"АЛЖИР жайлы шындықты кейінгі ұрпақ білсе деймін"

АЛЖИР мемориалдық музей кешеніндегі жазу.

Қазақстанда совет билігі тұсындағы сталиндік репрессия құрбандарына арналған АЛЖИР мемориалдық музей кешенінде бұл күндері еске алу шаралары өтіп жатыр. Бүгінде бұрынғы тұтқындардың ұрпақтары, тарихты білуге құмартқандар мен шетелдіктер келетін орынға айналған кешен қызметкері АЛЖИР жайлы шындықты ұрпаққа қалдыруды мұрат еткен жеке азаматтардың бастамасы қалай іске асқанын айтып берді.

"АЛЖИР КІМНІҢ ЕСІНДЕ?"

Нұр-Сұлтан қаласынан 40 шақырым жердегі Ақмол кентінде орналасқан АЛЖИР мемориалдық музей кешенінде жыл сайын мамырдың соңына қарай қарбалас басталады. Музей кешені өткен ғасырда Совет одағының бас лагерьлер басқармасына (ГУЛАГ) қарасты үлкен лагерьлердің бірі – Карлагтың құрамына енген "Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері" (АЛЖИР) тұтқындарының тағдырынан сыр шертеді.

Бұл күндері мұнда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға келетін адам саны көбейіп, музей қызметкерлерінің жұмысы күрт артады. Музейдегі экскурсияны сырттай бақылап тұрған әйел өзін Раиса Рамазанқызы Жақсыбаевамын деп таныстырды. Көзінің айналасын әжім торлап, шашына ақ кіре бастағанымен қимылы ширақ ол "жасым – 63-те, бірақ өзімді әлдеқайда жас сезінемін" дейді.

"АЛЖИР" мемориалдық музей кешені қызметкері Раиса Жақсыбаева. Ақмол кенті, 30 мамыр 2019 жыл.

- Мамырдың 31-і – кенже қызымның туған күні, алайда отбасылық қуанышты бір апта өткізіп барып тойлау дәстүрге айналған. Өйткені балаларым бұл күні менің АЛЖИР-ден босамайтынымды жақсы біледі, – дейді Раиса Рамазанқызы.

АЛЖИР мемориалдық музей кешені экспозициялық-көрме бөлімінің басшысы қызметін 22 жыл атқарған Раиса Жақсыбаева соңғы үш жылда жолын жастарға беріп, қазір қатардағы музей қызметкері болып істейтінін айтады. Өз сөзінше, 1980 жылы тұрмысқа шығып, Малиновкаға (Ақмол кентінің бұрынғы атауы – ред.) қоныс аударғаннан кейінгі өмірі АЛЖИР тарихымен тығыз байланысты. Осы жерде совет билігі кезіндегі саяси қуғын-сүргін жайлы көптеген тарихи дерекпен алғаш рет танысқан.

- Малиновкада Иван Иванович Шарф есімді неміс азаматы болды. Әкесі – репрессия құрбаны, анасы Қазақстанға жер аударылып, осында қаза болған. Үш жасында жетім қалған Иванды жергілікті қазақтар асырап алған. Есейе келе "Ақмола Феникс" кәсіпорнын ашқан Иван Шарф өскен ауылына көп жақсылық жасады. 1980 жылы Малиновкаға жолы түскен мәскеулік журналистер жазған мақалада біздің ауылдың қорым үстіне салынғаны туралы дерек кездеседі. Иван Иванович жергілікті халықтың көмегімен АЛЖИР тұтқындары жаппай жерленген осы қорымды тауып, қоршап, белгі орнатты. 1989 жылы газетке "АЛЖИР кімнің есінде?" деген хабарландыру берді. Ол кезде сталиндік репрессия туралы ешкім тіс жармайтын. Сондай қиын кездің өзінде Малиновкада қуғын-сүргін құрбандарына арналған "Қақ айырылған жұлдыз" ескерткішін ашып, АЛЖИР тұтқыны болған әйелдердің алғашқы кездесуін ұйымдастырды, – дейді Раиса Жақсыбаева.

1989 жылы Малиновка ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған "Қақ айырылған жұлдыз" ескерткіші. Ақмол кенті, 30 мамыр 2019 жыл.

