Аккредитация алу ережесін өзгерту ұсынысы сынға ұшырады

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев журналистерге сұхбат беріп тұр.

Қазақстан ақпарат және коммуникациялар министрлігі іс-шараларға журналистерді қатыстыру ережесін күшейтуді ұсынып отыр. Тілшілер бұл ұсынысқа қарсы шығып, митинг өткізуге өтініш берді.

Нормативтік құқықтық актілер электрондық базасында ақпанның 13-күні жарияланған бұйрық жобасында министрліктің 2013 жылғы маусымдағы "журналистерді аккредитациялау қағидаларын бекіту туралы" №138 бұйрығына бірқатар толықтыру енгізу қарастырылған.

Құжат жобасы бойынша, іс-шарадан хабар дайындайтын журналист аккредитация беруші мекемеге жеке бас куәлігінің көшірмесін тапсырып, мекеменің ішкі тәртібін сақтауға және модератор белгілеген регламенттің сақталуына жазбаша келісім беруі және журналист пен БАҚ арасындағы келісім-шарттық қарым-қатынастың барын растайтын құжат көшірмесін ұсынуы тиіс.

Егер тілшіде осы құжаттар жетіспеген жағдайда немесе өтiнiштiң мазмұны талаптарға сәйкес болмаса, сонымен бірге жиын, отырыстар мен басқа да іс-шаралар өтетін ғимаратта журналистерді орналастыру мүмкіндігі болмаған жағдайда мекеме журналисті тіркеуден бас тартуы мүмкін екені айтылған.

"Құжат жобасында тіркеген органның ішкі тәртібін және модератор регламентін бұзған журналисті тіркеуден айыру туралы шешім қабылдануы мүмкін" деп жазылған.

Нормативтік құқықтық актілер электрондық базасындағы ұсыныс алдымен қоғам талқылауына ұсынылады.

"КЕЗЕКТІ ЦЕНЗУРА"

Министрліктің бұл ұсынысы журналистер арасында үлкен сынға ұшырады. Бірнеше қазақстандық басылымның қызметкерлері прокуратураға шағымданып, ұсыныстың заңдылығын тексеруді сұрады.

InformБюро ақпарат агенттігінің тілшісі Серікжан Мәулетбай Facebook парақшасында алматылық журналистердің митинг өткізуге өтініш бергенін жазды.

"Дәурен Абаев (Қазақстан ақпарат және коммуникация министрі - ред.) БАҚ жұмысын тағы қиындатпақ. Бұл жолы ол басқаратын министрлік билікке жақпайтын журналистерден заңды түрде құтылу жолын ойлап тапты. Егер ұсыныс қабылданса, журналистерге шарада орын жоқ деп аккредитация бермей қоюы мүмкін" деді Мәулетбай постында.

Журналист Азаттыққа берген сұхбатында бұл ұсынысты "кезекті цензура" деп атады. Оның ойынша, өзгеріс қабылданса мемлекеттік органдар өзіне жақпайтын журналистерге аккредитация бермей қояды немесе шенеунікке жақпайтын бірінші сұрақтан кейін-ақ аккредитацияның күшін жояды.

Лұқпан Ахмедьяров

"Уральская неделя" газетінің редакторы Лұкпан Ахмедьяров "бұл ұсыныс – бұрыннан бар жүйені заңдастыру" деп ойлайды. Ол бірнеше рет ресми шараларға кіре алмағанын айтады. Ахмедьяров Оралға премьер-министр келгенде "Уральская неделя" мен Азаттық тілшісіне аккредитация бермей қойғанын еске алды. Оның ойынша, шенеуніктер "бұл басылымдардың тілшілері ыңғайсыз сұрақтар қояды немесе сыни мақала жазады" деп қауіптенген.

- Журналистер бұл ұсыныстың қабылдануына тосқауыл қоя алады деп ойлаймын. Мысалы, журналистер арасында флешмоб ұйымдастырып, аккредитация алуы тиіс шаралардың біріне бармай қойса болады. Бұл шараға мемлекеттік басылымдар барары сөзсіз. Бірақ басқа басылымдар барма" қойса болады. Кейін билік ерте ме, кеш пе шаралары туралы мемлекеттік емес басылымдардың да жазғанын қалайды. Бұл ұсынысқа қарсылық ретінде сайттар арнайы айдар ашып, "бұл жерде премьер-министрдің көп балалы аналармен кездесуінен жаңалық жариялануы тиіс еді. Бірақ ол жаңалық шықпады, себебі біз аккредитация алу ережесінің өзгергеніне қарсымыз" деп жазып қойса болар еді, - дейді ол.

