Шахтада қаза тапқандар, орман өртінен мерт болғандар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары. Қураған егістік, атылған киік. Ресейге салынған санкцияны айналып өту, белсенділерді ұзақ мерзімге соттау. Қазақстанда 2023 жыл несімен есте қалды?
КЕНШІЛЕР ӨМІРІН ЖАЛМАҒАН ЖАРЫЛЫС
Биыл 28 қазанда Қарағанды облысы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының Иван Костенко атындағы шахтасында болған жарылыс 46 адамның өмірін қиды.
Газ бен ауа аралас қоспа жарылғанда жер астында 200-ден астам адам болған. Олардың көбі жер бетіне шығып үлгергенімен, 46 адам қалып қойды. Осы оқиғаның ертеңіне елде «Ұлттық аза тұту күні» жарияланды.
Бұл апат «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты шахталарда 2006 жылы 41 адам қаза тапқан жағдайдан кейінгі ірі оқиға болды. Ал биылғы екінші төтенше жағдай еді. Тамызда кәсіпорындағы өрттен бес адам көз жұмған болатын.
Қазақстандық қоғам өкілдері тарихында бірнеше қайғылы оқиға болған «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының инвесторларын апаттан сабақ алмайды деп сынап келді. Бірақ осы жолғы жағдайдан кейін ғана ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Компания – елдегі ең нашар инвестор болды» деп мойындап, кәсіпорын активтері мемлекетке қайтарылды.
Саясаттанушылар мемлекет шетелдік инвестиция саласында «жұмысшылар мүддесін қорғамай, инвесторларға еркінсуге мүмкіндік беріп отыр» деген сын айтты.
Мемлекет пен «АрселорМиттал» компаниясы арасындағы әріптестік қалайша жылдам тоқтатылғанына қатысты басы ашық сұрақ көп. Оны былай қойғанда, отыз жыл бұрын екі тарап қалай келісімшартқа отырғаны туралы да дерек жоққа тән. Әу бастағы келісімшартта не көрсетілгені әлі күнге беймәлім.
Сондықтан әлеуметтік желіде тегі үнді британ миллиардері Лакшми Миттал мен оны елге алып келген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жауап беруін талап етушілер бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қарметтің" жаңа инвесторы. Андрей Лаврентьев деген кім?Дегенмен мемлекет бұған жауап беруді қажетсінген жоқ, кеніштер мен болат зауыттарына жаңа инвестор тауып қойды. Қазақстандық кәсіпкер, Allur компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы (аталған топ құрамында "Агромашхолдинг" және "СарыарқаАвтоПром" компаниясы бар) Андрей Лаврентьев жаңа инвестор болып келді. Компанияның атауы да өзгеріп, Қарағанды металлургия комбинаты, қысқаша Qarmet деген ежелгі атауы қайтарылды.
Ресми ақпарат бойынша, жаңа инвестор комбинаттар мен шахталарды жаңартуға 3 млрд доллар бөлуді мойнына алған. Бұған қоса қызметкерлердің жалақысы мен әлеуметтік пакеті бойынша міндеттемелерді орындауы керек.
Қазақстан үкіметі тамызда компанияның «Қазақстан» шахтасында бес адам қаза тапқан жарылыстан кейін «АрселорМиттал» компаниясының Қазақстандағы қызметі басқа елдердегіден гөрі қауіпті деп мәлімдеген болатын. Сарапшылар мәселенің «Қазақстанда жұмысшылар құқығы жиі бұзылып, тәуелсіз кәсіподақтарға кедергі келтірілетінімен байланысы бар» деп есептейді. Олар тәуелсіз кәсіподақтар жұмысы жолға қойылмайынша, жағдай жақсарады дегенге сенбейді.
ОРМАН ӨРТІ МЕН ОРМАНШЫЛАР ҚАЗАСЫ
Маусым айында Абай облысындағы «Семей орманы» резерватында болған алапат өртте 60 мың гектар орман отқа оранды. Ресми есеп бойынша, тілсіз жаудың бетін қайтаруға барған 14 адам қаза тапты. Бәрі орман шаруашылығында жұмыс істеген.
Бұл оқиға адам шығыны мен қамтыған аумағы жөнінен бір жыл бұрын Қостанай облысы Әулиекөл ауданында, екі жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында болған ірі орман өрттерінен асып түсті.
