"ARTиШОК" қойған "Гамлет": Шекспир шығармасы мен Қазақстандағы шынайы өмір ұқсастығы

"ARTиШОК" театрының "Гамлет" қойылымында бас кейіпкерді Шыңғыс Қапин сомдады. Алматы, 25 ақпан 2021 жыл.

Алматыдағы тәуелсіз "ARTиШОК" театрының "Гамлет" қойылымын тамашалаған адам, тіпті өнерден қанша алыс болса да, сахнадағы көрініс пен Қазақстандағы саяси өмірдің арасында көп ұқсастық барын бірден байқайды. Екі жыл бұрын тұсауы кесілген қойылым жақында көрерменге қайта ұсынылды. "Гамлеттегі" оқиға желісі Қазақстанда президент ауысып, бұрынғы мемлекет басшысының туыстары жаңалықтар тақырыбынан түспеген кейінгі екі жылдағы оқиғаларды еске салады. Көрермен қойылымды "кәдімгі постмодерн" деп атайды. Ал сыншылар "Гамлетте" елдегі көп оқиғаға дәл болжам жасалғанын, қазақстандық театрлар саяси тақырыпты жиі сахналай бастағанын айтады.

Қазақстанда қазіргі заманғы сипатқа ие болған "Гамлетте" кейіпкерлер қолына сымсыз телефон ұстап жүреді, биліктің маңайындағы "көкелер" көрсетіліп, Нұрсұлтан Назарбаев жақсы көретін "Весна на Заречной улице" әні шырқалады. Қойылымның әр сәті көрерменге өз елінде болып жатқан оқиғаларды еске салады.

"ARTиШОК" театрының "Гамлет" қойылымындағы Клавдияның портреті. Алматы, 25 ақпан 2021 жыл.

Шекспирдің қаламынан туған шығармада қарт патша, "Гамлеттің" әкесі дүние салып, таққа оның ағасы Клавдий отырады. Ол жақында ғана жесір қалған Гертруда патшайымға үйленеді. Жұрт жаңа патшаны қуана қарсы алып, оның портретін көтеріп, билеп, көңіл көтереді. Мерекелік отшашуға оранған бұл көрініс сахнада Ақорданың макеті болмағанымен, көрерменге нені меңзегенін ұқтырғандай әсер қалдырады. Бірақ шығармадағы оқиға әрине, Данияның Эльсинорында өрбиді. Айтпақшы қойылымның бір тұсында патшалықтағы жаңалықтарды оқыған диктор "Эльсинорда билік рұқсат етпеген митингілер басталды" деп хабарлайды.

Клавдияның ролінде актер Қуантай Әбдімәди ойнады. "ARTиШОК" театрының "Гамлет" қойылымы. Алматы, 25 ақпан 2021 жыл.

"ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ СӘУЕГЕЙЛІК", ОТБАСЫНДАҒЫ ТАРТЫС ЖӘНЕ АЙСҰЛТАН

"ARTиШОК" театрының "Гамлет" қойылымы бірінші рет Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт басқарған Назарбаевтың отставкасынан бір ай бұрын қойылған. Театр сыншысы әрі режиссер Ольга Малышева қойылым авторларының Қазақстанда болатын саяси оқиғаларды дөп басып, дәл болжағанын айтып, мұны "шығармашылық көріпкелдік" деп бағалайды.

– Кейде суретшілер белгілі бір оқиғаны асқан жоғары сезімталдықпен сипаттап, өнер туындысы алдағы оқиғаларды дәл болжауы мүмкін. "Гамлеттің" тұсаукесері 2019 жылы ақпанда өтті. Қойылымда қабырғаға ілінген бір портретті шешіп, орнына басқасын ілу сияқты есте қаларлық эпизодтар бар. Тура бір айдан кейін Қазақстанда дәл осы сценарий қайталанып, президент Назарбаев отставкаға кетті. Яғни шынайы өмірді көрсеткендей болды. Отбасындағы және сарай ішіндегі талас-тартысы көп кез келген монархия мен диктатурада болған оқиғалар заманауи сипат алады, оларды Қазақстанмен ғана емес, кез келген қоғаммен салыстырып көруге болады деп ойлаймын,– дейді Ольга Малышева.

