАМАС кепілінде болған Ноа Аргамани де дәл осындай пост жариялады.
ЦАХАЛ мәлімдемесінде шабуылдар ХАМАС-тың орта буын командирлерін, саяси бюро мүшелері мен қозғалыстың инфрақұрылымын нысанаға алғанын айтты. Израиль қорғаныс армиясының мәліметінше, ЦАХАЛ әуе шабуылдарын "қажет болғанша" жалғастыруға және "операция ауқымын кеңейтуге" дайын. ЦАХАЛ "барлық майданда" шайқасуға әзірміз деп мәлімдеді.
Reuters агенттігі Израиль Газа секторына, оның ішінде Газа қаласы, Дейр-әл-Балах, Хан-Юнис және Рафах сияқты қалаларға шабуыл жасаған деп жазды.
Ал ХАМАС тобы болса Израильдің Газа секторында әскери іс-қимылдарды қайта бастауын кепілге алынғандарға шығарылған "өлім жазасы" деп атады.
ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігі әуе шабуылдары салдарынан кемінде 232 адам қаза тауып, мыңнан астам адам жараланды деп хабарлады. Соғыс жағдайында бұл деректің растығына көз жеткізу мүмкіндік болмай отыр.
Бірнеше күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желіде ХАМАС тобына "соңғы ескерту" жасап, ХАМАС-тан кепілде ұстап отырған израильдік тұтқындарды түгелдей босатуды талап еткен еді. Ақ үйдің ресми өкілі Кэролайн Левитт Израильдің ХАМАС тобына әуе соққысын жасау жоспары туралы Трамп әкімшілігін алдын ала хабардар еткенін айтты.
Израиль мен ХАМАС арасындағы бітім 19 ақпаннан бастап күшіне енген. Келісім бойынша, ХАМАС кепілде ұстап отырған Израильдің 33 адамын босатқан, ал Израиль екі мыңға жуық палестиналық тұтқынды түрмеден шығарған.
***
Израиль мен ХАМАС арасындағы қарулы қақтығыс 2023 жылғы 7 қазанда, ХАМАС және "Исламдық жихад" қарулы топтары (АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған) Газа секторынан Израильді жаппай зымыранмен атқылап, Израиль аумағына басып кіріп, адамдарды жаппай өлтіріп, жүздеген адамды кепілге алып кеткеннен кейін басталған. Бұған қарымта ретінде Израиль Газа секторына әуеден бастырмалата соққы жасады. Ал 27 қазан кешке ЦАХАЛ ірі күштерін Газа секторының солтүстік бөлігіне кіргізді.
Соғыс салдарынан 2023 жылғы 7 қазаннан бері Израильде 1200 адам қаза тапты, соның 800-ге жуығы – әскери қызметкерлер. ХАМАС-тың қарулы топтары 240-тан астам адамды кепілге алып, ұстап әкетті. Қазір 50-ден астам адам ХАМАС тұтқынында қалып отыр. Олардың кейбірін Израиль үкіметі өлді деп жариялаған. Газа секторында, палестиналық деректер бойынша, шамамен 47 мың адам қаза тапқан. БҰҰ, Human Rights Watch, ДДҰ, Израильдің "Бецелем" құқық қорғау ұйымы және басқа ұйымдар бұл деректер негізінен рас дейді, алайда Израиль үкіметі мен кейбір америкалық ұйымдар – Вашингтонның Таяу Шығыс саясаты институты, Демократияны қорғау қоры, Америкалық кәсіпкерлік институты – ол деректердің нақтылығына күмән келтіреді.