"Өзгерістің ауылы алыс емес". Әсия Төлесованың үкім, белсенділік пен саясат жайлы толғамы

Азаматтық белсенді Әсия Төлесова Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Алматы, 14 тамыз 2020 жыл.

"Еститін мемлекет" қандай болуы керек? Қазақстанда шынайы саяси өзгерістер қашан болуы мүмкін? Азаттық азаматтық белсенді Әсия Төлесовамен осы жайлы сөйлесті. Бұл – құқық қорғаушылар белсендіні қудалау деп атаған іс бойынша сот оны айыпты деп танып, бостандығын шектеу туралы үкім шығарғаннан кейін Төлесованың берген алғашқы сұхбаты.

Экологиялық бастамалары мен былтырғы "Шындықтан қашып құтылмайсың" акциясынан соң дүйім жұртқа танылған алматылық бесленді Әсия Төлесованың бостандығын өткен аптада Алматының Медеу аудандық соты бір жарым жылға шектеді. Ол екі ай қамаудан соң тергеу абақтысынан босап шықты.

Сот процесін Қазақстан мен шетел құқық қорғаушылары жіті бақылап отырды. Олардың көбі белсендінің үстінен қозғалған істі "қудалау" деп атап, оған "негізсіз" айып тағылған деп біледі. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы сот үкімі "Қазақстанның заң қорғайтын және сот органдарының азаматтардың бейбіт түрде наразылық білдіру құқығын қаншалықты құрметтейтінін" көрсететін жарқын мысал болады деп мәлімдеді. СIVICUS азаматтық қоғам ұйымдарының ғаламдық альянсы қазақстандық азаматтық белсенді Әсия Төлесованы адам құқықтары үшін күрестің символына айналған Нельсон Манделаның күні басталған халықаралық кампанияның басты тұлғаларының бірі етіп таңдады.

Сот Төлесованы қылмыстық кодекстің "Билік өкілін қорлау" және "Билік өкіліне күш қолдану" баптары бойынша айыпты деп таныды. Митинг кезінде азаматтардың күшпен ұсталып жатқанына куәгер болған белсенді полицейдің басындағы қалпағын қолмен қағып ұшырып, басқа қызметкерлерге "Оңбаған, сен де оңбағансың. Ешқайсың форма киюге лайық емессің. Жиіркенішті мент" деген еді. Алты полицей мұны "қорлау" деп қабылдап, арыз жазған.

Тергеу абақтысынан шыққан Әсия Төлесова Азаттыққа берген сұхбатында сот процесі, үкім және Қазақстандағы қазіргі саяси жағдай туралы ой-пікірін бөлісті.​

"СОТТАЛУҒА ӘЗІРЛЕНГЕН КЕЗІМ БОЛДЫ"

Азаттық: Бостандығыңызды шектеу туралы үкім әлі күшіне енген жоқ. Қорғаушыларыңыз "соңы не боларын білсек те, үкімге қарсы шағым түсіреміз" деді.

Әсия Төлесова: Адвокат солай деді ме?

Азаттық: Иә, Жохар Өтебеков: "Шығар шешім қандай болары анық болса да, үкімді апелляцияға береміз" деп айтты.

Әсия Төлесова: Ох... Бірақ мен [шешім басқаша болар деп] үміттенемін. Ешқашан үміт үзген емеспін.

Екі айдан астам уақыт абақтыда отырып, сот үкімінен кейін бостандыққа шыққан Әсия Төлесова құрақ көрпе ұстап тұр. Интернетте белсендіні қолдау акциясы #Protestkorpe хэштегімен өтті. Алматы, 12 тамыз 2020 жыл.

Азаттық: Апелляциялық шағымды сот қанағаттандырмаса, бұл үкім белсенділігіңіз бен өміріңізге қалай әсер етеді?

Әсия Төлесова: Еш әсер етпейді деп үміттенемін. Қоғамдық қызметіме ешқандай тыйым жоқ сияқты. Экологиялық жобаммен айналыса беремін. Мені ұстап әкеткенге дейін әкімдікке Алматы ауасының ластануын қаланың бас мәселесі деп тануды талап еткен 30 мың адамның қолы бар петиция жолдаған едік. Сол бағытта жұмыс істей бермекпін.

Азаттық: Мемлекеттік айыптаушы сізді бір жылға түрмеге кесуді сұрады. Бостандығыңыздан айырылуға дайын болдыңыз ба?