Виктория Мұхамеджанова (Гертруда) және Қуантай Әбдімәди (Клавдия) "ARTиШОК" театрының "Гамлет" қойылымында. Алматы, 25 ақпан 2021 жыл.

Қойылым мен елдегі шынайы өмірдің арасындағы ұқсастық Назарбаевтың биліктен кетуімен ғана бітпейді. Көзі қырағы көрермен сахнаға бірде жылтырақ сәнді көйлек, бірде сықиған костюм киіп шығатын Дания патшайымы Гертруданың бұрынғы президенттің қызы Дариға Назарбаеваға ұқсайтынын байқауы мүмкін. Гофмейстер Полоний жасы елуден асқан карикатура суреттердегі "көкелерге" ұқсайды: ол басына киіз қалпақ киіп, пиджагінің жағасына Қазақстан мен Дания туының төсбелгісін таққан (оқиғаның Дания патшалығында жүріп жатқанын ұмытпайық). Өзі ұстап жүрген жаңа смартфонды дұрыс қолдана алмайды, қойылымда кейіпкердің смартфоннан аудионы қалай жіберуді үйреніп жүргені көрінеді. Тіпті қызы Офелиямен сөйлескен кезде шалқадан жатып алмай, дастархан басында отырған адам сияқты жартылай жантаяды.

Нұрсұлтан Мұхамеджанов (Полоний) мен Лаура Тұрсынханова (Офелия) "ARTиШОК" театрының "Гамлет" қойылымында. Алматы, 25 ақпан 2021 жыл.

Гертруданың ұлы Гамлет әкесінің қазасына қатты қайғырып, оның өз ажалынан өлгеніне сенбейді. Анасының қылығын түсінбейді, оның патшаны жерлегеннен кейін бірден Клавдийге тұрмысқа шығып кеткеніне ренжиді. Гамлет аза тұтып, қайғыға беріледі, күмәнданады, ішімдікке салынып, әкесін ойлаумен болады. Қойылымда Гамлеттің қонақүйде бутерброд жеп, видео арқылы біреумен сөйлесіп отырғаны көрінеді. Телефонның арғы жағындағы адамның не айтып жатқаны түсініксіз, бірақ Гамлеттің "Мен – азаматпын… Атаммен сөйлесуім керек… Қазір қонақүйдемін… Бәрі жақсы… Өзім де бұл туралы жақында ғана білдім…" дегені анық естіледі. Бұл сөздер Айсұлтан Назарбаевтың былтыр Facebook парақшасына жариялаған жазбаларын, журналист Гүлнәр Бажкенованың бұрынғы президенттің немересімен бірнеше минут сөйлескенін еске салады (2020 жылғы тамызда Лондон саябағынан Айсұлтанның денесі табылды. Британ ақпарат құралдары "алдын-ала дерек бойынша, марқұмның ажалы кокаиннен болған" деп жазды).

Шыңғыс Қапин Гамлет ролінде. "ARTиШОК" театрының қойылымы. Алматы, 25 ақпан 2021 жыл.

– Шын мәнінде қойылым Айсұлтан туралы болған. Ол кезде бұрынғы президенттің немересі тірі еді. "АРТиШОК" театрының режиссері Галя Пьянова "Гамлетті" қоюға дайындалып жүргенде қазақстандық бай жастардың ақшадан кенде болмаса да бақытсыз өмір кешіп жүргенін көрсеткісі келген. Сондықтан "Гамлетте" бірден осындай мағына пайда болды, – дейді Ольга Малышева.

"МЕМЛЕКЕТПЕН ЖЕКЕ ӘҢГІМЕ"

"ARTиШОК" театрының директоры Анастасия Тарасованың айтуынша, "Гамлеттен" бұрын "Punch in the face" жобасы болған. Тәуелсіз театр Денис Теннің өлімінен кейін жұрттың билікке айтқысы келетін ой-пікірін жинаған.

– Осылайша "Гамлетке" келдік. Бұл – біздің Шекспирдің мәтіндері, Пастернактың аудармасы арқылы мемлекетпен болған жеке әңгімеміз. Бізге мәтінді түпнұсқа күйінде сақтау өте маңызды болды. Іс-қимылы арқылы пікір білдіргісі келетін адамдар ретінде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамау үшін қойылым қойып, театр жұмысын жүргізе аламыз. Бізге өзіміз және балаларымыз тұратын, тастап кетпейтін, жұмыс істейтін, театр қызметін ұйымдастыратын ел туралы айту өте маңызды, – дейді Тарасова.