Министрліктің аккредитация алу ережесін күшейту ұсынысына мемлекеттік басылым тілшілері де қарсы. Мемлекеттік арналардың бірінің тілшісі журналисі Динара Заированың (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) айтуынша, журналистердің жұмысына кедергі жыл сайын көбейіп келеді. Ол мемлекеттік басылымдардың журналистеріне шенеуніктер бұйрық беріп, биліктің беделіне нұқсан келтірмейтін тақырыптарды да шығартпайды.

- Бір ірі шенеуніктен сұхбат аламын деп келісіп, баспасөз қызметімен барлық сұрақты пысықтап алдым. Кездесетін күні шенеунік "сіз мемлекеттік БАҚ журналисі екенсіз, сұхбат бермеймін. 1 желтоқсан, 16 желтоқсан және 31 желтоқсанға құттықтау айтып беремін, соны эфирден көрсетесіздер" деді. Не дерімді білмей қалдым. Редакторға хабарласып, "кете берейін" дедім. Редакторым "амал жоқ, жазу керек" деді. Отбасы жағдайыма байланысты жұмыстан шығып кете алмаймын, - дейді журналист.

"БАЙБАЛАМ САЛУДЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ"

Азаттық тілшісі Қазақстан ақпарат және коммуникациялар министрлігіне хабарласқанымен, баспасөз қызметі жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты.

- 14 ақпанда кешкісін "Хабар" арнасындағы "Ашық диалог хабарында министр Дәурен Абаев қатысады. Сол хабарда министр бұл ұсыныс туралы түсінік береді, - деді министрліктің баспасөз қызметі.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, парламент сенатының депутаты Дариға Назарбаева журналистердің іс-шараға қатысу тәртібін қатаңдататын үкімет жоспарына байланысты пікірін білдірді.

- Алдын ала байбалам салудың керегі жоқ. Қазіргі заманда журналистердің аузын жабуға болмайды. Қазір интернет арқылы сөзін ашық айтуға бірталай мүмкіншіліктер бар. Әрине, журналистер елдің мүддесін қорғап, олардың пікірін үкіметке де, қоғамға да жеткізеді. Ал енді [БАҚ туралы] заңды айтып жатырсыздар, кезінде заңды талқылағанда журналистер біздің жұмыс топтарына келіп өз пікірін айтқан жоқ, тым-тырыс қалды. Ал енді қазір журналистерге өте мықты қоғам керек... Құқықтарыңды қорғау үшін күресуді үйреніңдерші, іс біткеннен кейін ойбайламай, - деді Назарбаева.

Ольга Диденко.

"Internews-Қазақстан" медиа ұйымының заңгері Ольга Диденконың айтуынша, халықаралық стандарт бойынша, аккредитацияның рөлі – журналистердің жұмысын жеңілдету.

- Тілшінің ішкі тәртіпті сақтаймын деген жазбаша келісім беруі – нағыз бюрократия. Бұған сай халықаралық стандарттар мен заң нормалары жоқ. Ішкі тәртіпке бағыну туралы жазбаша келісім журналистің өзіне қарсы қолданылуы мүмкін. Егер спикерге жағымсыз сұрақ қойса, тілшіні "ішкі тәртіпті бұзды" деп айыптауы мүмкін. Негізі, журналист "жалған ақпарат таратты" деп айыпталып, айыбы сотта дәлелденсе ғана аккредитациядан айырылады. Ондай сот шешімі жоқ болса аккредитациядан айыру заңға қайшы әрекет болады. Сондықтан біз аккредитация беру тәртібінің дұрыс, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуін сұрап, ұсыныс жасаймыз - дейді ол.

"Құқықтық медиа орталық" үкіметтік емес ұйымы директоры Диана Окремова министрліктің ұсынысын "ашық цензура және журналистерге кезекті қысым" деп атады.

- Қазір ұсыныс дайындап жатырмыз. Нормативтік құқықтық актілер электрондық базасында ұсынысқа қатысты пікір білдіруге болатынын ескерткіміз келеді. Бұл журналистер мен тілшілер үшін жақсы мүмкіндік. Біздің де пікіріміз бар екенін, ұсыныспен келіспейтінімізді айта аламыз. Бұл ұсыныс қабылданбас үшін қолымыздан келгенді жасаймыз. Егер бұл ұсыныс қабылданса пресс-релиз дәуірі басталып, журналистер билік тексеруінен өткен ақпаратты қанағат қылуы мүмкін, - дейді ол.

Egov порталындағы ақпарат бойынша, Нормативтік құқықтық актілер электрондық базасында жарияланған "журналистерді аккредитациялау қағидаларын бекіту туралы" бұйрық жобасына толықтырулар енгізу ұсынысын талқылау 27 ақпанға дейін созылады. Қазақстандықтар бұл ұсынысқа қатысты ойларын "Пікірлер" бөліміне жазып жатыр.