"Ауырып, есінен танып жатқандар бар". Екі мың өзбек пен тәжік мигранты қазақ шекарасында бөгелді

Қазақ-өзбек шекарасында бөгелген мигранттар. 3 шілде 2020 жыл.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы "Жібек жолы" шекара бекетінің маңында Қазақстанда жалдамалы жұмыс істеп жүрген екі мыңға жуық тәжік және өзбек мигранты бір аптадан бері еліне өте алмай отыр. Өзбекстан коронавирусқа байланысты шекараны жапқан. Әдетте Тәжікстан азаматтары еліне автобуспен Өзбекстан арқылы қайтатын. Ал Өзбекстан шетелден келген азаматтарын 14 күнге жатқызатын карантин орталығында орын болмағандықтан, шекарада бөгелген азаматтарын орын босаса ғана өткізіп жатыр.

"Жібек жолы" шекара бекетіндегі автовокзал ішінде иін тіресіп мың жарымнан аса өзбек мигранты мен төрт жүзден аса тәжік мигранты жүр. Олардың ішінде әйелдер мен балалар, зейнеткерлер де бар. Бұл маңды жиырма шақты полиция қызметкері тәртіпті бақылап тұр. Автовокзал карантинді аймақ деп бекітілген.

Автовокзалға кіре берісте адамдардың айқайлаған дауысы естіледі. "Кері қайт!", "Кезек күтіңдер!" деген сөздер жиі айтылады.

Мигранттардың басым бөлігі бір-бір жүк сөмкесін жанына алып алған. Енді бір тобы сөмкелерін бір жерге үйіп қойған. Бастарына бас киім киген, кейбірі суланған шыт орамалды басына, иығына жауып алған. Аптап ыстықтан күйген, көлеңке іздеп таппағандар қатарласып отыр. Кейбірі астына картон қағаз төсеп жатыр.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақ шекарасында екі мыңға жуық өзбек пен тәжік мигранты өте алмай отыр

Қабағы түйілген, ашулы. Кейбірінің сөйлеуге шамасы жоқ. Бұл жерде коронавирустың сақтық шаралары сақталмаған. Арақашықтық сақтау атымен жоқ.

Автовокзалдың іші толған қоқыс. Босаған пластик бөтелкелер үйіліп жатыр.

Вокзалдың шетін жағалай саудагерлер жайғасқан. Олардың көбі су, нан, шылым сатып отыр. Кейбірі тамақ ішуге орындық қойған. Бірді-екілі адам келіп самса, тоқаш сатып алып жейді. Көбі ортадан бір қарбызды бөліп, бір-бір тіліктен алып, нан қосып барымен тамақтанып отыр. Айтуларынша, мұнда ас-су қымбат, тамақ сатып алуға ақшалары қалмаған.

Қазақ-өзбек шекарасындағы "Жібек жолы" бекетінде отырған мигранттар. 3 шілде 2020 жыл.

- Бір аптадан бері қиналып жатырмыз. Басымыздан күн де өтіп кетті. Күндіз-түні отырмыз. Таза жерде отырсақ та мейлі еді. Астымыздан сыз да өтіп кетті. Ауырып, есінен танып жатқандар да бар. Қашан кетеміз? Отбасымызға барғымыз келеді. Өтініш, алып кетіңіздерші. Шаршадық. Көмек беріңіздерші! - деді өзін Намиддин Садуллаев деп таныстырған Өзбекстан азаматы.

"ОТАНЫМЫЗҒА ӨТКІЗСЕ, ЖЕРІНЕ БОЛСА ДА ЖАТАМЫЗ"

Жиналғандардың дені Алматыдан жалдамалы жұмыс істеп, карантинге байланысты жұмыс тоқтаған соң үйлеріне қайтып жатқанын айтады.

Араларында студенттер де бар. Олардың сөзінше, шекара аймағына келместен бұрын Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігіне хабарласқан. Елшіліктегілер "Шекара ашық, келе беріңдер" деген соң жиналып келген.

