Ақпанның 2-і күні Азаттық тілшісімен телефон арқылы қысқа ғана сөйлескен Марғұлан Сейсембаев қазір Қазақстанда екенін растады. Бұған дейін Қазақстанда өзі мен отбасының қауіпсіздігіне "ең жоғары дәрежеде кепілдік берілгені" туралы хабарлаған бизнесмен елге қандай шарттармен оралғаны туралы журналистерге комментарий бермейтінін айтты. Азаттық тілшісінің "Қауіпсіздігіңіз туралы кепілдікке сенімдісіз бе?" деген сауалына Марғұлан Сейсембаев:
- Сенімді болмасам келмес едім, - деп қысқа жауап берді. Ол елге қайтып оралғанына байланысты кейін әлеуметтік желіде ақпарат жариялайтынын айтты.
Біршама уақыттан бері шетелде жүрген Марғұлан Сейсембаев ақпанның 1-і күні Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында өзінің Мәскеу әуежайында екенін, өзіне "жоғары деңгейде кепілдік" берілген соң Қазақстанға қайтып оралатыны туралы жариялаған.
"Достар, мен Қазақстанға оралып жатырмын! Мен қазiр Мәскеудемiн. Менiң және менiң отбасымның қауыпсiздiгiне ең жоғары дәрежеде кепiл берiлдi! Өмiр жалғасуда, бiз бiрге әлi талай-талай жақсы жұмыстарды жасаймыз! Менiң жағдайымды түсiнiп, ақыл кеменгерлiктi көрсеткен "жоғарыдағы" кiсiлерге (аттарын атамайақ қояйын) рақмет айтқым келедi!" деп жазды ол (жазу пунктуациясы сақталды - ред.)
51 жастағы танымал кәсіпкер, "Альянс-Банктің" бұрынғы меншік иесі Марғұлан Сейсембаев тергеу органдары оны "БТА банктен қаржы жымқырған" деген айып тағылып, тұтқындалған бұрынғы бизнес-әріптесі Ескендір Ерімбетовтің ісіне байланысты жауап алуға шақырғаннан кейін Қазақстаннан кетіп қалғаны туралы қаңтардың 10-ы күні Facebook-тегі парақшасында жариялаған. Ол жолы Сейсембаев Қазақстанның билік орындары Ескендір Ерімбетовті шетелде қуғында жүрген "Мұхтар Әблязовтің заңгері болып істеген қарындасы Бота Жәрдемәліге қысым жасау мақсатымен тұтқындаған болуы мүмкін" деген болжамымен бөліскен.
Оқи отырыңыз: Марғұлан Сейсембаевтың екінші эмиграциясы
Бизнесменнің шетелге кеткені туралы жазбасына пікір қалдырған жүздеген желі қолданушылары оған қолдау білдірген. Бірнеше күннен кейін Сейсембаев АҚШ-тың Висконсин штатында екенін, америкалық бизнес-серіктестерімен бірқатар жобалар бойынша келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы да Facebook арқылы хабарлаған.
Бизнесмен Марғұлан Сейсембаевтың шетелге кеткені туралы мәлімдемесінен кейін үш аптадан соң Қазақстанға оралуына байланысты желі қолданушыларының пікірі әртүрлі.
Оның Қазақстанға қайтатыны туралы хабарды Facebook-тегі постына пікір қалдырғандардың кейбірі "тамаша жаңалық" деп қабылдаса, енді біреулер "кепілдікке сенбеуге" шақырған.
Сонымен бірге Сейсембаев қазір қылмыстық іс бойынша айып тағылып, Алматының тергеу абақтысында қамауда отырған "Ескендір Ерімбетовке қарсы куәлік ету" үшін билікпен ымыраға барды деп күдіктенетіндер де бар.
Бұған байланысты Марғұлан Сейсембаевтың өзі: "Ескендірге қарсы ешқандай куәлік бермеймін. Арамдықты ойдан шығаруды қойыңдар" деп жазған.
46 жастағы Ескендір Ерімбетов пен тағы үш адам өткен жылғы қарашадан бері абақтыда қамауда отыр. Туыстары мен жақтастары түрмеде Ерімбетовті ұрып-соғып, азаптағаны туралы мәлімдеген. Билік орындары азаптау туралы айыптауларды жоққа шығарып, "Ерімбетовтің жақтастары қылмыстық іске саяси реңк бергісі келеді" деп санайды.
Оқи отырыңыз: Азаптау шағымы "Ерімбетов ісінің" сипатын өзгертті
Марғұлан Сейсембаев Қазақстанға шетелден "биліктің кепілдігі" бойынша осымен екінші рет оралып отыр. Бұдан сегіз жыл бұрын Марғұлан Сейсембаев біраз уақыт болған шетелден Қазақстанға қайтып келіп, "президент Нұрсұлтан Назарбаевқа адалдығын" мәлімдеген. Сол кезде Сейсембаев "банк бизнесімен айналыспауды" ұйғарғанын да жария еткен еді. Сонымен бірге ол шетелде қуғында жүрген қазақстандық эмиграттарды өзінен үлгі алып, елге оралуға шақырған. Оған дейін Сейсембаев шетелде болған кезде оның меншігіндегі "Альянс банк" мемлекеттің иелігіне өткен.
2011 жылы Алматы соты Марғұлан Сейсембаевты "банк қаражатын заңсыз пайдаланғаны" үшін айыпты деп танып, оған екі жыл шартты жаза тағайындаған.
Содан бергі өткен уақыт ішінде Сейсембаев Қазақстанда бірқатар қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруға талпыныстар жасап көрді. 2016 жылы ол әлеуметтік желілерде "Байтақ дала" қоғамдық табиғи қорығын құру науқанын бастады, оған дейін отандық өндірушілердің өнімі сапалы болуы үшін күресетін "Жауап беремін" атты жаңа қоғамдық қозғалыс құру туралы бастама көтерген. Бірақ ол жобалар іске аспаған күйі қалды.
Кейбір сарапшылар Қазақстандағы саяси элита елде бейсаяси азаматтық қозғалыс құрудың өзін билікке төнген қатер деп қабылдайтындықтан, топ-менеджердің "Жауап беремін" бастамасы жайлы "әу бастан іске аспайтыны белгілі" деген болжам жасаған еді.