"Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылмандарды жер аударатын бағдарламасы бар"

Ұйғыр әйелі Қытай билігіне қарсы наразылық білдіріп тұр. Стамбұл, Түркия. 2020 жылдың қазаны.

Британиялық ВВС телеарнасы мен Шыңжаңдағы ахуалды зерттеуші неміс ғалымы Адриан Зенц Қытай билігінің Шыңжаңдағы жүздеген мың мұсылманды отбасынан ажыратып, басқа қалаларға жұмысқа жіберетін арнайы саясаты бар деп мәлімдеді. Бұл – Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылмандарды лагерьге қамау бағдарламасынан мүлде бөлек саясаты.

Америкалық Jamestown сараптама орталығы жариялаған Адриан Зенцтің баяндамасында Қытайдың "қайта саяси даярлау" бағдарламасымен қатар "кедейшілікпен күресті" желеу еткен мұсылмандарды мәжбүрлі түрде Шыңжаңнан басқа аймаққа жер аудару бағдарламасы бары жазылған. Зерттеуші "кедейшілік күрес" бағдарламасы экономикалық мақсаттан гөрі саяси мақсатты көздейтінін айтады.

Зенц Қытай бұл бағдарламаның кесірінен Шыңжаңда тұратын 1,6 миллион адамға мәжбүр еңбек миграциясы қаупі төніп тұр дейді.

ЗЕРТТЕУДІҢ ЖАҢАЛЫҒЫ НЕ?

Адриан Зенцтің бұл зерттеуі 2019 жылдың желтоқсанында жарияланып, 2020 жылдың ортасында өшірілген Қытай билігінің Нанкай баяндамасына негізделген.

"Шыңжаң [өлкесі] Хотан [аймағындағы] кедейшілікті азайту үшін ұйғыр жұмыс күшінің көшіру жұмысының есебі" деп аталған бұл баяндаманы Нанкай университетінің Қытай әл-ауқат және экономика институты әзірлеген.

Адриан Зенц зерттеуінде Нанкай баяндамасы осыған дейін ағылшын тіліне аударылмағаны, яғни назардан тыс болғаны айтылады. "Нанкай баяндамасы еңбек күшін көшіру бағдарламасының шынайы мақсатын әшкерелеп, бағдарламаның кедейшілікпен күресті де, экономикалық дамуды да көздемейтінін көрсетті" дейді неміс зерттеушісі.

Автордың сөзінше, Нанкай құжатында жұмысшыларды көшіру "Ұйғыр халқының тығыздығын азайтып, олардың "ассимиляциялануын" үдететіні, бағдарламаны "халықаралық деңгейде жария қылмай тыныш жүргізу" қажеті жазылған.

Адриан Зенц танысқан өзге қытайлық академиялық басылымдарда еңбек күшін көшірудің "күшейіп кеткен [ұйғыр] қоғамын бұзу" мен діннің теріс ықпалын азайтудағы маңызды амал екені жазылған.

Шыңжаңның солтүстік-батыс өңірінде мақта теріп жүрген әйел. 14 қазан 2018 жыл. Адрианц Зенц зерттеуінде Шыңжаңдағы мәжбүрлі еңбектің қатарында мақта терудің да бар екенін айтады.

Зенц "Қытай билігі Шыңжаңдағы отбасын жоспарлау жөніндегі әлсіз саясат еңбек күшінің шамадан тыс артуына әкелді, бұл қазіргі режимге жасырын қауіп төндіреді деп санайды" дейді.

Зенц зерттеуінде Қытайда осыған дейін айтылмаған екі науқанды да атап өткен. Пекин жүздеген мың мұсылман шаруа мен малшыны Шыңжаңнан мемлекет меншігіндегі ұжымдарға ауыстыруды жоспарлайды. Бұдан бөлек, Қытай билігі 2022 жылға дейін 300 мың ханьдықты Шыңжаңға көшіріп әкеліп, халықтың құрамын "араластыруды" көздейді.

Қытай үкіметінің мәжбүрлі еңбек арқылы Шыңжаңның этникалық құрамын өзгерту талпынысын әшкерелейтін Нанкай баяндамасы туралы британиялық BBC басылымы да жазды.

"Қытай билігі Шыңжаңдағы демографияны өзгерту талпынысын жоққа шығарып, жұмыс күшін көшіру табысты арттырып, ауыл-аймақтағы жұмыссыздық пен кедейлікті жоюға арналған дейді. Бірақ бізде бар дерекке қарағанда, Шыңжаңда кейінгі жылдардары салынған қайта даярлау лагерьлері секілді бұл саясат та мәжбүрлеу қаупін төндіреді және ол этникалық азшылықтарды өмір салты мен көзқарасын өзгерту арқылы ассимиляциялауға арналған" деп жазды BBC.

BBC басылымы да Нанкай баяндамасына және Адриан Зенцтің зерттеуіне сілтейді. Британиялық басылым баяндамадан бөлек 2017 жылы Қытай телеарналарында көрсетілген, бірақ осыған Батыс медиа құралдарының назарына ілінбеген телесюжетке де тоқтаған.