Бұрынғы орманшылар мен қоғам белсенділері бұл оқиғадан кейін жұмысшылардың жағдайы мен саладағы «былықты» айтып дабыл қақты. «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дидар Смағұлов «Семей орманы» мекемесі «телефон қоятын заттардың сыртына логотип жапсыруға 7,5 миллион теңге, ал рацияға батарея алуға – 484 мың теңге жұмсаған» деп, қаржының орынсыз жұмсалатынын сынады. Ресми ақпарат бойынша, жыл сайын «Семей орманына» бюджеттен 4-6 миллиард теңге бөлініп келген.
Марқұмдардың жақындарына көңіл айтуға барған президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа адамдар орманшылардың құрал-жабдықтары болмағанын, өрт сөндіруге өз көліктерімен барғанын және осы секілді көптеген кемшіліктер барын ашумен айтты. «Рациясы істемейді, тіпті оттегі де жоқ» деді туысын жоқтап жылаған әйел президентке. Тоқаев адамдарға қарата «мемлекет басшысы ретінде кешірім сұраймын» деді.
«Сапалы жұмыс атқарылып жатқан жоқ, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту керек» деді Тоқаев.
Орманшылар бұған дейін 70-170 мың теңге (шамамен 150-370 доллар) аралығында төмен жалақы алып келген. Осы оқиғадан кейін үкімет орманшылар еңбекақысын екі есе ұлғайтатынын мәлімдеді.
Сарапшылар үкімет әлеуметтік мәселеге қайғылы оқиғадан кейін ғана назар аударады деп сын айтады. Бір жыл бұрын өрт сөндірушілердің жалақасын 70 пайыз өсіруге де Қостанайдағы орман өрті себеп болған еді.
ЖАМБЫЛДАҒЫ ҚУАҢШЫЛЫҚ
Жамбыл облысында биыл жазда өзен арналары айлап су көрмей, шаруалар қуаңшылықтан зардап шекті. Миллиардтаған теңге қаржы құйған 400-дей адамның егістігі күйіп кетті. Көптеген ауылда өрістегі мал кешке дейін бір жұтым су таппады. Облыстың алты ауданында осы қиыншылықтан кейін тамызда төтенше жағдай жарияланды.
Биыл бұл өңірге су жіберетін Қырғызстанның Киров бөгенінің өзі де толмай қалды. Су қоймасынан Жамбылға келетін су он есе азайған.
Бір жыл бұрын елде қант тапшы болған еді. Биыл қуаңшылықтан Жамбыл облысында 7,8 мың гектарға егілген қант қызылшасы қурап қалды.
Шаруалардың біразы Қырғызстанды, біразы жергілікті билікті кінәлады. Мемлекет шаруалардың 4 млрд теңгеден астам шығынын өтеп беретінін мәлімдеген.
Видео: Қураған егіс, қуарған дала. Жамбыл облысының шаруалары шығынға батты (5 қыркүйек 2023 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Биылғы қуаңшылықтан кейін елде экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құрамында болып келген су ресурстары комитеті жеке шығып, жаңадан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Билік осылайша су мәселесіне басымдық беретін сыңай танытты.
Орталық Азияда су ресурстарына қатысты шиеленіс бұрыннан бар. Трансшекаралық өзендер проблемалары оқта-текте шығып тұрады. Қазақстан осы мәселеден құтылу үшін су бөгенін салуды жоспарлаған. Бірақ бұл жоспар көп жылдан бері сөз болып келе жатса да, жүзеге асқан емес.
КИІК АТЫП, САНЫН «РЕТТЕУ»
20 жыл бұрын жойылуға шақ қалған киік кейінгі жылдары көбейіп, Қазақстан үкімет биыл күзде олардың санын «реттеу» үшін жаппай атуға шешім қабылдады. 22 қарашадағы дерек бойынша, Батыс Қазақстан облысында аңшылар бір айда 11,5 мың ақбөкеннің көзін жойған. Облыста 226 мың бас киікті құртуға квота берілген.
Бір жыл бұрын үкімет түз жануарын дәл осылай атуға рұқсат беретінін жариялағанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездегі Экология геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешовке сөгіс жариялаған еді. Бірақ үкімет киік ату шешіміне қайтып оралды. Бұған Батыс Қазақстанда бөкендер ауыл шаруашылығы жерлерін таптап, шаруаларға залал келтіргені себеп болған.