Әсия Төлесова: Иә, "этапқа" дайындалып жүрген кезім болды. Әлнұрдың ("Нұр Отан" партиясын сынаған белсенді Әлнұр Ильяшевты сот маусым айында "көрінеу жалған ақпарат таратты" деп танып, бостандығын үш жылға шектеген, айыптау тарабы үш жыл түрме жазасын сұраған еді – ред.) сотын күтіп жүр едік. Сол кезде адвокаттарым келіп: "Бір жарым жыл бостандығынан айыру жазасын кесуі мүмкін" дегені есімде қалыпты. Содан соң дайындала бастадым.

Азаттық: Қамауда отырғаныңызда қазақстандық және шетелдік құқық қорғаушылар сізді босатуға үндеді. Қоғам қайраткерлері, тіпті әдетте үндемейтін бизнесмендер де сізді босатуды талап етті. Бұл қолдауды сезіндіңіз бе?

Әсия Төлесова: Иә, сездім. Анаммен байланысып тұрдым. Аптасына екі рет видео арқылы 10 минут сөйлестіріп тұрды. 10 минут деген тым аз! Бәрін сол уақытқа сыйдыруға тырыстық. Хал сұрасып, уайымымызды айтып дегендей. [Коронавирус] пандемиясы кезінде жақындарыңмен кездестірмейді. Олар туысыңмен сөйлесуге аптасына берілетін 20 минутты жеткілікті деп ойлайды. Анамды сағындым, достарыммен сөйлесуді аңсадым. Достарымнан бір хабар болып қала ма деп радионы тыңдап отыратынмын.

Азаттық: Хабар болатын ба еді?

Әсия Төлесова: Иә, сәлемдері жететін. Достарым жазған екі-үш сөйлемді радиоэфирден оқып қалатын. Соның өзіне қатты қуанып қаласың. Негізі радиоконтент жұпыны екен. Көп радиода "Қоңырау шал да, құттықта" айдарынан, музыка мен ұтыс ойындарынан басқа ештеңе жоқ. Анам [жазушы Сергей] Довлатовтың кітабын беріп жіберді. Сол құтқарды. Тергеу изоляторындағы адамға ауыр. Беймәлім күйден күйзелесің. Екінші аптадан бастап анамнан, адвокаттардан жайсыз хабар келіп жатты. "Үш жылға соттаса қайтемін? Қамаудан шыққан соң қаншада боламын?" деп ойлана бастадым. Кейін сабырға келдім.

Әсия Төлесова Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Алматы, 14 тамыз 2020 жыл.

Азаттық: Қалай ойлайсыз, құқық қорғаушылар мен белсенділер қолдауы болмаса, үкім басқаша болар ма еді?

Әсия Төлесова: Әбден мүмкін. Сондықтан да сот процестерінің қоғам назарында болғаны маңызды. Істің белгілі бір деңгейде бейтарап қаралуына бұл қатты әсер етеді. Істі бақылап, мені қолдағандарға – отбасыма, достарыма, қазақстандықтарға, журналистерге, құқық қорғаушылар мен кәсіпкерлерге, "КөрпеПротесі" жобасына (Әсия Төлесованың жақтастарының бастамасымен әлеуметтік желіде өткен шара — ред.), адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімоваға, халықаралық ұйымдарға тағы бір рет алғыс айтамын.

"АЙЫПТАЙ САЛАТЫНЫН КӨРІП ШОШЫДЫМ"

Азаттық: Әр сот отырысынан соң журналистер мен белсенділер "жапа шеккен" полицейлердің, прокурор мен судьяның айтқанын жілікке бөлгендей ғып желіге жазып жатты. Судья "Бір жапырақ қағазда не айтылғанын жаттап алуға болмай ма?" деп, сөзін оқып беріп тұрған полицейді сынады. Өзге жәбір көргендер сөзінен жаңылып, әуелгі айтқанын ұмытып қалып жатты. Көп адам бұған күлді. Ал сіздің реакцияңыз қалай болды? Күлдіңіз бе, ашуландыңыз ба?

