Ақтөбедегі Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 адамның ісі

Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 азаматтың ісі бойынша сотқа полиция арнаулы жасағы (СОБР) қызметкері Серік Шалман жәбірленуші ретінде қатысты. "Алаңға тас төккен КАМАЗ көлігін көрген жоқпын. Өйткені алдымда бір қатар сап түзеп тұрды. Оның артында біз тұрдық. Ештеңе байқамадым" деді ол.

Суретте: Серік Шалман адвокаттардың сауалына жауап беріп тұр. Ақтөбе, 19 қазан 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасы кезінде аяғы күйген учаскелік полиция инспекторы Сәкен Жармағамбетовтің айтуынша, күш құрылымдары демонстранттарды тарату үшін қолданған түтін шашатын арнаулы затты наразылардың бірі полицейлерге кері лақтырған. "Оның жүзін көргенім жоқ. Сотталушылардың да ешқайсын танымаймын" деді полиция өкілі сотта.

Прокурор Әсел Таңалиева Ақтөбедегі Қаңтар оқиғасында 33 полиция қызметкері түрлі жарақат алғанын айтты. Сотқа жәбірленуші ретінде шақырылған полиция қызметкерлері Қаңтар оқиғасынан соң айып тағылып, сотқа тартылған 18 адамның бәрін тани алмады. Жәбірленушілер сотта "алаңда адам көп болды, ескілеу КАМАЗ көлігі тас әкеліп төкті, көлік жүргізушісін көрмедім" деген сыңайлы жалпылама жауап берді.

Суретте: Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 азаматтың ісі бойынша сот процесіне қатысып отырған мемлекеттік айыптаушылар Саламат Амандықов (алдыңғы жақта) пен Әсел Таңалиева.

Ақтөбедегі Қаңтар оқиғасында қаза болған екі адамның бірі Русланбек Жұбаназаров 7 қаңтарда таңсәріде демонстрантттарды күштеп тарату кезіне оққа ұшқан, Файзулла Нұргелдин алаңда оқ тиіп, бір айдан соң көз жұмды.

Қаңтар оқиғасынан соң 18 ақтөбелікке Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік", "Билік өкіліне күш көрсету", "Қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша айып тағылған. Олардың ісін судья Нұрлан Бақтығалиев (сол жақта) қарап жатыр.

"Алаңда он екі мыңдай адам болды. Жалғыз болған жоқпын. Қару тауып алып, ашулы жұрт бір-біріне қастандық жасамасын деп алып кеттім. Бөтен ойым болған жоқ. Бір аптадан соң қаруды өзім апарып тапсырдым. Тартып алған жоқпын, тауып алдым. Арнаулы қызмет өкілдері мені тергеу изоляторына дейін ұрып-соғып апарды" деді қаңтардан бері абақтыда отырған Нұрбек Мұхит (суретте) сотта.

Қаңтар оқиғасынан соң айып тағылып, тоғыз айдан бері тергеу изоляторында отырған Ернұр Әжниязов (суретте ортада) сот залындағы әйнек қоршаудың ішінде тұр.

Тергеу ақтөбелік Нұрсұлтан Исаевты "полиция қызметкерлерін жеке көлігімен басып өлтірмек болды", "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыптап отыр. Исаев өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол "оқ атыла бастағанда көлігін алаңнан аулақ жерге әкетпек болғанын, сол кезде көліктің алдыңғы әйнегіне оқ тиіп, рөлге ие бола алмай қалғанын" айтады.

Суретте: Нұрсұлтан Исаев (әйнек қоршаудың ішінде) сот залында әйелі Аида Хазеевамен сөйлесіп тұр.

19 қазандағы сот отырысында адвокат Азамат Сағалов соттан қаңтардан бері тергеу изоляторында қамауда отырған Нұрсұлтан Исаевты босатуды сұрады, судья бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Суретте: Нұрсұлтан Исаев ( әйнек қоршаудың ішінде) адвокаты Азамат Сағаловпен сөйлесіп тұр.

Адвокат Әлімжан Көшбаев Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 азаматтың ісі бойынша сотта жәбірленушіге сұрақ қойып тұр. Адвокат түтін шашатын құралдан зардап шеккен полиция қызметкеріне жәбірленуші емес, куә статусы берілуі тиіс деп санайды.

Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған Жанна Есмұрзаева (ортада) мен оның адвокаты Ақылжан Қуантаев (оң жақта) сот залында отыр.

Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған Дархан Қамидың (оң жақта тұр) адвокаты Қанат Тұрғанбаев (сол жақта) сотта сөйлеп тұр.

Суретте: Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 азаматтың адвокаттары сот залында. Ақтөбе, 19 қазан 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған Нұрсұлтан Исаевтың әйелі Аида Хазеева (оң жақта) сот тыңдауында отыр.

Асланбек Омаров – Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 азаматтың бірі.

Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 азаматтың ісі бойынша сотта адвокат Күләш Манько (ортада) жәбірленушілерге сұрақ қойып тұр.

Дархан Қами – Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 азаматтың бірі.

Қоғам белсенділері Қайырғали Арыстанғалиев (ортада) пен Өмірсерік Оразалин (оң жақта) Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 азаматтың ісі бойынша сотта отыр.

Берік Құспанов – Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 азаматтың бірі.

Дархан Әбиев – Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 азаматтың бірі.

Бекжан Аманғосов – Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 азаматтың бірі.

Арнольд Сәдуақасов – Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 азаматтың бірі.

Нұркен Өмірәлі – Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 азаматтың бірі.

Әмірбек Дәукен – Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 азаматтың бірі.

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін үстінен қылмыстық іс қозғалған 21 адамның ісі сотқа жеткен. Қазір Ақтөбе облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 18 азаматтың ісін қарап жатыр. Шілдеде сот "Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған үш адамның бостандығын үш жарым жылға шектеген. Бұған дейін Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан соң ұсталып, азапталдым деген азаматтардың арыз-шағымы қаралмай жатқаны туралы хабар тараған.

Ақтөбеде Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 18 азаматтың соты өтіп жатыр. Жәбірленуші деп танылған 39 адамның екеуі - өрт сөндіру қызметінен, қалғаны – полиция өкілдері. 19 қазанда сотта сөйлеген полицейлер сотталушыларды танымайтынын, ешкімге талабы жоғын айтты.