Белсенділер мәселе аңның бағалы мүйізінде де болуы мүмкін деген пікір айтады. «Браконьерлік жолмен аулауды тоқтатып, шетелге заңды түрде сатқысы келеді» дейді.
Бөкеннің еті де сатылып жатыр. Жуықта Ақтөбеде атылған 820 киік ұшасы қабылданбай, еті бұзылып кеткені туралы хабар тарады. Осыдан кейін халық жоспар бей-берекет орындалып жатыр деп үкіметтің іс-әрекетін сынады.
Ғалымдар да жұмыс жүйелі жүргізіліп жатпағанын айтады. Себебі бөкенді атуға күзде, күйекке түсетін уақыт таяғанда рұқсат берілді. Бұл мезгілде саспақ (киіктің еркегі) әлсірейтіндіктен қырылып қалуы мүмкін.
Әлемде табиғатқа қол сұғу мен күштеп реттеудің аяғы жақсы нәтижеге әкелгені туралы бірде-бір мысал жоқ, деп алаңдайды биолог Михаил Шпигельман.
ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ АЗАЙМАЙ ТҰР
Жыл басында Астана мен Алматыда белсенділер тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны күшейтуді талап етіп бірнеше митинг өткізді. Бірақ қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиғалардан кейін ғана билік заңды қатайтуға кірісетінін мәлімдеді.
Биыл Шымкентте ер адамның «неке түнінде әйелін ұрып өлтірді» деп айыпталуы, Қызылордада бір әйелдің күйеуінің қолынан мерт болуы, Алматыда туыстары «күйеуінен зәбір көрді» деген қырғыз әйел Айперінің жұмбақ қазаға ұшырауы сынды қайғылы оқиғалар болды. Бұл жағдайлар әдеттегідей ел жадынан тез шығып кеткендей еді. Бірақ 9 қарашада бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованың қазасы зорлық-зомбылыққа қарсы үлкен дүмпу туғызды.
Бұл оқиға әйелді зәбірлеу тек жағдайы төмен отбасыларда ғана кездеседі деген аңызды жоққа шығарып, мұның жүйелі проблема екенін көрсетті. Жәбірлеушіні әкімшілік емес, қылмыстық жауапқа тарту керек деген құқық қорғаушылардың талабы бекер емесін аңғартты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әйелге қарсы жасалған атышулы қылмыстардан кейінгі петиция мен флешмобтар. Жағдай өзгере ме?Айта кету керек, Қазақстан 2017 жылы «тараптардың татуласуына кері әсер етеді», оның орнына профилактикалық жұмысты күшейтеміз деп, тұрмыста зәбір көрсеткендерді жазалайтын бапты Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне ауыстырған еді. Бірақ ондай шешім нәтиже бермегені арада бірнеше жыл өткенде айқын байқалған секілді.
Президент Тоқаев 8 желтоқсанда үкіметке 2024 жылдың қаңтарында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық заңнаманы қатаңдату бойынша заң жобасын дайындауды тапсырды.
Дегенмен құқық қорғаушылар билік қызу реакция білдіріп жатқандай көрінсе де, әлі де зәбір көрсетушілермен күресуге селқос деген пікір айтады. Алматы қаласында жергілікті билік феминистерге бейбіт акция өткізуге рұқсат етпеді, ал Тоқаевты қолдап, жәбірлеушіге жазаны күшейтуді талап етпейтін, адамдардың «санасын өзгертуге үндейтін» билікке жақын ұйымға митинг өткізуге мүмкіншілік берілуі көптеген сұрақ туғызады дейді олар.
Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы «Қазақстанда, оның ішінде заң шығарушы және құқық қорғау органы, сот пен жалпы қоғамда құрбандарды кінәлау мен стигма мәдениеті тамыр жайғаны алаңдатады» деп мәлімдеме жасады.
БІР ЖЫЛДА ҚАНША БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ?
Биыл қарашада Астана соты оппозициялық белсенді, әлемдегі бірнеше ірі шөлді жүгіріп өткен әйгілі супермарафоншы Марат Жыланбаевты жеті жылға соттағаны қоғамда наразылық туғызды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Жыланбаев негізсіз сотталды деп мәлімдеді.
