"КӨРМЕДІМ, КӨРГІМ КЕЛМЕЙДІ"
Аптаның ортасы. Алматыдағы кинотеатрлардың бірінде кешкі сеанс басталмақ. Кесте бойынша "Айканы" күніне төрт рет, кешкі сағат төрттен түнгі 11-ге дейін көрсетеді. Мен кешкі сағат тоғыздағы сеансқа келдім. Кассаның қасында ешкім жоқ. Билет сатып отырған кинотеатр қызметкері монитордан залдағы бос орындарды көрсетіп, орын таңдауымды сұрады. Бәрі дерлік бос екен. Кіреберісте билет тексеретін қыз "Айкаға келдіңіз бе?" деп нақтылады. Басымды изеп, сұрақ қоя бастадым.
— Фильмге келетіндер көп пе?
— Жоқ. Әдетте бес-алты адам ғана отырады. Бір рет жиырмадан асты, рекорд сол болды.
— Өзіңіз көрдіңіз бе?
— Көрмедім, көргім келмейді. Ауыр фильм деседі. Ондай киноларды ұнатпаймын, - деген қыз билетті тексеріп, залға кіруімді сұрады.
Фильмнің басталуына бірнеше минут қалды, экран әлі қап-қараңғы. "Айканың" алдында басқа фильмдердің трейлерін көрсетпеді. Көрермен тым аз болған соң ба, әлде авторлық кино алдында голливудтық жарнаманы көрсетуге болмай ма, ол жағын біле алмадық. Залға он адам жиналды, менің орным бос емес екен. Қартаңдау келген ерлі-зайыптылар жайғасыпты. Билетімді қолыма ұстап, тұрып қалдым.
— Қалаған орныңызға отыра беріңіз, бос орын көп қой, - деді бір ер адам. Мен басқа орынға кеттім, жүзден астам адамға арналған залдан тұтас бір қатарды иеленіп отырсаң да болады. Экран қосылды, жарық өшті, фильм басталды.
Көрермендер қайда баратынын білген сияқты, попкорн мен сусын ұстаған ешкім жоқ. Бәрі экранға телмірді. Бірақ залда тыныштық орнамады, адамдар бір-бірімен сыбырлап сөйлесіп, әсерлерімен бөлісті, фильмді талқылады.
Фильм бізді суық, қар басқан Мәскеуге жетеледі. Онда жаңа босанған Айка есімді қырғыз қыз жұмыс табу үшін жанталасып жүр. Ол бір "маңызды" адамдарға қарызын беруі тиіс, үлкен мәскеулік пәтердегі шағын бұрышын жоғалтып алмауды ойлайды. Бұл кішкентай бөлмеде Мәскеуге пайда табуға келген ондаған аула сыпырушы, пәтер тазалаушы және аспаздармен бірге тұрады.
Бір жарым сағатқа созылған қырғыз қыздың бес күндік оқиғасы түсініксіз аяқталады. Айка жаңа туған баласын қарызының орнына беруге уәде етеді, оны перзентханадан алып кетеді. Бірақ емізіп көруге бел байлайды. Осы сәтте қыз жылап, еденге отырады. Ары қарай титр басталады. Фильм аяқ астынан бітті, көрермендер түрлі күй кешіп қалды. Дәл осылай аяқталғанын қаламадық
Бәрі шешуші сәтті күткен еді. Айка сәбиді бұзақыларға береді немесе ол ойынан айнып, жанында қалдырады, сосын үйіне оралады деп жорамалдадық.
"ӨМІРДЕ ДЕ КҮЙЗЕЛІС КӨП"
Залда жарық жанды. Адамдар біраз уақыт отырды да, орындарынан үнсіз тұрды.
— Фильм қалай? - деп сұрадым көрші қатарда отырған жас жұбайлардан.
— Фильм біткенше жыладым, тура өмірден алынған. Өмірде мигранттардың жағдайы бұдан да жаман сияқты. Күнкөріс үшін Мәскеуге баруға мәжбүр адамдардың өмірі қандай қиын, - деді әйелі.
Ері күлімсіреп, екі саусағын жоғары көтерді.
— Тамаша фильм, нағыз авторлық кино. Канн фестивалі деңгейінде түсірілген. Бірақ соңын түсінбедім, сәбиге не болады? Оның басына түскен жағдайдан қалай құтылса болады? Ол баласын қарызы үшін бермек болғанда «сәбидің әкесі жоқ, өзін біреулер зорлаған соң жүкті болып қалдым» деді. Бірақ оны ешкім зорламаған тәрізді. Өзін жеңіл жүрісті санамасын деп әрекетін жасырған болар. Ойланатын нәрсе көп, - деді ол.
Қою көк түсті барқыт көйлек киген егде жастағы әйел адам әсерімен бөлісті:
— Торықтырып жіберетін фильм екен, көрмегенім жақсы еді. Өмірде де күйзеліс жеткілікті, жаңалықтан да оқып жатырмыз. Өртеніп кеткен балалардың (Астанадағы бес баланың өмірін алған өртті меңзесе керек – ред.) оқиғасы жүректі ауыртып жүр. Киноға ойлану үшін келеміз бе? Жоқ, демалып, ләззат алу үшін келеміз. Үйде ойланатын мәселелер жетерлік. Яғни, балаларды оқыту, ақша табу, үй жөндеу деген сияқты... Ал киноға келгенде демалу керек, - деді ол.
Ең жоғарғы қатардан екі әйел ақырындап төмен түсіп келеді. Олардың бірі фильмнің өте ұнағанын айтып, қысқа қайырды. Екіншісі ашылып сөйледі.