Әсия Төлесова: Бұл нәрселерге ашуланбадым. Өздеріне бір уақ сырт көзбен қарайтын шығар деп үміттендім. Олар сотқа ішкі істер министрлігінің өкілі ретінде қатысты. Бұл құқық қорғау органдарының беделіне әсер етеді ғой. Тұтас құрылымды полиция қызметкерлерінің әрекетіне қарап бағалаймыз. Ішкі істер министрі сотты қарап, қол астында қандай қызметкерлер істейтінін көрер. "Адамды ұстау не полицияға жеткізу кезінде заң бойынша қандай талаптар орындалуы керек?" деп бірнеше рет қойған сұрағыма бірде-бір полицияның жауап бермегені қызық. Олар бұл сұрақтың жауабын білмейтін де шығар. Осы туралы ойлануы керек. Әңгіме полицейлер туралы ғана емес. Тергеудің қалай жүргізілгенін, қандай өрескел қателер кеткенін де айтып тұрмын. Бұл іс азаматтық қоғамға да пайдалы болды. Азаматтар бізде сот процестері қалай өтетінін көргеніне қуаныштымын.

"Полицияға күш көрсетті" деп айыпталған Әсия Төлесоваға үкім шықты. Алматы, 12 тамыз 2020 жыл.

Your browser doesn’t support HTML5

"Полицияға күш көрсетті" деп айыпталған Әсия Төлесоваға үкім шықты

Азаттық: Сот процесі кезінде қатты есіңізде қалып қойған нәрсе не болды?

Әсия Төлесова: Тергеушілер жұмысы. Істі тергемей-ақ адамды оп-оңай айыптай салуға болатынын көріп шошыдым. Хронологиялық реттіліктен жұрдай видеоға қарап, айыптау актісін толтыра салған (куәгерлер сөзінше, Төлесова 6 маусымдағы митинг кезінде полицейлердің наразыларды күшпен ұстап жатқанын көріп, өзгелермен бірге ұсталған адамдар отырған автозактың жолын бөгемек болған. Бірақ полицейлер оны күшпен шетке ысырып тастаған. Мұнан соң Төлесова полицейдің қалпағын қағып, ұшырып түсірген. Ал іс материалдарында алдымен Төлесованың қалпақты ұшырғаны, кейінірек автозактың жолын бөгегені жазылған – ред.). Әлдебір істі қолдан жасап, прокуратураның мақұлдауына жіберіп, адамды соттай салу еш қиын емес екен. Сондықтан жүйе өзгеруі үшін сот процестеріне назар аударту маңызды. Өзгеріс болғанын талап ету маңызды.

Азаттық: Тап сол 6 маусымдағы жағдайға қайта түсіп, полицейдің күшпен ұстап жатқанын көрсеңіз, қайтер едіңіз?

Әсия Төлесова: Былтыр «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының жастары ұсталған адамдар отырған автозакты қоршап алды да, жүргізбей қойды. Ақырында адамдарды еріксіз босатты. Осы жағдай қатты әсер етті! Бәрі бірін-бірі қолдап, бейбіт түрде жұмыла істелген әрекет болды. Бізге осы бағытта жылжи беру керек. Өзгеріске, әділ сайлауға, жемқорлықты жеңуге ұмтылған адамдар өз ішінде бөлінуді қойып, жұмыла әрекет етуі қажет.

Азаттық: Өзіңізді кінәлі деп мойындамасаңыз да, полицейлер алдында кешірім сұрадыңыз. Неге?

Әсия Төлесова: Себебі істегенім дұрыс болды деп ойламаймын. Өзімді ұстай алмай қалдым. Неге олай еткенімді де білемін. Ұстамдырақ болсам, шектен шықпай-ақ өзгеріске қол жеткізуге болатынын көрсетсем деймін. Бірақ полицияның әрекетін де айыптаймын. Олардың істегені – заңсыз. Маған ғана емес, бейбіт митингіге шыққан ондаған, жүздеген адамға істегені заңға қайшы. Құқық қорғау органдары адамды құрметтеуді білмейді. Бұл нағыз масқара. Олар бәрін доғарып, адамдар бейбіт түрде ойын айтып, еркін шыққанын қалаймын. Полиция қызметкерлері өздерінің жұмысы – азаматтар мен олардың құқығын қорғау екенін ұғып, бүгін істеп жатқанын қайталауға дәті бармаса екен деймін.

Азаматтық белсенді Әсия Төлесова. Алматы, 14 тамыз 2020 жыл.

Азаттық: Қамалғаннан бірер уақыт бұрын достарыңызбен "Сотқа шақыру" жобасын құрдыңыз. Жоба мақсаты – "қоғамдық маңызды сот процестерін бақылау" деп көрсетіледі. Айыпталушы емес, бақылаушы ретінде айтыңызшы, ұсталғаннан бастап абақтыдан босап шыққанға дейін Әсия Төлесованың қандай құқықтары бұзылды?

