"Назарбаевтан құтылу, билікке - ультиматум". Екінші "Халық құрылтайында" не айтылды?

Алматыдағы "Халық құрылтайы". 7 қыркүйек 2019 жыл.

Қыркүйектің 7-сі күні Алматыда өткен екінші "Халық құрылтайында" белсенді азаматтар авторитаризмнен құтылу жолы, алғашқы Конституцияға оралу, парламенттік республика құру және өзге де мәселелерді талқылады.

Қала орталығындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде өткен "Халық құрылтайына" үш жүз шақты адам жиналды. Олардың арасында Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Семей, Шымкент, Талдықорған және өзге өңірлерден келген азаматтар да болды.

"Халық құрылтайына" жиналған азаматтар. 7 қыркүйек 2019 жыл.

Жиын басында модератор Балташ Тұрсымбаев оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдиннің денсаулығына байланысты жиыннан ертерек кететінін айтып, оған сөз берді. Әбділдин өз сөзінде "Қазақстан алдында екі жол тұр: бірі - авторитарлық ел болып қалу немесе демократиялық елге айналу" деді. Ол "демократиялық ел болуы үшін Назарбаевтан құтылу керек" деді.

- Назарбаев биліктен кетпей Қазақстанда даму болмайды. Заң бойынша, оның билікте отыруы - олқылық. Елде "Елбасы" туралы заң бар. Оған екі палата жетекшісі, премьер-министр қол қойған. Конституция бойынша, олардың заң қабылдауға құқығы жоқ. Назарбаевтан құтылудың ең бір жақсы оңтайлы жолы - 1993 жылы қабылданған Конституцияға көшу. Назарбаевқа берілген биліктің барлығы екінші Конституцияда болғандықтан сонымен бірге кетеді. Менің ойымша, мұны жасау онша қиын емес. Бірақ билікке әрі байлыққа құныққан адам кетпеймін деп отырып алуы да мүмкін. Онда халық болып сұрауымыз керек. Халық болып талап етуіміз керек. Мына жаңадан сайланған президенттің айтқандары қонымды, соны қолдауға тырысуымыз керек. Егер халық болып, қазіргі билік талап етсе, Назарбаевтың өзіне ой салар. Сол бір жолын тауып, Нұрекеңнен құтылсақ, сонда ғана елдің жолы болады деп есептеймін, - деді ол.

"Әрдайым жолдарың болсын!" деп саясаткер батамен сөзін аяқтаған кезде жұрт қол шапалақтап, тік тұрып залдан шығарып салды.

"ПРЕЗИДЕНТ ҚЫТАЙДАН ҚАРЫЗ АЛМАСЫН!"

"Қазақстанның экономикалық-қаржылық ахуалы" туралы баяндама жасаған экономист Айдар Әлібаев "жемқор жүйе мен нашар экономиканы" сынап, "сыртқы қарызы кейбір дерек бойынша 178 миллиард долларға жеткен Қазақстанда оның қайда жұмсалғаны түсініксіз күйде қалғанын" айтты.

"Не ауыл шаруашылығы, не өнеркәсіп жоқ, не өндіріс жоқ, есесіне көп қарыз мен жұмыссыздық, нашар тұрмысты көріп отырмыз" деді экономист.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келесі аптада Қытайға ресми сапармен баратынын еске салған экономист "президент көрші елден жаңадан қарыз алмасын. Жиынның резолюциясына осыған байланысты бірнеше талап енгізілсін" деген ұсыныс айтты.

"Қытайға ресми сапармен баратын президент көрші елден жаңадан қарыз немесе инвестиция алмауы тиіс. Бұл елдің тәуелсіздігінен айрылуына апарады. Пәкістан, Тәжікстан, Африка елдерінің жартысы, Малайзия, Шри-Ланка сияқты көптеген елдер Қытайдан алған қарызын төлей алмай, қиын жағдайда қалды. Жақында Шри-Ланка Қытайдан алған несиенің өтеуі ретінде стратегиялық нысан ретінде саналған жалғыз теңіз портын беруге мәжбүр болды. Қытайға сапарында президент сонымен бірге көрші елмен шикізат игеру, зауыт салу, өзге де инфрақұрылымдық нысан салу сияқты келісім-шарттар жасаспасын. Түрлі дерек бойынша, Қазақстанның Қытайдан алған қарызы 20 миллиард долларға жетеді. Бұл қарыздан тезірек құтылуымыз керек. Қытай несиесінің салдары күрделі" деді Айдар Әлібаев.

"Халық құрылтайында" ілініп тұрған баннер. 7 қыркүйек 2019 жыл.

Ол елде наразылыққа түрткі болған "55 Қытай зауытының жұмысын билік тоқтатып, оларға мұқият ашық аудит жасалсын. Шын мәнінде елге керек пе, керексіз бе, сол жағы анықталсын" деді.

("Халық құрылтайынан" Азаттық тікелей эфирде хабар таратты. Сілтемесі мында).

Жиын кезінде авторитарлық билікті сынаған журналист Гүлжан Ерғалиева "егер халық бірігіп, билікке нақты талаптарын қоймаса, мұндай бассыздық жалғаса береді" деді. Ол елде халықтық-демократиялық партия құрып, алдағы парламент сайлауына қатысуы тиіс деген ұсыныс айтты.

