Шағымданбайды, берілмейді. Диссидент Арон Атабек 65 жасқа толды

2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған ақын, диссидент Арон Атабек. Алматы, қазан, 2007 жыл.

12 жыл бойы түрмеде отырған ақын әрі диссидент Арон Атабек 65 жасқа толды. Оған барған құқыққорғаушылар ақынның шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазасын жеңілдетуді сұрап өтініш беру ойына кіріп шықпайтынын айтады. Достары мен таныстары Атабектің сан қырлы тұлға екенін айтса, құқыққорғаушылар оның төзімділігіне тәнті болады.

АҚЫН, ӘКЕ

Арон Атабектің (Едігеев) кенжесі Айдана Айдархан (анасының фамилиясына жазылған) қазір 25 жаста. Шаңырақ оқиғасына дейін әкесінің саяси белсенділігі арқасында "жартылай отырықшы" өмір сүрген отбасы 2006 жылдың шілдесінде ол тұтқындалған соң Алматыға тұрақтаған. Бірнеше жыл бойы күнкөріс қамы үшін күресті.

- 2006 жылдың шілдесінде Шаңырақ оқиғасы кезінде 14 жаста едім. Жасөспірім болғандықтан оған қандай қауіп төніп тұрғанын түсінбедім. Халықтың сөзін сөйлеу қауіпті екен ғой. Шаңырақтан үйге басы жарылып келгенде де оқиғаның мәнісіне бармаған едім. Анам екеуіміз оның жарасын емдеуге тырыстық, Шаңырақ оқиғасына қатысушыларды ауруханаға қабылдамады. Кейін оны куәгер ретінде шақырды. Ол көк түсті күдері пиджагын киім, менімен қоштасты. Сол кезде бәрін ұқтым. Әкем үйге оралмаймын деді. Сол кезде мен, әрине, жылап жібердім, бекер істеппін деп қазір өкінем – онсыз да әкеме оңай тимеген еді, - дейді әкесімен соңғы кездесуін еске алған Айдана Айдархан.рхан.

Бұдан соң ол әкесін тек Алматыда өткен сотта ғана алыстан көріп, қол бұлғап, бір-біріне күлімсіреген.

- 2007 жылы қазандағы үкімнен соң оны көрмедім. Әкем өзімен кездесуге баруға тыйым салды. Ондағы ойы бізді "қысым жасау құралы ретінде қолданбасын" дегені екенін кейін жазады. Бізді көру оған өте ауыр тиеді деп ойлаймын. Жақын жандарыңның көз жасы барлық азаптан да ауыр ғой. Естуімше, оның шашы ағарған, тістері түскен және аяғы иілмейді, көптеген жылдар бойы карцерде суық бетонда, күн көзі түспейтін тар камерада жатқанның салдары ғой. Оның сол түрін көрсем, әрине, жылар едім, - дейді Айдана Айдархан.

18 жылға түрмеге қамалған ақын, диссидент Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан. Алматы, 30 қаңтар 2018 жыл.

Арон Атабектің азаматтық ұстанымы мен поэзиясын әлем таныды. Түрмеде де жазуын тоқтатпаған оған 2010 жылы "Тұтқындағы шығармашылық өкілі" ("Творец в заключении") номинациясы бойынша "Жазу еркіндігі" (Свобода созидать) халықаралық сыйлығы берілді. Сыйлықты тапсыру рәсіміне түрмеде жатқан ақынның туыстары қатысқан. Қызының айтуынша, әкесінің қолынан қаламы түспейтін – түні бойы жазатын.

- Әркез бір құшақ жазба қағазбен отыратыны есімде қалыпты. Бала кезімде үнемі көшіп-қонумен болдық. Жалдамалы пәтерде немесе достарымыздың саяжайында тұрдық. Бірақ оның жазуына еш нәрсе кедергі бола алмайтын - үнемі шығармашылық шабытпен жүретін, жазуын тоқтату ол үшін өліммен тең, - дейді Айдана Айдархан.

Қызының айтуынша, түрме басшылығы оның жазуына рұқсат бермей, жазбаларын жіберуге кедергі келтірген кездерді Арон Атабек азаптау деп қабылдаған. Кейде оның қолжазбаларын жоғалды деп жариялаған.

Оны екі рет Қостанай облысы Арқалық қаласындағы жабық түрмеге жіберген, ол жерде "түрме ішіндегі түрмеде" отырған. Кейін қайтадан Қарағанды облысындағы Қаражалға кеткен, 2014 жылдан бастап Павлодардағы қамау абақтысында оқшау отыр. Айдана соңғы уақытта әкесінің аты сирек естіле бастағанына қынжылады, тек жақында Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясы (ПАСЕ) ​депутаттары Қазақстан билігіне жасаған үндеуінде ғана Арон Атабектің есімі аталды.

