"Күндік жоспар - 70 мың, айлығым - 75 мың". Ақтөбелік автобус жүргізушілердің наразылығы

Your browser doesn’t support HTML5

"Айлығым 32 мың теңге". Ақтөбелік автобус жүргізушілер еңбекақыны өсіруді талап етіп, ереуілге шықты. 12 ақпан 2021 жыл.

Ақтөбедегі жолаушы таситын компанияның жүзге жуық жұмысшысы басшылықтан жалақы мен әлеуметтік төлемдерге қарызды өтеуді, айлықты көбейтіп, күндік жоспарды азайтуды талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартты. Қала әкімі "мәселені шешуге" сөз берген соң ғана жұмысшылар ереуілді тоқтатты.

"21 КҮНГІ ЖҰМЫСЫМА 75 МЫҢ ТЕҢГЕ ТӨЛЕДІ"

12 ақпан күні Ақтөбедегі "Жолаушылар автокөлік кәсіпорнының" жүз шақты автобус жүргізушісі жұмысқа шығудан бас тартты. Таңғы сағат бестен компания кеңсесінің алдына жиналған олар басшылықтан жалақыны 200 мың теңгеге дейін өсіруді, жүргізушіге міндеттелген күнделікті жоспардағы кіріс мөлшерін азайтуды, зейнетақы мен медициналық сақтандыру қорларына жарнаны уақытылы аударып отыруды талап етті.

"Жолаушылар автокөлік кәсіпорны" штатында 285 адам бар. Соның 169-ы – автобус жүргізуші. Компания Ақтөбенің ішінде және қала іргесіндегі Рауан, Ақжар, Жаңақоныс, Қурайлы және Өрлеу ауылдарына 19 бағыт бойынша жолаушы тасиды. Кейінгі бір жылда үш басшы ауысқан кәсіпорында екі жүзге жуық автобус бар. Басшылықтың айтуынша, кәсіпорынға жолаушы тасымалдаудан күніне 1,5-2 млн теңге кіріс түседі.

Жалақыны өсіруді талап еткен автобус жүргізушілер мен кондукторлар еңбек инспекциясының басшысы Саламат Аманбаевпен сөйлесіп тұр. Ақтөбе, 12 ақпан 2021 жыл.

Жұма күні таңертең олардың ешқайсысы жолға шықпады. Мыңдаған адам таңғы сағат бестен аялдамада қоғамдық көлікті сарыла күтіп бірнеше сағат тұрды.

Автобус жүргізушілер өздері жиналған жерге келген Азаттық тілшісіне арыз-шағымын айта бастады. Олардың сөзінше, компания әкімшілігі бекіткен жоспарға сай әр жүргізуші күн сайын жолаушылардан 70 мың теңге жинап, компания кассасына өткізуі тиіс.

– Мен қаңтарда 21 күн жұмыс істеп, 75 мың теңге жалақы алдым. Демалмастан күнделікті 15 сағат жұмыс істедім. Бірақ жолдамаға жазылатыны сегіз-ақ сағат, артық істеген уақытым жазылмайды, – деді автобус жүргізуші Жандос Жақыпов.

Жүргізушілер өздеріне жалақы жоспардың орындалуына қарай төленетінін, компания штатында қарастырылмаған кондукторды әркім өз ақшасына жалдап, күніне оған 5000 теңгеден төлейтінін айтады.

– Міне, ақпанның ортасы болды, әлі былтырғы желтоқсанның айлығын алған жоқпын. Автобус бұзылса, қосалқы бөлшекті өз атымызға жаздырып, қарызға аламыз, – дейді жүргізуші Аманжол Мұратов.

"Жолаушылар автокөлік кәсіпорны" жұмысшылары. Ақтөбе, 12 ақпан 2021 жыл.

Жүргізушілер компанияның былтырдан бері зейнетақы қорына жарна мен медициналық сақтандыру төлемдерін аудармағанын айтып шағынды. Жұма күні таң алдында Ақтөбеде жаңбыр жауып, көше көктайғақ мұзға айналды. Кей жүргізуші өзі айдайтын көліктің жағдайы мұндай кезде жолға шығуға жарамайтынын айтады.

– Алты доңғалақтың бәрі "тақыр". Дымы жоқ. Мұндай доңғалақпен қысты қойып, жаздыгүні жүрудің өзі мүмкін емес. Құттай жаңбыр жауса доңғалақтар асфальтта тая бастайды. Тәуекелге бел буып, амалсыз жүрміз. Қашан сұрасаң да "жоқ" деген бір-ақ жауап айтады. Бастықтар тек жоспарды көбейтуді ғана біледі. Жұмысшыларға түк жағдай жасамайды, – дейді жүргізуші Алмат Нұрмағамбетов.

"СУБСИДИЯ БӨЛІНСЕ, ЖАҒДАЙ ЖАҚСАРАДЫ"

Жалақыны көбейтуді талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартқан жүргізушілермен кейінгі үш айдан бері кәсіпорын басшысының міндетін атқарып жүрген Есбол Сатаев келіссөз жүргізіп көрді. Ол компанияның қаржы жағдайы күрделі екенін айтып, жүргізушілерді жұмысқа шығуға көндіруге тырысты.

"Жолаушылар автокөлік кәсіпорны" басшысы міндетін атқарушы Есбол Сатаев. Ақтөбе, 12 ақпан 2021 жыл.