Әсия Төлесова: Мені әкеткендерін әуелі "ұстау" деді, сосын "бөлімшеге жеткізу" деді. Әйтеуір сол кезде маған ешқандай құжат берген жоқ. Телефонымды күшпен тартып алды. Адвокатпен де, анаммен де жөнді сөйлестірмеді. Ұсталғандардың тізімін жасай бастап едім, полиция бөлімшесінен қуып шықты. Артынша тағы ұстады. Кейін бір жаққа алып барды.

Жапа шеккендердің тергеу кезінде айтқаны мен сот кезінде сөйлеген сөзі сәйкес келмей жатты. Тергеушілер оқиғаны өзіне қалай ыңғайлы болса, солай түсіндіріп бақты. Заңбұзушылық көп болғаны сондай – адвокатым Назерке Ризабекова соңында соттан полиция, тергеуші және прокурорға жеке қаулы шығаруды сұрады.

"ӘЙ, МИТИНГ, СӘЛЕМ!"

Азаттық: 66 күн қамауда болдыңыз. Тергеу абақтысындағы жағдай қандай екен?

Әсия Төлесова: Қазақстанда көп нәрсе көзбояушылық үшін жасалады ғой. Түрменің сырты әдемі де, іші тозып жатыр. Тергеу абақтысының кіре берісі тап-таза, жинақы, сенімен жылы сөйлеседі. Ішіне кіргенде сұмдықтың бәрін көресің. Бәрі тозған. Ал маған ол жердің ең жақсы абақтының бірі саналатынын айтты… Жуынатын бөлме тозып кеткен. Шомылуға барсаң, кейде су болмай қалады. Су тым ыстық болады, не ыстық су аяқ астынан таусылып қалады. Температурасын реттеу қиын. Шомылуға аптасына бір рет барамыз. 15 минутта жуынып та, кір жуып та үлгеруің керек.

Азаттық: Үлгеріп жүрдіңіз бе?

Әсия Төлесова: Жоқ. Ішкі ережелер шынайы жағдайға бейімделмеген. Мысалы, камерада кір жууға болмайды. Кірді басқа жаққа жуу мүмкін болмағандықтан, бәрі амалсыз камерада жуады. Темекі шегеді. Адамдар ережені сақтауы үшін оны өзгерту керек.

Әсия Төлесова Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Алматы, 14 тамыз 2020 жыл.

Азаттық: Абақтыда сізбен бірге отырғандар ісіңіз туралы білетін бе еді?

Әсия Төлесова: Ашып айтпауға тырыстым. Бірақ біліп алды. Қайда оқығанымды да (Әсия Төлесова Сан-Францискода білім алған – ред.) білді. "Неге елге қайттың? Неге митингіге шығасың?" деп сұрайтын. Мені "Митинг" деп атайтын. "Әй, Митинг, сәлем!" деп амандасатын.

Азаттық: Әзілдеп айтқандары ма?

Әсия Төлесова: Иә, маған жақсы қарайтын. Кейбір қызметкерлер де сөйтті. Тікелей келіп, қолдау білдірмесе де, тілектес екенін сезетінмін.

Азаттық: Серуендеуге қанша уақыт берді?

Әсия Төлесова: Бір сағат. Ережеде "Қамаудағылар күн сайын бір сағат көлемінде серуендеуі керек" деп жазылған. Бірақ қызметкерлер бір сағат серуендетуге мүдделі емес. Уақытты азайтуға тырысатын. Шағымданып, арыз жаздым. Осыдан соң біздің камерамыз серуендеуге көбірек уақыт алатын жалғыз камера болды.

Азаттық: Абақтыға коронавирус өршіген тұста түстіңіз. Ондағы ахуал қандай еді? Ауру белгісі байқалған адамдар болды ма? Медициналық көмек ала алды ма?

Әсия Төлесова: Ауру белгісі бар адамдар болды дегенді естідім. Бірақ ресми түрде абақтыда ауырып жатқандар болған жоқ. Кезекшілер ештеңе айтпады. Анам маған витаминдер жіберді. Сот кезіндегі күйзелісім денсаулығыма әсер еткен сияқты.