— Өте ауыр фильм, бірақ шынайы өмірді көрсеткен. Байғұс мигранттардың өмірі одан да қиын шығар. Айканың баласын неліктен алмақ болды? Органдарын сатпақ. Бұрын ондай болмаған еді ғой. Горбачев америкалықтармен бірге елді құртты. Америка Қытайдағы коммунизмді құрта алмады, ал Совет Одағын ыдыратты. Бірін Қазақстаннан бастады. 1960 жылдары Шымкентте көтеріліс болды (1967 жылғы Шымкенттегі жүргізушілер толқуын айтса керек - Азаттық), кейін 1986 жылғы [Желтоқсан оқиғасы] болды. Сондықтан да осындай фильмдер көреміз, адамдардың жағдайы нашар, - деді ол.
"ФИЛЬМНЕН КЕЙІНГІ ОЙЛАР"
Қазақстандық сыншы Олег Борецкий кейбір көрермендердің "Айка" туралы пікірімен келіспейді. Оның айтуынша, фильмге келген адамдар оның шынайы өмірді сипаттайтынын, ал деректі фильмдер де түсіретін режиссер Сергей Дворцевойдың ащы өмірді бейнелей алатынын білуі керек.
— Бұл фильмге "Айка" туралы білетін адамдар келеді. Ал кейбір адамдар кино болса болғаны деп келеді, кейін көрген дүниесіне наразы болады. "Өмірде мұның бәрін көріп жүрмін, оны несіне көрсетті?" дейтіндер бар. Звягинцевтің фильмдерінде де (Андрей Звягинцев – ресейлік режиссер, "Левиафан және "Нелюбовь" фильмдерін түсірген) хеппи-энд жоқ. Ол ешқашан олай істемейді, себебі хеппи-эндтен соң көрермен кинотеатрдан шыққан бетте фильмді ұмытып кетеді. Ол туралы ойланып, толғанбайды, - дейді киносыншы.
Олег Борецкийдің айтуынша, қазақстандық киноөндірісте артхаустық кино аз.
— Қазақстандағы фильмдер бір-бірінен қатты ерекшеленеді. Не сапасы төмен ойын-сауық жанрында түсіріледі немесе "елдің бәріне арналмаған" фестивальдық кино болады. Әрине, авторлық кино да өз көрерменін табады, бірақ оған сын айтушылар көп. "Бәріне ұнайтындай етіп түсір, сонда көрерменің де көп болады" деседі. Екінші жағынан, реалистік оқиғаны айтып, көрерменді бірге уайымдатып, күйзелтуге болады, бірақ соңы жақсы болуы тиіс. Дағдарыс кезінде Америкада адамдарға уайымын ұмыттыратын фильмдер сұранысқа ие болды. Бірақ олар тек көңіл көтеретін комедия емес, қызықты, драмалық картиналар болған, - дейді ол.
Олег Борецкий "режиссерлер көрермендердің, сыншылар мен фестивальдердің назарын аудару үшін әлеуметтік ауыр тақырыпты әдейі таңдайды" деген пікірмен келіспейді.
– Бұл тренд, олар аудиториямыз бәрібір де аз деп әдейі осындай тақырыпты таңдайды деп ойламаймын. "Айка" сияқты фильм көрермендерді қозғап, маңызды мәселе жайында ойландыратын шығар. Жақсы авторлық киноның сонысы ұнайды. Мысалы, Андрей Звягинцевтің "Нелюбовь" пен "Левиафан" фильмдерінен біреулер теріс айналады, енді біреулерге бұл фильмдер ой салады, - дейді киносыншы.
КАНН ФЕСТИВАЛІНДЕГІ ЖҮЛДЕ
"Айка" әлеуметтік драмасын Қазақстанда туған ресейлік режиссер Сергей Дворцевой алты жыл түсірген. Канн фестивалінде көрсетті.
Картинада басты рөлді ойнаған Петропавлда туған актриса Самал Еслямова 71-Канн фестивалінде "ең үздік әйел рөлі" жүлдесін алды. Бұл – әлемдік кинематограф саласындағы үздік марапаттардың бірі. Фильмнің өзі Канндағы "Алтын пальма" номинациясына (ең үздік фильм) ұсынылды, бірақ жапон режиссері Хирокадзу Корээданың "Дүкен ұрылары" киносы жеңімпаз болды.
"Айка" фильмінде Самал Еслямова Мәскеуге қаржы табуға келген қырғыз қыздың рөлін ойнады. Айка (басты кейіпкер) қиын жағдайға тап болады, жүкті болып қалған әйел босанған соң баласын перзентханаға тастап, қашып кетеді. Айканы жұмыстан шығарып жіберген, ақшасы жоқ. Біреулерге қарыз (қылмыстық топқа қатысы бар адамдар болса керек), сол ақшасын қайтаруы керек. Амалы таусылған қыз ақшаның орнына сәбиін бермек болады. Фильмде еңбек мигранттарының ауыр тұрмысы көрінеді. Олар лас пәтерде тұрып, полициядан тығылуға мәжбүр. Полицейге жолықса пара беріп құтылады, болмаса елден қуылады. Осы қиындыққа қарамастан Қырғызстанда қалған жақындарын асырау үшін жұмыс істеуі тиіс.
"Айка" - Сергей Дворцевой мен Самал Еслямованың бірлесіп түсірген екінші шығармашылық жұмысы. 2008 жылы Еслямова ойнаған "Тюльпан" фильмі жарыққа шықты. Онда қазақ даласы, қарапайым адамдардың өмірі оқиғаға арқау болды. Көрермендер мен сыншылар картинаны жақсы бағалады, бірнеше фестивальде жүлде алды.
"Айка" - Қазақстан атынан "Оскар" жүлдесінің шорт-листіне енді, бірақ негізгі бес номинанттың қатарына ілінбеді.