Кейінгі жылдардағы саяси оқиғалардан кейін белсендіге айналған марафоншы сотталғанға дейін бастамашыл тобына өзі жетекшілік еткен «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясын тіркете алмай келді. Митингілерге қатысып, билікті сынайтын оны сот «экстремистік ұйымның ісіне араласты» және «экстремизмді қаржыландырды» деп айыптады. Билік Жыланбаевтың Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының лидері, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен байланысы бар деп есептейді. Ал Еуропарламент өз резолюциясында «ҚДТ» ұйымын «бейбіт қозғалыс» деп атаған.
Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (IPHR) пен Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықтар жөніндегі халықаралық бюро «сот үкімі Жыланбаевтың бейбіт оппозициялық әрекетіне кек қайтару және билікті сынап жүргендерге ескерту ретінде ойластырылған» деп мәлімдеді. Human Rights Watch ұйымы ресми Астананы «саяси істі» тоқтатып, Марат Жыланбаевты абақтыдан босатуға үндеген.
Қазақстанда Жыланбаев тәрізді биыл ұзақ мерзімге бостандығынан айырылған, құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған басқа белсенділер де бар.
Былтыр тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қантөгіс болған Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, қарашаға дейін қамауда отырған қоғам белсендісі Жанболат Мамайға биыл 10 сәуірде сот алты жыл шартты жаза кесті. Оған «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды», «билік өкілін қорлады», «жалған ақпарат таратты» деген айып тағылды. Алматы қаласы Бостандық аудандық соты Мамайдың кітап шығаруына, тренинг өткізуіне, сұхбат беріп, тікелей эфир жүргізуіне, құқық қорғау қызметімен айналысуына және соттарға мониторинг жасауына тыйым салды. Құқық қорғаушылар мұндай үкімді адамның «ой-санасына да тыйым салу екенін көрсетеді» деп алаңдаушылық білдіреді.
Қаңтар оқиғасынан кейін «Алматы әуе жайын басып алу» ісі бойынша қозғалған тағы бір қылмыстық іс те қоғам назарын аударды. Бұл істе «әуежайда тәртіпсіздік ұйымдастырды» деп айыпталған төрт адамның қатарында журналист, белсенді Әйгерім Тілеужан да бар. Сот оған төрт жыл түрме жазасын кесті. Белсенді үкімге келіспей, «әуежайға Ресей әскері келуіне қарсы екенімді айтуға бардым, тәртіпсіздік істеген жоқпын» деп мәлімдеген. Ол абақтыда аштық жариялап, наразылығын білдірді. Қазанда көзі ауырып, ауруханаға түсті. Адвокаты мекеменің ем-домы белсендіге көмектеспей жатқанын айтқан.
YouTube-арнасындағы эфирінде билікті сынап жүрген тағы бір журналист Думан Мұхаммедкәрім мамырда «эфир арқылы митингіге үндеді» деген айыппен әкімшілік жазаға тартылып, 25 күнге қамалды. Мерзімі біткенде билік оны «тыйым салынған ұйымның ісіне араласу» және «экстремизмді қаржыландыру» баптары бойынша күдікті деп атап, қамауда қалдырды. Бұған оның Қазақстан соты тыйым салған, ал Еуропарламент «бейбіт қозғалыс» деп атаған ҚДТ ұйымының жетекшісі Мұхтар Әлязовтан сұхбат алуы түрткі болғаны айтылады. Бұрынғы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Думан Мұхаммедкәрімге журналистік қызметі емес, саяси көзқарасы үшін іс қозғалды» деп айтып қалған. Қазақстан Конституциясында адамның саяси көзқарасын білдіруге, ол үшін ешкім қудаланбайтынына кепілдік берілген.
Марат Жыланбаев тәрізді партиясын ресми тіркеуден өткізе алмаған тағы бір адам бар. Ол – «Ел тірегі» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Нұржан Әлтаев. Жыланбаевтан айырмашылығы – ол бұрын түрлі лауазымды қызмет атқарып шенеунік болған. Биыл 10 жылға сотталған Әлтаев «еңбек министрінің орынбасары болғанда пара алған» деп айыпталды. Бірақ былтыр президент сайлауына қатысуға талпынып, сол үшін «қысым көрдім» деген оны қазақстандық құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған. Жақтастары да Әлтаевтың іс-әрекеті Тоқаевтың командасына «ұнамады» деп есептейді.
