Ақтөбе облысында Елек өзені жағалауындағы саяжайда жүздеген үйді су басып, 1200-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 500-ге жуығы – бала. Бау-бақша ұжымдарынан эвакуацияланғандар Ақтөбедегі мектептердің біріне орналастырылды. Қазір оған жер-жерден азық-түлік пен киім-кешек жеткізіліп жатыр. Азаттық тілшісі саяжай тұрғындары паналаған мектепке барып, ондағы жағдайды көріп қайтты.
Ақтөбедегі тасқын: саяжай тұрғындары паналаған мектептегі жағдай
Су басқан саяжай ұжымынан мектепте ашылған эвакуация орталығына көшірілген адамдар үй-жайын әңгімелеп отыр.
Ақтөбенің Елек өзені жағалауындағы су басқан саяжай тұрғыны Кәрима Исағұлова тасқыннан зардап шеккендерге билік өтемақы төлесін дейді. Ол 2017 жылғы су тасқынынан соң билік уәде еткен өтемақысын алмағанын айтады. "Амалсыз үйімді өзім жөндедім" деп шағынды наразы тұрғын. Исағұлова бірнеше жыл жөндеген үйі тағы суға кеткеніне налып отыр.
Елек өзені тасығанда су басып қалған тұрғын үйлер. Елек – шағын өзен, арнасындағы мұз әлі толық еріген жоқ. Сондықтан өзен арнасына сыймай, тасыған су жағалаудағы бау-бақша ұжымдарын басып жатыр.
Су басқан саяжай тұрғыны Бәтима Аймұқашева мектепте ашылған эвакуация орталығында отыр. Ол саяжайдағы үйді жалға алып тұрған. Таңғы алты шамасында үйге су кіргенін көріп, дереу полиция шақырғанын айтады. Бірер сағаттан соң құтқарушылар Аймұқашеваны саяжайдан қайықпен алып шыққан.
Саяжайлардан эвакуацияланған балалар 18-мектептің спорт залында ойнап отыр. Ата-аналары балалардың сабағы қалай болар екен деп уайымдайды. Тұрғындардың сөзінше, суықтан көп бала сырқаттанып қалған.
Мектептен ашылған эвакуация орталығына еріктілер мол азық-түлік жеткізіп берген. Тасқыннан зардап шеккендерге Оралдағы қарапайым азаматтар қол ұшын беріп, көмек көрсетті. Эвакуация орталығына жан-жақтан азық-түлік пен киім-кешек жеткізіліп жатыр.
Су басқан саяжайлардағы тұрғындарға көмекке келген әскери қызметкерлер сап түзеп тұр. Батыс Қазақстан облысы бойынша су тасқынына қарсы шараларға мыңға жуық адам, төрт жүзден астам техника қатысып жатыр. Облыс бойынша 351 мың текше метр еріген қар суы сорылғаны хабарланды.
Елек өзені жағалауындағы су басқан үйіне жету үшін резеңке қайықты үрлеп жатқан адам. Тұрғындарды көшіруге әкімдік бөлген сексен автобус пен құтқарушылардан өзге қарапайым қала халқы, таксистер де атсалысқан.
Баспанасын су басып қалған Дмитрий ұры-қарыдан қауіптеніп, үйінен алысқа ұзап кете алмай жүр.
Тасқын су басқан саяжайдан құтқарылған ит көлікте иесін күтіп отыр.
Су басқан үйлерді күзетіп тұрған полиция көлігі.