ТҮРМЕДЕГІ ДИССИДЕНТ АҚЫН

"Нағыз шығармашылық адамына түрме кедергі болады алмайды", - дейді журналист және баспасөз тарихшысы Андрей Свиридов, алайда ол Қазақстан түрмесінде шығармашылықпен айналысқанды былай қойып, аман қалудың өзі үлкен проблема екенін мойындайды.

"Бірақ Арон Атабек сынды ой тереңіне бойлайтын диссидент ақынға үнемі рухани жұмыспен айналысу аман қалуға көмектеседі, сонда ғана түрменің көңілсіз күндері мен жан түршіктірер сұмдықтары оның жан-дүниесіне әсер етпейді" деп санайды ол.

Арон Атабектің досы және сазгер Бақтияр Аманжол Азаттыққа ақынның сан қырлы жан екенін айтты. Атабектің ғалым болуы мүмкін еді, бірақ ақындығы басым шығып, ғылыммен айналысуға мүмкіндік бермеді. Әскери адам болар еді, бірақ тағы да сол ақындығы сарбаз шинелін кигіздірмеді. Спортшы болуы да мүмкін еді, поэзия оған да жібермеді. 1986 жылы желтоқсанда поэзия оны Алматының бас алаңына шығарды, 2006 жылы шілдеде Шаңыраққа апарды, түрмеге де жетелеп әкелді. "Арон бұнда да поэзияға адалдығын көрсетіп отыр", - дейді Бақтияр Аманжол.

- Ол әлгі оқиғаларға дейін менен әндерін гитараға салуды сұраған еді. Әннің сөзі мен өлеңін өзі жазады, өзі айтады. Жиырмадан астам әнін айтты, мен олардың біразын өңдедім. Мысалы, "Гурии" әні өзінің рухани жолы туралы. Қазақ тіліндегі "Жерұйық" – өте мықты ән, оған біреулер бейнелип түсіріп, интернетке салыпты. "Қыз бен күшік" әні күшікпен ойнаған қызы туралы, сондай тартымды ән, - дейді Бақтияр Аманжол.

2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы. Азаттық фотогалереясы:

Шаңырақ оқиғасы, 14 шілде 2006 жыл.

Жақында Арон Атабек Бақтияр Аманжолға "Қазақ ария" атты жаңа кітабының қолжазбасын жіберіпті.

- Оны теріп шықтым. Өте мықты туынды, - дейді Бақтияр Аманжол.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰТАС БІР ДӘУІРДІҢ СИМВОЛЫ

"12 жылға жуық уақыт түрмеде отырған ақын әрі диссидент Арон Атабек – қазіргі қазақ дәуірінің символы", - дейді осыған дейін өзі де түрмеде жазасын өтеген Қазақстанның адам құқығы жөніндегі бюросының директоры Евгений Жовтис. Ол Арон Атабектің кей саяси жариялымдары және пікірлерімен принципті түрде келіспейтінін айтады.

- Атабекпен келісуге немесе келіспеуге болады, бірақ еркіндікте жүрсе де, түрмеде отырса да айналасында болып жатқан әділетсіздікке принципті түрде табандылықпен қарсы тұруы – сөзсіз құрметтеуге лайық, - дейді Жовтис.

Оның айтуынша, Арон Атабектің Шаңыраққа баруының өзі нағыз азамат екендігінің айқын көрінісі.

- Ол сол жерге барып, тұрғын үйі үшін күрескендерді қолдауға тиіспін деп санады, қазақ жастарын, қазақ отбасыларын қолдады, - дейді құқыққорғаушы.

Жовтистың пікірінше, Арон Атабекті түрмеде қатаң талаппен ұстауы, сан мәрте айыптау изоляторына отырғызуы, түрлі жаза тағайындауы, үсті-үстіне ескертулер жапсыруларына қарағанда ол әрқалай уақытта небір қиындықтарға төтеп беріп, ар-намысын жоғалтпаған рухы өте берік адам екенін көрсетеді.