- Жергілікті адамдар асы бар, наны бар, қолдарынан келгенше көмек беріп жатыр. Бірақ, қарасаңыздаршы, Өзбекстан азаматтары қор болып кеттік қой. Осылай сызда жата береміз бе? Сау адамның өзі қалмады. Біз мейлі жастармыз, арамызда қариялар бар. Әйелдер мен балаларды ғана өткізіп жатыр. Қарамайды ма жауапты адамдар? - деп айқайлады көпшіліктің ішінен суырылып шыққан жас жігіт.

"Жібек жолы" шекара бекетіндегі көрініс. 7 шілде 2020 жыл.

Алматыда оқитынын айтып, өзін жоғарғы оқу орнының 4 курс студентімін деп таныстырған Өзбекстан азаматы Шохжохон Хамидовтің сөзінше, жиналғандар ас-судан қиындық көрген. Ішетін су таппай қиналып жатқандар да бар. Көбі жүк сөмкесін жастанып жатыр.

Жасы отыздар шамасындағы ер адам "Түнде суық, төсеніш болмай сыз өтеді. Ауырғандар бар, кейбірі талып қалып жедел-жәрдем қызметін шақырды. Отанымызға өткізіп қойсын, жерінде болса да жатамыз. Дене қызуың көтерілсе, коронавирус дейді. Мұнда аш құрсақ, тас жерде жатқан адамның дене қызуы көтерілмей қайтсін? Не жейміз мұнда? Ақшамыз да бітті. Алматыға жұмыс істеп, отбасымызды асырау үшін келген едік. Тапқан ақшамыздың бәрі бітті ғой" дейді.

Автовокзал ішінде Азаттық тілшісін көрген Қарақалпақстан тұрғыны Жеңісбай Майенген өз азаматтарын шекарадан өткізбей отырған Өзбекстан билігіне ренішін білдірді. "Дамыған заманда мемлекет өз азаматтарын далада қалдырып, қиындыққа тастап қоймайды" деп есептейтінін айтқан оның сөзін жанында отырған серігі жалғады:

- Өз елімізге өзіміз өте алмай қор болып отырмыз. Күнде осы, тығырыққа тірелдік. Жол жоқ. Қалтамызда ақшамыз жоқ. Жоғарыдағылар, халықты ойлаңыздар!

"БАЛАЛАР ҚИНАЛА БАСТАДЫ"

Өзбек мигранттарының көбі күн астында отыр. Ал тәжік мигранттары жартылай күн астында, қалғаны шекара қызметі құрып берген әскери палаткаларға жайғасқан. Арасында әйелдер мен балалар да бар. Олардың келгеніне аптадан асқан. Қазақстанда жүрген тәжік мигранттары әдетте еліне автобуспен Өзбекстан арқылы қайтады.

- Таңертең сағат тоғызда өткізеді деген соң келген едік. Сағат түскі бір болды. Төрт балам бар. Кішісі – 3 жасар, үлкені – 9 жаста. Бұған дейін Алматыда тұрдық. Балалар қинала бастады, өздерін жайсыз сезініп жатыр, - дейді төрт баласының жанында отырған ер адам.

"Жібек жолы" шекара бекетінде отырған мигранттар. 7 шілде 2020 жыл.

Тәжік мигранттарының көбі Азаттыққа өз жағдайын айтудан бас тартты. Әскери палатканың астында иек тіресіп отырған олардың маңында Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігінен және өз араларынан сайлап қойған жетекшілері болды. Елшілік қызметкері Азаттық тілшісінің "Шекарадан өтуге не кедергі?" деген сұрағын жауапсыз қалдырып, қандай да бір комментарий бере алмайтынын айтты. Тәжікстан азаматтарының Өзбекстан шекарасынан өтіп, еліне қашан оралатыны басы ашық мәселе болып қалды.