Шыңғыс Қапин (Гамлет) және Анастасия Тарасова (Горацио) "ARTиШОК" театрының "Гамлет" қойылымында. Алматы, 25 ақпан 2021 жыл.

Қойылым жалғасып жатыр. Гамлеттің әкесінің елесі біресе сахнаның артындағы үлкен экранға шығып, біресе ұлының телефонына хабарласады.

Қойылымда көрермен назарына ілінетін қазіргі өмірдің тағы бір белгісі – Гамлеттің достары Розенкранц пен Гильденстерн. Олар – бай жастар. Жақында Еуропадан келген. Гильденстерн өзін өте ашық ұстайды, тіпті, Гамлетті сүйіп алуға тырысады (осы жерде көрермендердің бірі таңғалып не ашуланып бір күрсініп алды). Кейде "ARTиШОК" қазақстандық стереотиптер мен көп дүниеге қатысты қоғам көзқарасымен ойнайтын сияқты. Бұл жерде Еуропаны не биліктің маңында жүретін көкелерді мысалға келтіруге болады.

САЯСАТТЫ ӨНЕР ТІЛІМЕН БАЯНДАУ

Азаттық тілшісі сөйлескен көрермендердің қойылым жайлы пікірі әртүрлі болды. Кейбіреу қойылым ұнағанын айтса, енді біреулер көргенін қорытып үлгермеді ме, әлде әңгіме еріксіз саясат тақырыбына ойысады деп қауіптеніп, алған әсерін бөліскісі келмеді ме, әйтеуір, қысқа жауап беруге тырысты.

– "ARTиШОК" әдеттегідей өзекті қойылым жасауға тырысады. Бұл – постмодерн, бірақ онда басқа бояу өте көп. Қазір болып жатқан оқиғалармен байланысты тұстары да жеткілікті. Бірақ бәрін ашық көрсетпей, кішкене мұқият жасауға болар еді деп ойлаймын. Қойылымның кей тұсы өткір көрінеді. Әсіресе, бір кейіпкер екіншісін сүйіп алған кезді атауға болады, – дейді Алексей есімді көрермен.

Гамлет роліндегі Шыңғыс Қапин (сол жақта) және Лаэртті сомдаған Сәлім Балғазин "ARTиШОК" театрының "Гамлет" қойылымында. Алматы, 25 ақпан 2021 жыл.

– Бұл көрерменнің қаншалықты мұқият болғанына да байланысты. Қойылымның не туралы екенін мүлде түсінбеген адамдармен де сөйлестім. Олар көзге ұрып тұрған байланыстарды да байқамаған. "Бұл 2019 жылы билік ауысқанда немесе бәрі танитын "тақ мұрагері" қайтыс болған кезде өзекті болатын" дегендер де табылды. Бірақ басқа қырынан алғанда, бұл біздің постмодерн шынайылықта екенімізді көрсетеді. "Гамлет" мұны тағы да есіме салды, бұл елде тұру қайтадан қорқынышты бола түсті, – дейді Мәдина есімді қыз.

Ольга Малышеваның айтуынша, кейінгі жылдары қазақстандық театрлар өз қойылымында саяси және әлеуметтік мәселелерді жиі көтеретін болған.

– Тағы да Шекспирді алып, Қазақстандағы жағдаймен салыстырсақ, Мұхтар Әуезов атындағы театрда жас режиссер Елік Нұрсұлтанның "Лир патша" деген қойылымы бар. Онда небары төрт кейіпкер – Лир патша мен оның үш қызы ғана ойнайды. Олардың образы өте таныс көрінеді. Негізі саяси театрға сұраныс артып келеді. Ақтөбедегі Тахауи Ахтанов атындағы театрда "Гамлет" деп аталатын моноспектакль бар. Режиссері – Мейрам Хабибулла. Қойылым жалғыздық тақырыбы, әлеуметтік, экология, саяси құрылым мәселелерін қозғайды. Ол елдегі саяси құрылымға көп ұқсамайды, бірақ бас кейіпкер бізге өте жақын әрі түсінікті мәселелерді көрсетеді, – дейді театр сыншысы әрі режиссер Ольга Малышева.