АРОН АТАБЕКТІҢ ІСІ ЖӘНЕ САЯСАТ

Құқық қорғау ұйымдарының біразы Арон Атабекті саяси тұтқын деп таныды. Бірақ билік "Атабек ісін" тек қылмыстық іс деп атайды: 2006 жылғы шілденің 14-інде Шаңырақ ықшамауданындағы жаппай бүлікті ұйымдастырып, басқарды, соның нәтижесінде полиция қызметкері қаза тапты деседі. Бірақ, Арон Атабектің жеке өзіне деген көзқарастары әртүрлі екендігіне қарамастан, бұдан басқаша ойлайтындар көп.

Өзін оппозицияға жатқызатын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы саяси кеңесі президиумының жетекшісі Зәуреш Батталова "Атабек ісінің" әу бастан саяси астары болды деп біледі. Баспана мәселесінің өзі тұрғын үйге қатысты саяси мәселеден туындады, оның соңы Шаңырақ жанжалына ұласты дейді ол.

- Арон Атабек пен оның жолдастары іс-әрекетімен шамаласпайтын өте ұзақ мерзімге сотталды. Ертеңгі күні басқалар жерге деген құқығын қозғамасын деп әдейі өте қатаң шара қолданды, - дейді Зәуреш Батталова.

Шаңырақ оқиғасы. 10 жылдан соң ( Азаттық видеосы, 14 шілде 2016 жыл):

Your browser doesn’t support HTML5

Шаңырақ. 10 жылдан соң

Өз құқықтарын қорғау үшін тұрғындардың тез біріккені, оған қоса көптеген саяси және қоғамдық ұйымдардың бұл мәселеге араласа бастағанын көрген билік Арон Атабекті "өзгелер бұдан ары қандай да бір іс-шараға бармасын деген оймен әдейі ұзақ мерзімге қамады" деп санайды Зәуреш Батталова.

Азаматтық белсенді және журналист, оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының (Шаңырақ оқиғасынан жарты жыл бұрын жүргізушісі және оққағарымен бірге адам қолынан қаза тапқан, үшеуі 2006 жылы ақпанда Алматының іргесіндегі тау етегінен табылды) ағасы Рысбек Сәрсенбай да осындай пікір ұстанады.

Тәуелсіз 25 жылдың бүтін бейнесі. 2006 жыл:

Your browser doesn’t support HTML5

Тәуелсіз 25 жылдың бүтін бейнесі. 2006 жыл

Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, қылмыстық іс материалдары бойынша Алтынбек Сәрсенбайұлын ұрлап әкетіп, өлтіруге қатысы бар делінетін ҰҚК қызметкерлері түрмеден шартты түрде мерзімінен ерте босап шыққан және бостандыққа шығар алдында түрме әкімшілігі оларға "жағымды" мінездеме берген. Ал "Шаңырақ ісі" бойынша сотталғандарға түрме билігі жүйелі түрде ескертулер жапсырып, оларды мерзімінен бұрын бостандыққа шығу мүмкіндігінен айырып келеді.

- Адамгершілік, әділеттілік тұрғыдан қарар болсақ бауырымды өлтіргендер өмірінің соңына дейін түрмеде отыруға тиіс, ал Аронды босатулары керек. Оның үстіне, менің жеке пікірім бойынша, полиция қызметкерінің өліміне Арон мен оның серіктерінің қатысы бары дәлелденбеді, - дейді Рысбек Сәрсенбай.

АРОН АТАБЕКТІҢ СИРЕК ШАҒЫМДАРЫ МЕН ӨТІНІШТЕРІ

Павлодардағы тергеу абақтысының басшысы Асхат Молдахметов тұтқын Арон Атабектің жағдайы қалыпты екенін, "ширақ ақсақал" екенін айтты.

- Өзі қалағандай жалғыз отыр. 65 жасын ақыл-есі түзу, дені сау қалпында қарсы алды. Еш мәселе жоқ. Шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққысы келмейді немесе рақымшылық алғысы келмейді дегенді естімедім. Жаза мерзімінің үштен екісін өтегесін шілдеде шартты түрде бостандыққа шығуына құжаттарын әзірлеп жолдау – міндеттіміз, ары қарай судья қарап шешеді, - деді Азаттық тілшісіне Асхат Молдахметов.

Оның айтуынша, Арон Атабек ақындық шығармашылығына ешкім кедергі жасамасы үшін камерада жалғыз болғанды қалайды. Сонымен бірге ол Арон Атабектің түрмеде алған жазалары барын айтты.

- Бізге сол жазаларымен келді. Соңғы үш айда тәртіп бұзуы себепті олары әлі жойылған жоқ. Мүмкін, [шілдеде] мерзімі жеткенге дейін жойылар, - деді түрме бастығы Молдахметов.