Шекара бекетінде тұрған Қазақстан полициясы Өзбекстан азаматтарының аты-жөнін қолындағы паспортына қарап атай бастады. Аты-жөні аталған адамдар жүк сөмкесін арқалап, паспортын алып "Жібек жолы" шекара бекетіне қарай кетті. Оларды полиция күзетіп тұрды. Аты аталған адамдардан бөлек оларға бірнеше адам ілескенде полиция "кері қайт!" деп бұйырды.

Полициямен бірге Өзбекстан азаматтарының паспортын таратқан Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің өкілі Бахтиор Камаловтың Азаттыққа айтуынша, автовокзалда Өзбекстанның 1500-ден аса азаматы отыр, қазір олардың барлығына карантин аймағында орын жоқ (Өзбекстан шетелден келген әрбір азаматын арнайы орталықта 14 күн карантинде ұстайды).

Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің өкілі Бахтиор Камалов жұрт алдында сөйлеп тұр. 3 шілде 2020 жыл.

- Өзбекстандағы карантин аймағында орын жоқ. Қанша орын босайды, шекарадан сонша адам өтеді. Наурыз айында карантинге байланысты Өзбекстан шекарасын жапқаннан бері ["Жібек жолы"] шекара бекетінен алпыс мыңға жуық адам өткен. 5-6 күннен бері адамдар жиналды. Күніне 500-600 адамды өткізіп жатырмыз. Карантин орталығында қалай орын босайды, солай адамдарды алып кетеміз. 3 шілде кешке дейін мың жарым адамды алып кетеміз, - деді елшілік өкілі.

Шекарадан өтуге кезекте тұрғын өзбек мигранттар. 7 шілде 2020 жыл.

Осы кезде топтасып отырған мигранттардың ішінен өзін зейнеткермін деген азамат көмек сұрады.

- Бес күннен бері жатырмын. Өткізіп жіберіңіздерші. Қан қысымым көтеріліп тұр. Нан алуға ақшам қалмады, - деді ол.

Осы сәтте автовокзалдың бір бұрышынан "көмектесіңдер, өлетін болды ғой" деп айқайлаған дауыс естілді. Жұрт "не болды?" деп шулады. Шамамен 40 жастағы ер адамды жанындағы серіктері орнынан тұрғызып жатты. "Кеше түнде де қан қысымы түсіп, құлап қалған. Жедел жәрдем келіп, көмек берді де кетті. Аш, ақшасы қалмаған" деді жанындағылардың бірі.

Полицей есінен танып құлап қалған адамның жанында тұр. 7 шілде 2020 жыл.

Орнынан өзі тұра алмай бетін қайта-қайта сипай берген ер адамды екі адам қолтықтап автовокзалдан шығарып, шекарадан өту үшін сапқа тұрған өзбек мигранттарының қатарына алып барды.

"Өткізіп жіберіңдер!" деді автовокзалды күзетіп тұрған полицейлер әрең жүріп бара жатқан өзбек мигранты мен оның серіктерін нұсқап...

Наурыз айының соңында Өзбекстан коронавирус пандемиясына байланысты шекараны жапқан соң Тәжікстан азаматтарына Өзбекстан арқылы еліне өтуге рұқсат беруді тоқтатқан. Осыдан кейін Қазақстанда жұмыс істеп жүрген жүздеген тәжік азаматы екі айдай еліне өте алмай, "Жібек жолы" шекара бекетіндегі автовокзалда бөгелген еді. Ол кезде Өзбекстан азаматтары еліне емін-еркін өтіп жатқан.

Бірнеше ай шекара бекетінде отырған тәжіктер маусымның басында арнайы автобуспен Өзбекстан арқылы арнайы коридормен еліне кеткен.

19 маусым күні Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҚҰ) АҚШ, Норвегия және ЮНИСЕФ ұйымының қаржылай қолдауымен Қазақстанда қалған Тәжікстанның 635 азаматын 14 автобуспен отанына жеткізуге көмектескенін хабарлаған. Бұл шара Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан үкіметінің келісімімен жасалған.