– 19 бағыттың 11-і компанияға ешқандай кіріс әкелмейді. Бір жолаушыны тасу құны 200 теңге шамасында, бірақ Ақтөбеде қоғамдық көлік жолақысы 80 теңге болып бекітілген. 2015 жылдан бері жергілікті бюджеттен субсидия алмаған компания қазір әр жолаушы үшін 180 теңгені өз есебінен төлеп, шығынға батып отыр. Егер субсидия бөлінгенде жағдай бұлайша қиындамас еді, – деп түсіндірді Сатаев.

Ол субсидия мәселесі бойынша бірнеше отырыс өтіп, тиісті құжаттар толтырылғанын, алдағы уақытта жергілікті мәслихатқа ұсынылатынын айтты.

– Мәслихат бюджеттен субсидия бөлуді мақұлдаса, биыл наурыз, сәуір айларында бізге жетіп қалар. Сол кезде жағдай дұрысталады, – деді Есбол Сатаев.

Оның сөзінше, компания былтырғы желтоқсан айына жұмысшылар жалақысына 1,6 млн теңге қарыз.

"Жолаушылар автокөлік кәсіпорны" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автобустары Ақтөбе қаласы мен оның іргесіндегі елді мекендерге қатынайды. Ақтөбе, 12 ақпан 2021 жыл.

– Былтыр пандемия кесірінен кіріс азайып, зейнетақы жарнасы мен медициналық сақтандыру төлемдерін аудара алмағанымыз рас. Дүйсенбіде жалақыға қарызды да, төлемдерді де толық аударамыз, – деді Есбол Сатаев.

ӘКІМНІҢ УӘДЕСІ

Ақтөбедегі жергілікті еңбек инспекциясы бастығының орынбасары Бауыржан Оразаев "Жолаушылар автокөлік кәсіпорны" жұмысшыларынан былтыр шағым түскенін айтады.

– Кәсіпорын нормадан артық жұмыс істегендер мен мереке күні жолаушы тасығандарға 2012 жылдан бері ақы төлемеген. Былтыр шағым түскеннен кейін жоспардан тыс тексеретінімізді прокуратураға ескертіп, мемлекеттік еңбек инспекторын жібердік. Компанияға екі айыппұл салынып, ұйғарым берілді. Бірақ сол айыппұл әлі төленген жоқ. Бұл мекемені жақсы білеміз. Бұлар төлей алмайды. Сондықтан құжаттар жеке сот орындаушысына жіберілді. Ал биыл бұл ұжымнан еңбек инспекциясына жалақыға байланысты шағым түскен жоқ, – деді Оразаев.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров. Ақтөбе, 12 ақпан 2021 жыл.

Автобус жүргізушілердің ереуілі төрт жарым сағатқа созылды. Таңертеңгі сағат тоғыздың шамасында наразыларға келген Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров "күні бойы осында боламын, әкімдікке бармаймын. Мәселемен танысып, шешемін" дегеннен кейін ғана жүргізушілер ереуілді доғарып, жұмысқа шығуға келісті.

Жұма күні түстен кейін әкімдік таратқан ақпаратта "Жолаушылар автокөлік кәсіпорны" жүргізушілерге міндеттеген күнделікті жоспардағы кіріс ақша мөлшерінің азайтылатыны, компанияның еңбекақы мен барлық әлеуметтік төлемдерге қарызы толық төленетіні, қала бойынша жолаушы тасымалдайтын 29 маршрутты әлеуметтік маңызды деп тану туралы мәселе ақпанда өтетін облыстық мәслихат сессиясында қаралатыны" айтылған. Мәслихат осы маршруттарды әлеуметтік маңызды деп таныған жағдайға оларға бюджеттен субсидия бөлудің үш жылға арналған жоспары жасалады деп хабарлады әкімдік.

Бұл – кейінгі үш аптада Ақтөбе облысында еңбекақы мөлшеріне көңілі толмаған жұмысшылар өткізген бесінші ереуіл. Осыған дейін "КМК Мұнай, "АМК Мұнай", "Сағыз Петролеум" компанияларының мұнайшылары мен "Биккор" клининг компаниясы жұмысшылары жалақыны көбейтуді талап еткен болатын.

12 ақпан күні Түркістан облысы Кентау қаласындағы трансформатор зауытының ондаған жұмысшысы жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шықты. Наразылық таңертеңнен түске дейін жалғасқан. Кейін кәсіпорын директоры Азаттыққа "жұмысшылармен сөйлесіп, айлық жалақыны 150 мың теңгеге көтеруге" келіскен соң жұмысшылардың ереуілді доғарғанын айтты. Ереуіл тоқтағанын жұмысшылар да растады.

Өткен аптада Шымкент қаласында да жолаушы таситын жергілікті Shymkent Bus компаниясы жүргізушілері жалақыны көбейтуді талап етіп, жұмысқа шықпай қойған. Жергілікті әкімдік пен жұмыс беруші олардың талабы ішінара орындалады дегеннен кейін ғана жұмысшылар ереуілді тоқтатқан.

10 ақпан күні өткен жиында жергілікті тұрғындарға жылдық есеп берген Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі орташа айлық 2020 жылы 13,4 пайызға өсіп, 173,4 мың теңге болғанын айтқан.