Арон Атабекпен хабарласқандар оның камерада жалғыз отырса да, қамаудағы өміріне шағымданбағанын айтады. Ол тек өлеңдері жазылған қолжазбаларының тағдырына алаңдайды.

Бұған дейін әлгіндей қолжазбалары жоғалып кетіп, едәуір уақыт өткен соң қайта табылған еді. Кейін адресатқа жеткізу қиын болды, көбіне өлеңдерін алматылық құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожинаға жібереді, ол шығармаларды компьютерге теріп, кейін жариялауға тырысады. Азаттық тілшісімен әңгімеде Төреғожина қаржы мәселесіне байланысты жариялай алмай отырғанын айтты. Және Арон Атабек түрмеде үздіксіз жазып жатқандықтан соңғы екі жылда оның жазбалары көптеп жиналып қалған.

Диссидент Арон Атабек өзін 18 жылға соттау туралы сот үкімі шыққаннан кейін Алматының тергеу абақтысында. Ақпан, 2007 жыл.

Арон Атабек пен оның жарияланбаған шығармаларының тағдырына Павлодар облысы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының төрайымы Наталья Ковлягина да алаңдайды. Азаттық тілшісіне оның айтуынша, Атабек денсаулығы мен түрмедегі өміріне шағымданбайды, мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару туралы өтініш беру ойында жоқ, қазіргі тұрғылықты орны бойынша жасына байланысты зейнатақы тағайындау жайлы өтініш беруден де бас тартқан дейді Наталья Ковлягина.

"2014 жылдан бері АП-162/1 мекемесінің басшылығы оған осы жерге түскенде өзімен бірге болған, қолымен жазған жазбаларын пайдалануға рұқсат бермеді, ол кітаптар қауіпсіздік талабына сай емес және рұқсат етілген заттар тізімінде жоқ дегенді желеу етті. Атабекке сәлемдеме бергізбейді, жаңа киім де ала алмай отыр, бар киімі (шұлық, іш киім, жемпірлері) әбден тозған", - деп хабарлады Наталья Ковлягина Азаттық тілшісіне мессенджер арқылы.

Әйткенмен, Ковлягинаның айтуынша, түрмеде Атабектің еңсесі түспеген, дене шынықтыру жаттығуларын жасайды, әзіл айтып, әйгілі философтардан мысал келтіреді, хат, открыткалар алса өзін ұмытпағандардың барына қуанады.

- Өмірдің ұсақ-түйек қуаныштарынан қағылдым деп қайғырмайды. Тіпті әйелі мен қызы қиналмасын, қорлық көрмесін деп олардың келуіне тыйым салған. Қамауда отырғандармен кездесуге келетін адамдар үнемі көп, суықта оларды кезек күткізіп, тергеп, тінтіп кіргізеді, - дейді 2015 жылы Арон Атабекпен кездескен құқыққорғаушы Елена Семенова.

Әлеуметтік желіде Арон Атабектің мерейтойы елеусіз қалған жоқ. БҰҰ комитеттерінде Қазақстан азаматтарының құқығын қорғап, жеңіске жеткенімен танымал құқыққорғаушы, қазір АҚШ-та оқитын Анастасия Миллер "ТУҒАН КҮНІҢМЕН, АРОН!" деп жазды.

"Аронмен Арқалықтағы түрмеге мониторинг жасағанда бірнеше рет сөйлестім. Оның сағы сынбағанын көріп қайран қалдым. Басқалар сыртқы әлеммен байланысы жоқ, ақ пен көк түске боялған қабырға мен кішкене терезеден басқа ештеңе көрмейтін темір торда жалғыз отырса әлсіздігін байқатып алар еді. Ол болса күліп, әзілдеп отырды", - деп жазады Анастасия Миллер.

Миллер қаңтардың 29-ы күні Center for Civil & Human Rights, Notre Dame Law School таныстырылымында болып, "Гуантанамо күнделігі" авторы Ларри Симспен кездескенін, оның Арон Атабекке арнап открытка жазып, беріп жібергенін хабарлаған.

2006 жылдың шілдесінде Алматыда болған "Шаңырақ оқиғасы" ісі бойынша 18 жылға сотталған ақын әрі диссидент Арон Атабектің жаза мерзімінің үштен екісі биыл жазда бітуі тиіс. Сол кезде оның ресми түрде мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығуға өтініш беруіне мүмкіндік туады. Аронның қызы Айдана әкесі тезірек босап шығар деп үміттенеді, бірақ ол өзі өтініш беріп емес, билік оны өзі біліп босатса екен деп тілейді.