Құқық қорғаушылар белсенділерге қатысты соттардың көбіне жабық өтетіні, оларға қоғам өкілдері мен журналистерді кіргізбейтіні алаңдатады дейді. Сонымен бірге бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсындағы «экстремизм» айыбын дұрыс қолданбау практикасы да жалғасып келе жатыр деп біледі. Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсонның сөзінше, экстремизм – тым ауқымды айыптау әрі заңда экстремизмнің зорлық-зомбылыққа үйір және ондай әрекеттерді қолданбайтын түрлерінің ара-жігі ажыратылмаған. Осындай айыппен қамалған белсенділердің ісінде зорлық-зомбылық немесе соған үндеу байқалмайды дейді ол.
САНКЦИЯЛАРДЫ АЙНАЛЫП ӨТУ
2022 жылы Украинаға басып кірген Ресейге АҚШ пен Еуропа мемлекеттері қосарлы мақсатта (азаматтық және әскери) қолдануға жарайтын тауарларды экспорттауға санкция салды. Бірақ Ресейге Орталық Азия мемлекеттері, соның ішінде Қазақстанда тіркелген компаниялар арқылы сатуға тыйым салынған заттар жеткізіліп жатқаны мәлім болды.
Биыл Азаттықтың зерттеуші журналистері Қазақстан мен Қырғызстандағы компаниялардың Ресейге тауар жеткізу схемасын анықтап, көлемді мақала жариялаған болатын. Зерттеуде Қазақстан мен Қырғызстан компаниялары Ресейге микрочип, телекоммуникация құралдары мен басқа да электроника түрлерін жібергені айтылады. Бұл бөлшектер кейін Ресей күштері Украинаны нысанаға алып ұшырған зымырандардан, әскери танк, тікұшақ, дрондар мен радио жүйесінен табылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыс және санкция: Қазақстан фирмалары Ресей шабуылына қалай көмектесіп жатыр?Сызба нұсқа бойынша, Қазақстианда тіркелген кәсіпорын АҚШ немесе Еуропадан тауарға тапсырыс беріп, оны Ресей немесе Беларусь аумағы арқылы алдыруға тиіс болған. Бірақ транзитпен өтуі керек болған жүк Ресей мен Беларусьтің ішінде қалдырылып отырған.
Қазақстаннан Ресейге әскери мақсатқа жарайтын тауар тасымалдаған бірнеше кәсіпорынның акионерлері арасында Ресей азаматтары бары мәлім болды.
Еуропа одағының Ресейге қарсы салған санкциясының 12-пакетінде қазақстандық Aspan Arba компаниясы бары хабарланған. Aspan Arba шетелден дрон сатып алып, оларды ресейлік Sky Mechanics атымен белгілі Skymec компаниясына жіберіп отырған. Skymec ол тауарды Ресейдің қорғаныс саласымен байланысты компанияларға сатқан.
Сарапшылардың айтуынша, Ресейге осындай тауар жеткізгені үшін Қазақстанға қарсы санкция салынуы ықтимал. Биыл Қазақстан мен Қырғызстанға сапармен барып қайтқан АҚШ пен Еуроодақтағы санкция ережелерінің сақталуына жауапты өкілетті тұлғалар осы мәселені көтерді.
28 қарашада Еуропа одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О'Салливан Астанаға келгенінде журналистерге Қазақстан тарапынан жақсы өзгерістер байқала бастағанымен, Ресейге тауарлар реэкспорты әлі барын мәлімдеді.
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Ресейге реэкспорт жасалғанын мойындап, жүзден аса тауар ерекше бақылауға алынғанын айтқан.
БЕЙБІТ МИТИНГІЛЕР
Жыл басында Қазақстанның түкпір-түкпірінде бір жыл бұрын Қаңтар оқиғасында мерт болған жақындарын еске алғандар орталық алаңдарға барып, марқұмдарды еске алды. Рәсімдерді негізінен биліктің өзі ұйымдастырды.
Бірақ полиция Алматыда алаңға келген белсенділерді ұстап әкетті. Белсенділер «Қаңтарда қаза тапқандарға дұға бағыштауға мүмкіндік бермеді» деп өкіметті айыптады.
Билік белсенділердің Қаңтар оқиғасына арнап бейбіт жиын өткізуге талпынысын шектегеннен кейін басқа митингілерді ұйымдастыруға да жол бермеді. Өскеменде жергілікті белсенді митингіге рұқсат етпеген қала әкімін сотқа да берген.
