Қалмұханбет Қасымов пен елдегі қоғамдық-саяси оқиғалар
Генерал-лейтенант атағы Қалмұханбет Қасымовқа Жаңаөзен оқиғасынан екі күн бұрын - 14 желтоқсанда 2011 жылы берілді. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен оқиғасы кезінде 16 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алған.
Жаңаөзендегі баспасөз конференциясы кезінде Азаттық тілшісінің "полицейлер бейбіт тұрғындарға қару қолдануы заңды ма?" деген сұрағына Қасымов "қажет болса, тағы қолданады" деп жауап берген. Ол ату туралы бұйрықты ешкім бермеді, Жаңаөзен алаңында полицейлерде қару қолданудан басқа амалы қалмады деп жауап берген.
Қасымов ішкі істер министрі болып тағайындалғаннан кейін бір айдан соң Ақтөбеде теракт болды. Бұл оқиға елде болған бірінші теракт болып саналады. 2011 жылы 17 мамырда жергілікті тұрғындардың бірі Рақымжан Мақатов Ақтөбе облысындағы ҰҚК департаменті ғимаратының алдында өзін-өзі жарған. Мақатов жарылыстан қаза тапқан. Үш адам жарақат алған.
2011 жылы Ақтөбе, Атырау, Алматы және Тараз қалаларында қарулы шабуылдар болды. Билік оны "радикалдар жасады" деп мәлімдеді.
2012 жылы Қазақстанда бірнеше антитеррористік операция болды. Операция барысында "террористердің көбі" қаза тапты. Алматы мен қала маңында болған оқиғалар кезінде 33 адам қаза тапқан. Олардың арасында 4 әйел және 7 бала болған.
2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа редакциядағы қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық және қылмыстық-атқару кодекстері күшіне енді. Құжаттарға сәйкес, елде "саяси баптар" бойынша жаза күшейтілді, сонымен бірге түрме жүйесіндегі қызметкерлердің құқықтары кеңейтілді. Төрт айдан кейін Қалмұханбет Қасымов полицияның генерал-полковнигі атағын алды.
2016 жылы жазда Ақтөбеде қарулы шабуыл жасалып, кемінде 6 адам қаза тапқан, оннан астам адам жарақат алған.
Бір жарым жылдан соң Алматыда он адамның өліміне себеп болған қарулы қақтығыс болды. Дерек бойынша, Алмалы аудандық ішкі істер департаментінің ғимаратына шабуыл жасаған адам күзетшінің Калашников автоматын тартып алып, полицейлерге оқ атқан. Табельдік қарумен қалада жүріп, ҰҚК департаменті, мемлекеттік кіріс департаментіне шабуылдар жасаған. Бұл оқиғадан соң Алмалы аудандық ішкі істер департаменті ғимаратының алдында биік қоршау пайда болды. Алматы қалалық ішкі істер департаменті өкілінің айтуынша, бұл қоршау басқарма жетекшісінің 'жеке қаражатына" орнатылған.
2016 жылы көктемде елдің кейбір аймақтарында "жер митингілері" болды. Наразы азаматтар биліктің жерді шетелдіктерге жалға берілуін қарастыратын жер реформаларына қарсылық білдірді. Ең әуелі бұл акция Атырауда 24 сәуірде басталды. Кейіннен оларға қалған қалалар мен аймақтар қосыла бастады.
Президент Назарбаев жерге қатысты наразылықты "арандатушылардың" өршітіп отырғанын айтып, оларды әшкерелеп, жазалауға шақырды. Полиция жер митингілеріне қатысқандарды ғана емес, сонымен бірге ол туралы әлеуметтік желілерде пікірін білдірген азаматтарды да ұстай бастады. Алматыда 29 сәуірде ұлттық пресс-клуб ғимаратының алдында жер мәселелеріне байланысты пресс-конференцияны өткізуге келген белсенділер күшпен ұсталды.
Алматыдағы "жер митингісі". Полицейдер жүзден астам адамды ұстады. 21 мамыр 2016 жыл
2018 жылы көктемде және жазда полицейлер елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдап, көшеге шығуға ниеттенген азаматтарды ұстады. ҚДТ - 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан, қуғындағы банкир, Қазақстан билігінің оппоненті Мұхтар Әблязов құрған.
Кейбір ұсталғандар әкімшілік жазаға тартылды. Бірнеше адам Әблязов құрған ұйымға қатысы бар деген айыппен қылмыстық жазаға ұшырады.
Шілденің 18-і күні Алматыда мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапты. Спортшы қала орталығында көлігінің жанында әлдекімдер салған пышақ жарақатынан ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болған. Спортшының өлімінен кейін Қалмұханбет Қасымовты қызметінен кетуді талап еткен ұрандар көбейді. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Денис Теннің өліміне байланысты алғаш рет пікірін 19 күннен соң айтты. Спортшының өлімін "оғаштық" деп атаған министрдің мәлімдемесі қоғамдағы наразылықты баса алған жоқ.
Қалмұханбет Қасымовқа бағынатын қызметкерлер соңғы уақытта бірнеше рет дауға қалды. Күз басталғалы бері елде полицей қызметкерлерінің табельдік қарумен әріптестеріне оқ атқаны туралы екі оқиға (Алматыда және Батыс Қазақстан облысында) тіркелген. Жемқорлықпен күрес қызметі қазан айында жоғары шенді екі полицейдің ұсталғанын хабарлады. Ақмола облысында полицей автобекетке "бұзақылық шабуыл жасады" деген айыппен күдікке ілінді. Жанар-жағар май бекетіне шабуылдан соң ішкі істер министрлігі "қызметкердің заңға қайшы әрекеті үшін" кешірім сұрады. Алайда министр Қасымов бұл сұраққа жауап бермеді.
Қазанның 5-інде халыққа жолдауында президент Нұрсұлтан Назарбаев кезекті рет "полицейлер жазалаушы емес, қиын жағдайда адамға қамқор көрсетуші болуы керек" деген. Ол ішкі істер министрлігі қызметкерлерін қайтта аттестациядан өткізу керектігін айтып, "штаттық құрамды оңтайландыруға" шақырған. Дәл осы отырыста Назарбаев Қасымовты "ең тәжірибелі полицей", "адал, ар-ұяты бар адам" деп атады.