Ұстау, қоршау, тексеру. Билік Әблязов шақырған митингіні тағы да болдырмады

Полицей қала әкімдігінің алдын күзетіп тұр. Міндетті вакциналауға қарсы митинг осы жерде өтуі керек болған. Алматы, 17 шілде 2021 жыл.

Полиция таңғы 9-дан бастап әкімдік айналасындағы орамдарды қоршап тастады, өтіп бара жатқан адамдардың бәрін тоқтатып, басқа жолмен жүруді талап етті.

Әкімдікке журналистерді де өткізбеді. Суретте полицей Vlast.kz журналистері Данияр Мүсіров пен Юна Коростелеваның жолын бөгеп тұр.

Данияр мен Юнаның сөзінше, олар қоршауды ақыры "бұзып өткен" де, діттеген жеріне жол тартқан.

Журналистердің айтуынша, полиция осы күні әкімдік алдында кемі екі адамды ұстап әкеткен. Ұсталғандардың кім екені белгісіз.

Ұсталғандарды шамасы осы автозакқа отырғызған.

Ұстау орнынан таяу жерде маска тағып, сары бейсболка киген бір топ адам тұрды. Журналистер бастапқыда оларды міндетті вакциналауға қарсыларға балаған. Бірақ олар полицейлерге жылы шырай танытып тұрды, полицейлер болса оларды ұстауға талпынбады. Олар автозак маңында сәл аялдап, одан кейін жақын жердегі дәмханаға кетті.

Құжат тексеру — полицейлердің митинг кезінде жүгінетін дәстүрлі әдісі. Бірақ бұл күні журналистерді әрбір жүз метр сайын тоқтатты.

Суретте азаматтық киімдегі полицей Рейтер агенттігі тілшілері Павел Михеев пен Мария Гордееваның құжаттарын тексеріп жатыр.

Құқық қорғау органдарының қызметкері журналистерді смартфон камерасына түсіріп тұр. Алматы, 17 шілде 2021 жыл.

Полиция қоршауынан тек курьерлер ғана өте алған көрінеді. Бірақ олардың өзін де тоқтатып, сұрақ астына алды. Кім екенін, қайда баратынын білген соң өткізіп тұрды.

Осы суретті түсірерде полиция қызметкері боғауыз сөз айтып, одан кейін "не үшін түсіріп жатсың?" деп сұрады. "Біздің жұмыс осындай" деді қасымдағы әріптесім.

Полицейлер жанынан өтіп бара жатқан әйел. Алматы, 17 шілде 2021 жыл.

Тәуелсіздік монументінің алдында күзетіп тұрған полицей. Алматы, 17 шілде 2021 жыл.

Алматы әкімдігі алдында кезекшілікте тұрған полицейлер. Алматы, 17 шілде 2021 жыл.

Полиция қызметкерлері Алматының орталығында күзетте тұр. 17 шілде 2021 жыл.

Полиция қызметкерлері жанынан өтіп бара жатқан әйелге қарап тұр. Алматы, 17 шілде 2021 жыл.

Сенбі, 17 шілде күні Алматы әкімдігінің алдында міндетті вакциналауға қарсылардың митингі өтуі керек болған. Бұл туралы бірнеше күн бұрын хабарланған. Азаттық суреттері митинг орнында не болғанын көрсетеді.