"ӨЗГЕРІСКЕ СЕНБЕСЕМ, ОТЫРА БЕРЕР ЕДІМ"

Азаттық: Былтырғы "Шындықтан қашып құтылмайсың" акциясынан соң Қазақстанда президент сайлауы өтті. Азаматтар жаппай наразылыққа шығып, ұсталып жатты. Мұнан соң билік демократизация мен саяси реформалар туралы айтты. Бір жылдан сәл аса уақыттан соң қайта сотқа тартылдыңыз. Осы кезең аралығында елдің "демократизацияланғанын" байқадыңыз ба?

Әсия Төлесова: Құқық қорғау органдарының кейбір өкілі "наразыларды ұстағанда резеңке таяқ қолданбаймыз ғой" деп, өздері соны мақтаныш көретінін естідім. Бұл аргумент емес. Әлдекім билікті айқайлап сынап жатса да, полиция қызметкерлерінің азаматтарды тектен-текке ұстап әкетуге хақысы жоқ. Олар мұның заңсыз екенін түсініп, өзгеруі керегін ұқса деймін. Түбінде бәрібір өзгереді ғой, бірақ оған қанша уақыт кетерін білмеймін. Бірақ жағдайды өзгертуге ұмтылыс болғаны дұрыс. Істеп жатқанымыздың бәрі реформа болатын күнді жақындата түседі.

Белсенділер Әсия Төлесова (оң жақта) мен Бейбарыс Толымбеков марафон өтіп жатқан жолдың бойында "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазу бар баннер ұстап тұр. Алматы, 21 сәуір 2019 жыл.

Мемлекет, өзі айтып жүргендей, "еститін мемлекетке" айналарына сенемін. Біз сот процесі барынша ашық өтсін деп күш салдық. Сондағы мақсатымыз – адамдардың назарын аударып, құқық қорғау органдары, прокуратура мен соттың қалай жұмыс істейтінін көрсету болды. Істі азаматтық қоғам ғана бақылаған жоқ. Бұл істен билік те, қарапайым азаматтар да сабақ ала алады.

Шетте оқитын қазақ жастары Алматыда қамалғандарды қолдады

Азаттық: Қандай сабақ алуы керек?

Әсия Төлесова: Бұл процесс құқық қорғау органдары қызметкерлерінің білімі жеткілікті деңгейде емесін түсінуге көмектесер деп үміттенемін. Өздері заңды дұрыс білмейді. Оларға адам, оның абыройы, еркіндігі мен құқығы бас құндылық болуы керек. Біздің азаматтық қоғам өте бейбіт. Адамдардың өзін агрессивті түрде ұстағанын көрген емеспін. Митингілер кезінде агрессиялық іс-әрекетке көбіне құқық қорғау қызметкерлері барады. Соттағы соңғы сөзімде айтқанымдай, қазіргі заманғы Қазақстанда қорқытып-үркітуге, жөн-жосықсыз ұстап әкетуге, күш қолдануға орын жоқ. Мұндайды доғару керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл әлемге "еститін мемлекетпіз" деп мәлімдеді ме, соған сай болуы тиіс.

Азаттық: Алда митингілерге шығасыз ба?

Әсия Төлесова: Бүгін (сұхбат 14 тамызда алынды – ред.) пробация қызметіне барып келдім. Олар "митингіге шықпай-ақ қойғаныңыз дұрыс қой" деді. Митингіге шыққанның несі жаман? Бейбіт жиында өзіміздің конститутциялық құқығымыздың сақталуын талап етеміз.

Азаттық: Қазақстанда өзгеріс болуы мүмкін деп санайсыз ба?

Әсия Төлесова: Өзгеріс боларына сенбесем, белсенділікпен айналыспас едім. Алматы ауасының ластануын бақылау бойынша жобамыздың басынан бері "Қазгидрометке" қаланың ауа сапасы туралы тәуелсіз деректер қаншалықты маңызды екенін дәлелдеуге бес жылымызды сарп еттік. Осы жылы ғана көндіре алдық. Олар тәуелсіз экобелсенді Павел Александровтың ауадағы зиянды бөлшектер мөлшері туралы дерегін тұрақты жариялап тұруды бастады. Осының өзіне бес жыл кетті! Кейде еңсеміз түседі, білем. Бірақ экология бойынша ақыры әлденені өзгерте алдық қой. Демек, сот жүйесінен, құқық қорғау органдарынан күтіп отырған реформа болатын күн де алыс емес, аз қалды. Бұған сенбесем, қол қусырып отыра берер едім.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.