Сюжетте Шыңжаңның ауылдардың бірінде қызыл ту астында отырған шенеуніктердің 4 мың шақырым жердегі жұмыс орындарын жарнамалағаны көрсетіледі. Тілшінің сөзіне қарағанда, екі күн өткенде бірде-бір ауыл тұрғыны жұмысқа жазылмаған. Осыдан кейін шенеунікті үйлерді жеке-жеке аралаған.

Телесюжетте шенеуніктердің 19 жасар қызды қалай көндіргені, бойжеткеннің басында әбден қарсыласып, кейін "басқалар барса, барайын" деп көнгені баяндалған.

Ұйғырлар тұратын ауылдың көшесінде жұмыс істеп жүрген адамдар. Шыңжаң, 13 қыркүйек 2019 жыл.

Британиялық басылым Ұлыбританиядағы Шеффилд Халлам университетінің адам құқығы және заманауи құлдық жөніндегі профессоры Лаура Мерфидің осы видео туралы пікірін келтіреді.

"Қытай үкіметі адамдардың осы бағдарламаларға қосылу-қосылмауда ерікті екенін әрдайым айтады. Бірақ бұл [телесюжет] мұның мәжбүрлеу екенін, халықтың оған төтеп беруге мүмкіндігі жоғын әшкерелеп отыр" дейді 2004-2005 жылдары Шыңжаңда тұрған Мерфи BBC-ге.

"[Телесюжет] сондай-ақ түпкі мақсатты да көрсетіп отыр. Адамдарды кедейліктен шығару деп аталғанымен, адамдардың өмір салтын өзгертіп, туыстарынан ажыратып, халықты ыдырату, тілін мен мәдениетін, отбасы құрылымын өзгерту әрекеті байқалады. Бұл кедейлікті азайтудан гөрі күшейтуі мүмкін" Лаура Мерфи.

ЕҢБЕК КҮШІН КӨШІРУ БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Автордың жазуынша, Шыңжаң өлкесіндегі еңбек күшін көшіру бағдарламасы 2000 жылдардың басында басталған. Бағдарлама 2010 жылға дейін "артық жұмыс күші" саналған 2,2 миллион адамды қамтыған. Оның 83,8 пайызы – ұйғыр, қазақ және қырғыз сынды ұлттар. Билік өкілдері бұл кезде этникалық азшылық өкілдерінің тәртібіне шағымданып, компаниялардың оларды жұмысқа алуға құлықсыз екенін айтқан.

2013 жылы Пекинде, 2014 жылы Куньмин қаласында жаяу жүргіншілерге шабуыл жасалып, Қытай билігі бұған ұйғыр сепаратистерін айыптаған. Осы екі шабуылдан соң Қытай басшысы Си Цзиньпин "ұлттардың өзара араласуына" шақырып, билік бұл мәселенің шешімі ретінде "жұмыспен қамту" және "кедейшілікпен күрес" деп тауып, науқан бастаған.

Зерттеушінің айтуынша, Қытай билігі 2016 жылы Шыңжаңдағы 2,6 миллион адамды "кедейшіліктен шығаруды жоспарлап", оның ішінде 1,74 миллион адамды еңбек миграциясына жіберу керек деп шешкен.

"Қытай үкіметі 2019 жылы, Шыңжаңдағы ауылдарда 2,59 миллион "артық еңбек күші бар" деп тапқан. Оның 1,65 миллионы – негізінен ұйғырлар тұратын Ақсу, Қашғар, Хотан және Қызылсу аймақтарының үлесінде" дейді Зенц.

"Еңбек күшін көшіру, бала тууды болдырмау және қайта даярлау лагерьлері – Пекиннің Шыңжаңдағы саясатының үшжақты, бірін-бірі толықтыратын тәсілі. Сол себепті бұл тәсілдер Қытайдың мәдени және демографиялық геноцид науқанының негізгі бөлігін құрап отыр" деп қорытады Адриан Зенц.

Шыңжаңда не болып жатыр?

Қазақстанмен шектесетін Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында ислам дінін ұстанатын байырғы жергілікті тұрғындар – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге халықтарға коммунистік биліктің қысым көрсетіп жатқаны туралы хабарлар 2017 жылдан бастап тарай бастаған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Бастапқыда Шыңжаңдағы лагерьлер жайлы айыптарды терістеген Пекин оны "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндіріп, лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атады. 2020 жылы маусымның соңында жарияланған халықаралық зерттеушілердің баяндамасында Қытай билігі ұйғыр, қазақ секілді түркітілдес ұлттар санын шектеу үшін әйелдерді ұрықсыздандыру процедурасынан өтуге немесе контрацепция қолдануға мәжбүрлейтіні айтылған.

АҚШ пен Батыс мемлекеттері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. АҚШ – Қытайға Шыңжаңдағы іс-әрекетіне бола санкция енгізген алғашқы ел. Қытаймен экономикалық байланыс орнатқан Қазақстан билігі қоғамның қысымына қарамастан Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымдарға ресми баға бермеді. Ресми өкілдер бірнеше рет "Шыңжаңдағы жағдайды Қытайдың ішкі саясаты" деген.

2019 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық DW телеарасына берген сұхбатында "Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да ұлты қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты" деп мұны АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси ойынның бір бөлігіне балаған.