JASSM ракетасының күші қандай? Қару Украинадағы соғысқа әсер ете ме?
Бұл – AGM-158 "біріккен жер мен әуе ракетасы" (Joint Air-to-Surface Standoff Missile – JASSM).
15 тамызда тараған ақпаратқа қарағанда, Вашингтон ұшқанда көзге бірден көрінбейтін қанатты ракетаны Украинаға беруге "ашық екенін" меңзеген. Азаттық радиосымен тілдескен сарапшы бұл зымыран Украинаға үлкен көмек болатынын, бірақ ракета соғыс ауанына толық әсер ете алмайтынын айтады.
АҚШ әуе күштерінің Lancer ұшағы жаттығу кезінде JASSM ракетасын тастап жатыр.
АҚШ-тағы Королдік қорғаныс зерттеу институтының (Royal United Services Institute) ғылыми қызметкері Джастин Бронк Азаттыққа "АҚШ бұл ракеталарды берсе Украина оккупацияланған аймақтардағы Ресейдің әуе базаларына, әскери орталықтарына, логистикалық орындарына дәл соққы жасай алар еді" дейді.
JASSM 2010 жылы сынақ кезінде ұшып барады.
Бірақ Бронк "бұл ракета өте қымбат тұратынын, шағын базаларды ату үлкен шығын болатынын" айтады. Ол JASSM ракеталарын "әскерге қосымша күш әрі қолдаушы күш ретінде пайдалануға болады" деп санайды. Бұл зымыранның біреуінің құны – 700 мың доллар.
JASSM ракетасының Сириядағы Абу Бакар әл-Бағдадидің кеңсесін жермен жексен еткен кез.
JASSM ракеталары АҚШ әскерінде 2009 жылдан бері бар. Вашингтон бұл зымыранды алғаш рет 2018 жылы Сирияда қолданған. 2019 жылы бірнеше JASSM ракетасы "Ислам мемлекеті" террорлық тобының лидері Абу Бакар әл-Бағдадидің отыратын жерін қиратқан.
JASSM ракетасы 2009 жылғы сынақ кезінде бункерге түскен сәт.
JASSM ракетасының базалық нұсқасы 370 шақырымға жете алады және 4,3 метрлік фюзеляжына 450 келілік бомба сыяды. JASSM зымыранының күші Англия мен Франция бірігіп жасаған Storm Shadow ракетасымен бір. Украина Storm Shadow ракетасымен 2023 жылы Ресейдің Қырымдағы Қара теңіз флотының штаб-пәтеріне соққы жасаған.
АҚШ әскерилері JASSM ракетасын ұшаққа салып жатыр.
Бронк бұл ракетаның соғысқа әсері АҚШ-тың Украинаға Ресейдегі нысандарға соққы жасауға рұқсат ету-етпеуіне байланысты деп санайды. "Ескеретін жайт, соғыста қанатты ракеталармен жеңіске жете алмайсыз. Дегенмен бұл ракета жаудың логистикалық, әскери орталықтарын және басқа да маңызды активтерін шығынға ұшыратады" дейді ол.
Украина президенті Владимир Зеленский ел аумағындағы әскери базада F-16 әскери ұшағына қарап тұр. Бұл – 4 тамызда түсірілген сурет.
JASSM ракеталарын F-16 ұшағына салуға болады. Қазір бұл ұшақтар Украина әскерінде бар. JASSM зымырандарын ракетаға қарсы жүйелермен атып түсіру қиын.
Америкалық әскери маман JASSM ракетасының ұшаққа салып жатыр.
Украинадағы соғыс жайлы жазып жүрген Substack жетекшісі Филлипс О'Брайен "АҚШ JASSM ракетасының кейбір технологиясы бөтеннің қолына түскенін қаламайды, сондықтан Вашингтон Украинаға бұл зымыранның алғашқы нұсқасын ғана беруі мүмкін" деп топшылайды.