Азаттыққа сұхбат берген Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон Қазақстан билігін «Қаңтар оқиғасынан сабақ алған жоқ» деп сынады. Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы да мамырда Қазақстанды «демократия көрсеткіші ең төменгіге жақын елдер» қатырана қосты.
Биыл бейбіт жиын өткізілетіні хабарланған тұста белсенділерді ұстау ескі әдет бойынша жалғасты. Белсенділер 25 қазанда бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұрап жатқан кезде ел президент Қасым-Жомарт Тоқаев кімді меңзегені белгісіз, «заң шеңберінен шығатын сөз бен әрекетке қатаң тосқауыл қоямыз» деп мәлімдеді.
Тоқаев мұның алдында, көктемде «жаппай тәртіпсіздікке шақырғандарға» жазаны күшейтетін түзетулерге қол қойған. Құқық қорғаушылар бұл құжат «мемлекеттің бейбіт митингіні бүлікке теңестіріп қарастыруға тырысатынын көрсетті» деген пікір айтты.
Қуғындағы банкир, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов алдын ала белгілеген митинг күні жақындағанда Тик-ток желісінде шеруге шығуға қарсы насихат күшейді. Флешмобқа қатысқандар 25 қазанда елді үйден шықпауға үндеді. Белсенділер ондай жазбаны биліктің контрпропагандасы болуы мүмкін деп қабылдады.
Бұдан бөлек кинематографистердің мемлекеттің кино саласына ақша бөлу тәртібін сынап, кейін оларға «заңсыз митингіге қатысқаны» үшін айыппұл салынғаны, белсенділердің Украинаны қолдайтын митинг өткіуге атқарушы биліктен рұқсат ала алмауы қоғам назарын аударды.
Биыл елде рұқсат етілген бейбіт митингілер де болды. Мысалы, «Жаңа адамдар» қозғалысы 26 қарашада Алматыда тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы митинг өткізді. Бірақ ол шарада ешқандай талап айтылмады, митингіні ұйымдастырушылар Тоқаевты мақтады.
ЕҢБЕК ЕРЕУІЛДЕРІ
«Астана Жаңаөзенге келмесе, Жаңаөзен Астанаға барады». Сәуірде Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының жұмыссыз қалған 100-ге тарта мұнайшысы Астанаға, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына талап айтып барды. Бір күн далада түнеді. Ертеңіне оларды полиция күшпен ұстап, көпшілігін Маңғыстауға қайтарды. Араларынан бірнеше адам үкіметпен келіссөз өткізу үшін Астанада қалды, алайда екі жақ мәмілеге келе алмады. Осы оқиғадан кейін «Өзенмұнайгаз» компаниясында тергеу болып, көптеген кемшілік анықталды. «Өзенмұнайгаз» бас директорының орынбасары Бауыржан Мәмбетсапаев ұсталды. Арада бірнеше ай өткенде мұнайшылардың билікке қойған талаптарының 90 пайызы орындалғанын хабарлады.
Биыл мұнайшылар арасында, Астанаға барғандардан бөлек, бірнеше наразылық митингісі болды. Ақтөбе облысындағы «Батыс-Мұнай» компаниясының бұрғылаушылары, Маңғыстау облысы Қарақия ауданында «АқтауКранТехСервис» және «ТрансАбис» компанияларының жүргізушілері, Атырау облысындағы Теңіз кенішінде «Теңізшевройл» (ТШО) мердігері «Сенімді құрылыс» компаниясының жұмысшылары, Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы Қарашығанақ кен орнында KKS-Sicim компаниясы жұмысшылары жұмыс берушіден қолайлы жағдай орнықтырып, еңбекақыны көтеруді талап етті. Жаңаөзенде жұмысшылар «Өзенмұнайгазға» ауысу квотасын азайтпауды, жұмысшы әйелдер санын көбейтуді сұрады.
10 желтоқсанда Маңғыстау облысы Жетібай кентінде West oil компаниясы жұмысшылары ереуілге шыққан. Олар қазір West Oil компаниясын «ҚазМұнайГаздың» балансына қосу, бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңарту керек деген үш талаппен әлі ереуілде тұр.
Маңғыстауда мұнайшылардан бөлек, жергілікті халық әкімдіктен тұрақты жұмыс талап етті. «Маңғыстаумұнайгаз» бен оған қарасты мердігер мекемелердегі жұмыс орнының 70 пайызына жергілікті халықты жұмысқа алуды сұрағандар болды.