"Бұрынғы Конституция мен "Сайлау туралы" заңға оралып, халыққа шын жаны ашитын азаматтардың саясатқа баруына жол ашу керек" деген желтоқсаншы Хасен Қожа-Ахмет "халық билікке талаптарын орындату үшін желтоқсан айына дейін уақыт беру керек, егер орындамаса, мұндай билікті "жоқ" деп есептеп, ауыл-ауылдан бастап өзін-өзі атқару жүйесіне көшу керек, бұл Ата заңымызда бар" деді.

Заңгер Маржан Аспандиярова сайлаудан кейін қамалып, қуғын көрген азаматтардың конституциялық құқықтары қорғалуы тиіс деді. Ол құрылтай негізінде халықты біріктіретін ұлттық қозғалыс ұйымдастыруды сұраймын деді.

Жиын соңында оппозициялық саясаткер, президиум мүшесі Рысбек Сәрсенбайұлы жиналғандарға құрылтай резолюциясын оқып берді. Онда президенттік басқару жүйесінен бас тартып, парламенттік республика құру, саяси тұтқындарды босату, жемқорлық, ысырапшылдықты жою, бейбіт жиын өткізу құқығын сақтау, ойын ашық айтқан белсенділерді қудалауды тоқтату сияқты көптеген талаптар жазылған. Қарарды жұрт қолдады.

АЛАҢДА ЖАЛҒАСҚАН ҚҰРЫЛТАЙ

Түстен кейін құрылтай Тәуелсіздік алаңында жалғасты. Мұнда ел тәуелсіздігі үшін құрбан болған азаматтарға құран бағышталды.

"Саяси тұтқындарға бостандық!", "Қытай экспансиясына жол жоқ", "Күш бірлікте" деген жазуы бар плакаттар ұстаған азаматтар алаңда елдегі түрлі саяси-әлеуметтік проблемаларды ашына айтты.

"Астанада бейкүнә бес сәби өртеніп кетті. Бұл халықтың әлеуметтік жағайының төмендігін көрсетті. Мен соған наразымын. Ата-анасы бес баласын асырау үшін тамақ іздеп кеткен. Сауық-сайран құру үшін немесе еріккеннен кеткен жоқ. Олардың мойындарында қарызы да болған. Бұл елге ауыр қайғы болды. "Жастар жылы" менің наразылығымды оятты. Жастар жылы "Шындықтан қашып құтылмайсың" деп плакат ұстаған жастарды қамады, жазалады. 10-15 тәулікке қамады. Осы ма жастарды қолдағаны? Өзгеріс керек! Одан қорықпау керек, - деді Біржан Төлеубекұлы.

Қайрат Еділбаев есімді Алматы тұрғыны "Тоқаевқа 16 желтоқсанға дейін уақыт берейік! Не халық жағына өтсін, не Назарбав жағына өтсін!" деп билікке ультиматум мәселесін қозғап еді, көпшілік қол шапалақтап қолдай кетті.

Бұл жерде негізінен таңертеңгі жиында уақыт жетпей, ұсыныстарын айта алмағандар сөйледі. Көпке талап-тілектерін жете алмай қалған кейбір азаматтар "жиын "Нұр Отан" форумына ұқсамауы" тиіс деп ренжіді. Шамамен күндізгі үш жарым шамасында жиналған халық тарады.

Алғашқы "Халық құрылтайы" кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында Нұр-Сұлтанда өткен. Онда да бүгінгі жиында айтылған мәселелер талқыланған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "30 жыл жиналған ашу-ыза". Белгілі адамдар халық наразылығы жайлы

Биыл наурызда Қазақстанды отыз жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев кенеттен президенттіктен кететінін мәлімдеп, орнына сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Назарбаев президенттіктен кетсе де, биліктегі "Нұр Отан" партиясының лидері және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қалған.

Тоқаев Назарбаевтың президенттік өкілетін жалғастырар сәтте Астана қаласының атауын "Нұр-Сұлтан" деп өзгерткен. Кейін Тоқаев кезектен тыс президент сайлауын жариялаған. Осы оқиғалардан кейін елде билікке қарсы наразылық күшейді. 22 наурызда, 1 мамырда және 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбеде халық билік пен сайлауға қарсы митингіге шықты. Полиция наразылық кезінде мыңдаған адам ұстаған.

Халықаралық ұйымдар сайлаудағы заң бұзушылықтар мен полицияның адамдарды жаппай ұстауын сынаған.

3 қыркүйекте Жаңаөзеннің екі жүзден астам тұрғыны қаладағы орталық алаңға жиналып, Қытайдың Қазақстандағы жобаларын тоқтатуды талап еткен еді. Олар Қасым-Жомарт Тоқаевтан Қытайға ресми сапармен бармауды да талап еткен. Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкентте де белсенділер "Қытай экспансиясына қарсы" акция өткізген.

Осы апта соңында премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек "наразылыққа түрткі болған жобалар жайлы ақпараттың халыққа дұрыс жетпей жатқанын айтып", Қазақстан мен Қытай бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалар туралы СІМ-ге қарасты арнайы комитет толық ақпарат беруі тиіс деген еді. Билік өкілдерінің түсіндіруінше, "инвестициясыз ел экономикасын алға жылжыту мүмкін емес және Қазақстан тек Қытай ғана емес, өзге де елдермен экономикалық әріптестік орнатып, бірлесіп түрлі жобаларды жүзеге асырып жатыр".