​Оның сөзінше, АЛЖИР азабын көрген куәгерлердің ол кездесуіне 15 әйел қатысқан. Раиса бұрынғы тұтқындардың бәрі бірдей кездесуге ықыласты болмағанын айтып, мұны бір кезде азап шеккен жерге деген қорқынышпен байланыстырады.

- Әйелдерді АЛЖИР-ге "күйеулеріңмен кездесесіңдер" деп алдап әкеткен ғой. Үйінен әдемі көйлегін киіп, қуанып шыққан әйелдер Ақмоланың ақтүтек бораны мен азапты лагерінен бір-ақ шыққан. Сондықтан 1989 жылғы шақыртуды да "АЛЖИР-ге қайтарудың ескі амалы болар" деп күдіктеніп, қорыққандар болған, – дейді Раиса Жақсыбаева.

"АЛЖИР" музейіндегі тұтқын әйел экспозициясы. Ақмол кенті, 30 мамыр 2019 жыл.

1989 жылы ауыл тұрғындарының барлығы қатысқан кездесуде АЛЖИР әйелдері лагерьде көрген азабы жайлы баяндап, өздерімен әкелген деректерді естелікке қалдырған. Осы кездесуде бұрынғы тұтқындар қуғын-сүргін құрбандарының аты өшпес үшін арнаулы музей ашылса деген тілек білдірген.

БІР БӨЛМЕДЕГІ ЖЕКЕ МЕНШІК МУЗЕЙ

1997 жылы АЛЖИР әйелдерінің арманын іске асыруға мүмкіндік туғанда Иван Шарф музей қызметін жүргізуді Раиса Жақсыбаеваға тапсырған.

- Алғашында мұндай жауапкершілікті мойныма алуға жүрексіндім. Болашақ музей орнына бөлінген мәдениет үйіндегі 72 шаршы метр бөлмеде отырып, ұзақ ойландым. Терезенің алдына жиналған АЛЖИР әйелдерінің естеліктерін қарап шықтым. Олардың хаттарын оқыған сайын егіліп жылай бердім. Ақыр соңында бұл шындықты кейінгі ұрпаққа жеткізуге бел байладым, – дейді ол.

Раиса Жақсыбаева бір бөлмеге орналасқан музей жұмысын қолындағы 30 шақты жәдігермен (АЛЖИР әйелдері қалдырған хаттар, кесте үлгілері, суреттер, альбом мен газет қиындылары) ғана бастағанын айтады. Ол музей қорын жаңа деректермен толықтыру үшін АЛЖИР тұтқындары қалдырған мекенжайларға толассыз хат жазған.

АЛЖИР лагерінде тұтқындар тұрған барак үлгісінде салынған музей экспозициясы. Ақмол кенті, 30 мамыр 2019 жыл.

- Өте қиын болды. Ол кезде архивтер әлі жабық еді. Малиновкада отырып Мәскеуге, Минскіге хат жазамын. Ол заманда компьютер де жоқ. Поштаға хат салып, жауабын айлап күтемін. Он жыл бойы жалғыз жұмыс істедім. Экскурсияны да өзім өткіздім, жәдігерлерді де жалғыз жинадым. Шағын музейіміз туралы хабар ТМД көлеміне тез тарады. Арнайы іздеп келетін қонақтар көбейді, музей қоры репрессия құрбандарының ұрпақтары әкелген жәдігерлермен толыға бастады. Бірде Германиядан екі профессор келіп, АЛЖИР-де болған неміс әйелдердің атынан 300 еуро қалдырып кетті. Мен ол ақшаны кассаға өткізіп, музейге үстел-орындық сатып алдым, – дейді ол.

1997 - 2006 жылдар аралығында жекеменшік негізде жұмыс істеген музейді қаржыландыруды Иван Шарф мойнына алған. 2005 жылы ол ауыр дертке шалдыққан соң жергілікті билік мәдениет үйіндегі бөлмені даулап, музейді жаппақ болған. Раиса Жақсыбаева музейді сақтап қалу үшін қалай күрескенін айтып берді:

- Жергілікті билік "музей орнына басқа нәрсе ашайық" деді. Қазір АЛЖИР-де 16 мың жәдігер болса, он жылда мен соның жартысына жуығын жинап үлгердім. Сондықтан "жиған-тергенім далада қалатын болды" деп қатты қамықтым. Бір кезде Алжир әйелдері туралы оқығандарым ойға оралды. Олар тоталитарлық режимнің өзіне қаймықпай қарсыласқанда, мен тәуелсіз елде тұрып, жағдайға мойынсұнғаным жарамас деп ойладым. Содан Астанаға үкімет үйіне бардым. Екі жарым ай табан тоздырып, музейге қолдау көрсетуін сұрап, талай есікті қақтым. АЛЖИР туралы әңгімеме ешкім құлақ аспады. Әйтеуір соңында бір шенеунік "Уайымдамаңыз, сізге көмектесемін" деді. Қанаттанып, үйге қайттым.​

"АЛЖИР ТАРИХЫ ЕЛЕСУІЗ ҚАЛМАУЫ ТИІС"

2007 жылы ақпанның 27-сі күні сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақмол кентінде АЛЖИР мемориалдық музей кешенін ашу туралы жарлығы шықты. Музей жұмысын үйлестіру тобына Раиса Жақсыбаева да енді. Оның айтуынша, жаңа музейдің құрылысы жүріп жатқан шақта, үйлестіру тобы үш ай бойы Қазақстан өңірлерін аралап, жаңа жәдігер мен ақпарат жинаған.

- Түнде ескі музейде қонып жүріп, экспозициялар дайындадық. Қуанғаным соншалық, құрылыс жүріп жатқан жерге күнде барып, қарап тұратынмын. 2007 жылы мамырдың 31-і күні АЛЖИР музейінің ашылу рәсіміне Иван Шарф та қатысты. "Раиса, қандай әдемі музей!" деп жас балаша қуанды. Ол кісі 2010 жылы дүние салды. Өзі бастаған істің аяқсыз қалмағанын көріп кеткеніне қуанамын, – дейді Раиса Жақсыбаева.

"АЛЖИР" мемориалдық музей кешеніне келген қонақтар. Ақмол кенті, 30 мамыр 2019 жыл.

Қазір ол музейге келген қонақтарды АЛЖИР тарихымен таныстырудан жалықпайды. Көбіне жас мамандардың жұмысын сырттай бақылап, керек жерде кеңес беріп отыратын Раиса лагерьде тұтқында болған әйелдер туралы әңгімелегенде жақынын еске түсіргендей жүзі жылып сала береді.

- АЛЖИР әйелдері құрбыларым сияқты. Оларды ағайын-бауырларымнан артық білемін. Таңертең жұмысқа келгенде бәрімен амандасып, түгендеп шығамын. Экскурсия жүргізгенде сол әйелдердің тағдырын өз басымнан өткендей баяндауға тырысамын. Бірде Беларусь елінен келген қонақтарға АЛЖИР тұтқындары көрген сұмдық туралы айтып тұрғанымда бір азамат "АЛЖИР-де тұтқында болғансыз ба?" деп сұрады. "Жоқ" дедім. Ойлап қарасам, өмірімнің 22 жылы АЛЖИР музейінде өтіпті. Жыл сайын мамырдың 31-і күні бойымды ерекше сезім билейді. Бұл күні АЛЖИР лагерінде өмірі үзілгендердің тарихы елеусіз қалмағанын ойлап шүкіршілік етемін, - дейді ол.

АЛЖИР-дегі "Музей түні" (19 мамыр 2017 жыл)

Your browser doesn’t support HTML5

АЛЖИР-дегі «Музей түні»

1937 - 1953 жылдар аралығында Ақмола облысындағы 26-нүкте деп аталатын мекенде Карлагтың 17-бөлімшесі – АЛЖИР лагері болған. 1937 жылы тамыздың 15-і күні СССР ішкі істер халық комиссиаратының "Отанын сатқандардың отбасы мүшелерін жаппай қудалау туралы" жарлығына сәйкес, бірнеше айдың ішінде репрессияға ұшыраған азаматтардың әйелдері мен балалары қамауға алынып, мал таситын вагондармен АЛЖИР-ге жеткізілген. Лагерь жабылғанға дейін АЛЖИР-де 8 мың әйел "жазасын" өтеген. Қазақстанда 1993 жылы сәуірдің 14-і күні "Саяси қуғын-cүргін құрбандарын ақтау туралы" заң қабылданды. 2007 жылы бұрынғы лагерь аумағында "АЛЖИР" мемориалдық музей кешені ашылды.