Қарағанды, Жезқазған, Құлсары қалаларындағы коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері жұмыс берушіге қарсылық акциясын ұйымдастырған. Олар еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеруді талап еткен. Осындай талаппен Шығыс Қазақстан облысында да 200-дей теміржолшы жұмысқа шықпады. Ал Алматыда электроника және тұрмыс техникасы тауарларын сатумен айналысатын Sulpak дүкендер желісінің қызметкерлері айлықты төлеген кезде қосылатын бонустар дұрыс есептелмегеніне наразылық білдірді.
Әдетте билік орындары жұмысшылар ереуілі «заңсыз» деп айтады.
Қазақстанда халық ақша құнсызданып, күнкөріс қиындағынына үнемі шағынады. Елде көп жағдайда әртүрлі сала мамандарының еңбекақысы өсуіне төтенше жағдай, қарсылық акциялары, резонансты оқиғалар әсер етеді.
ҚАҢТАР ІСІ БОЙЫНША СОТТАР
2023 жылы былтырғы Қанды қаңтарға қатысты көптеген адамның соты өтті. Оққа ұшқан марқұмдар «сотталды», кейбіреулер ұзақ мерзімге түрмеге қамалды, күш құрылымдары қызметкерлері де жазаға тартылды. Солардың бірнешеуін шолып өтейік.
Бүкіл Қазақстанды шарпыған Қаңтар оқиғасында көз жұмғандардың ең кішісі – төрт жасар Айкөркем Мелдехан. Ол былтыр «елге 20 мың террорист келді» деп мәлімдеген президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың күш құрылымдарына берген ескертусіз оқ ату туралы бұйрығы күшінде тұрған 7 қаңтарда, отбасымен көлікте кетіп бара жатқанда оққа ұшқан. Кінәлі кім екені анықталған жоқ. Тергеушілер күдікті ретінде қарастырған әскери қызметкер Арман Жұманды сот ақтады. Арман Жұман Айкөркем отырған «көлікті көрмегенін, қоластындағы сарбаздарға оған оқ жаудыруға бұйрық бермегенін» айтты. Өзі «ендігіде халыққа оқ ату туралы бұйрық болса, орындамайтын едім» дейді. Айкөркемнің ата-анасы нағыз кінәліні тауып, жазалауды талап етіп келеді.
Видео: "Айкөркемнің аруағын өлтірді". Марқұм бүлдіршіннің отбасы үкімді ауыр қабылдады (16 қараша 2023 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Қаңтар қырғыны кезінде оққа ұшқандардың туыстары марқұмдардың аты-жөнін Алматыдағы «Тағзым» мемориалына жазуды сұраған. Бірақ олардың тілегі орындалған жоқ. Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсенділері 16 желтоқсанда тас тақтаға Айкөркемнің суреті бар плакатты мемориалға жапсырған.
Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда қаза тапқан төрт адам – Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов пен Тоқтар Ошақбайды сот «БТР техникасына қарсы оқ атты», «мемлекет мүлкін бүлдірді» деген айыптар бойынша кінәлі деп таныды. Марқұмдарды «тірі адам сияқты соттады» деп наразы болған туыстары соттың шешіміне келіспеген. Олар құқық қорғау органдары істі тоқтатуды ұсынғанын, бірақ өздері тергеуді жалғастыруды талап еткенін, өйткені іс жабылса, нақақ айып тағылған марқұм ақталмай қалатынын айтады. Құқық қорғаушылар «марқұмдардың кінәсі толық дәлелденді» деген биліктің сөзіне сенбейді.
Биыл Алматының Түрксіб аудандық соты 54 адамды «азаптады», «билік өкілетін асыра пайдаланды» деген айып тағылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 11 қызметкерінің үстінен қозғалған қылмыстық істі қараған. 8 желтоқсанда сот үкімі жарияланды. Сот айыпталушылардың бірі – Ұлан Жұмановты ақтап, үш адамға шартты жаза, қалғандарына 3-5 жыл аралығында түрме жазасын кесті.
Қазақстанда азаптау қылмысы туралы істер сотқа сирек жетеді. Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай қамауға алу шараларынан кейін азаптау фактілері бойынша жүздеген шағым түскен, бірақ қозғалған істің көпшілігі «айғақ-дәлел жоқ» немесе «азаптаушыларды анықтау мүмкін болмады» деген желеумен жабылған.