Кая Каллас: еркін БАҚ Еуроодақ үшін өте маңызды

Еуропа дипломатиясының жетекшісі Кая Каллас

Еуроодақ АҚШ қолдауынан айырылған немесе айырылуы мүмкін ұйымдар мен елдерге көмектесу мәселесін талқылап жатыр. Еуропа дипломатиясының жетекшісі Кая Каллас Азаттыққа берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.

Мәселе Азат Еуропа/Азаттық радиосы жөнінде де болып отыр.

Каллас сұхбатында Еуроодақ үшін шынайы ақпаратқа қолжетімділік маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, АҚШ қолдауының азаюына байланысты қазір көптеген ұйым мен ел Еуроодақтан көмек сұрап жатыр. Сондықтан да Еуропа осы мәселені шешіп, берілетін көмек көлемін де анықтауы керек деді Еуропа дипломатиясының жетекшісі. Дегенмен ол Еуропаның барлығына бірдей көмектесуге шамасы жетпейтінін мойындау керек дегенді де меңзеген.

АҚШ-та импортталатын көліктер мен қосалқы бөлшектерге енгізілген 25 пайыздық баж салығы туралы айтқан Еуроодақ дипломатиясының басшысы бұл сөзсіз қымбатшылыққа апарады деді. Каллас Еуроодақтың да өз «жоспары барын» тілге тиек етіп, десе де сауда соғысы басталмайтынына үміт білдірді.

Украинадағы соғысты аяқтау мәселесіне қатысты сұраққа жауап берген Каллас қазіргі кезде Ресей жағынан бұған қатысты позитивті сигнал жоғын атап өтті. Калластың пікірінше, Еуроодақ Украина бойынша келіссөздерге қатысуы керек, өйткені бұл оның қауіпсіздігіне тіке қатысты және Еуропа қатыспаған кез келген келісімнің жүзеге асуы мүмкін емес.

Грузиядағы жағдайға тоқталған Каллас ондағы ахуалды "өте күрделі" деп бағалады.

"Грузия азаматтарының басым бөлігі Еуроодақты қолдайтынын және оған қосылуға ұмтылатынын білеміз. Алайда қазіргі Грузия үкіметі басқа бағытты таңдады. Мәселе біздің қандай құралдарды пайдалана алатындығымызда. Грузия үкіметіне азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға арналған қаражатты олардың еуропалық жолмен жүруіне көмектесу үшін қайта бағыттадық" деді Кая Каллас сұхбатта.

  • Дональд Трамп әкімшілігі АҚШ даму агенттігін (USAID) қаржыландыруды күрт қысқарту бойынша қадамдар жасаған. Оған қоса, Ғаламдық медиа агенттігінің қызметін (USAGM) барынша қысқарту туралы бұйрыққа қол қойған. Қабылданған шешімдер USAGM жетекшілігіндегі БАҚ ұйымдарын, соның ішінде Азаттық радиосының қаржы мәселесін туындатты. Еуроодақтағы бірқатар саяси күштер Азаттық радиосын сақтап қалу қажеттігін айтқан. ЕО-да медиа ұйымды қолдау мәселесі талқыланып жатыр.
  • "Настоящее Время" арнасының жазуынша, Еуропарламентте Азат Еуропа/Азаттық медиакорпорациясын қаржыландыруды тоқтату төңірегіндегі жағдайға байланысты тыңдау өтті. Депутаттардың басым бөлігі Еуроодақ Азаттық радиосына көмектесуі керек деп мәлімдеген. Әсіреоңшыл саяси топтағы депутаттар қарсы шықты. Олар Азаттық радиосын Америка пропагандасының құралы деп атап, қаражат аздығын алға тартты. Кеңейту мәселелері жөніндегі еурокомиссар Марта Кос "әлемдегі автократтарға сыйлық жасамас үшін" Азаттық радиосын қорғауға шақырып, пікірталасты түйіндеді.