Экспозиция автордың 70 жылдық мерейтойына арналған. Көрмеге 150-ден астам өнер туындысы - көркем сурет, графика мен портреттер қойылған. Бала кезден құлағы естімейтін әрі сөйлей алмайтын, көзі нашар көретін суретшінің өнері таң қалдырады.
ДЫБЫССЫЗ ӘЛЕМ
Алексей Федорович бала кезінде менингитпен ауырып, есту және сөйлеу қабілетінен айрылған. Онымен хат арқылы ғана әңгімелесуге болады. Азаттық тілшісінің суретшімен әңгімесі мессенджерден басталып, көркемөнер шеберханасында аяқталды.
Суретші Ресейдің Алтай өлкесінде дүниеге келген. Төртке толғанда отбасы Алматыға көшіп келеді. Сол кезден бастап бала Алексей сурет сала бастаған.
Соғыстан кейінгі жылдары қағаз қат болғандықтан басында қабырғаға сурет салып жүріпті. Кейінірек оған атасы түрлі-түсті қарындаш сыйлайды. Бірақ арасында қызыл түс болмапты. Оның себебін Алексей Федеорович кейінірек біледі. Атасы совет билігіне қарсы болғандықтан немересінің "социалистік революцияның түсін" қолданғанын қаламаған.
Ол кезде Алматыда Қазақстанда құлағы естімейтін балаларға арналған жалғыз мектеп-интернат болған. Соны бітірген Уткин Ленинградтағы бүкілресейлік саңыраулар қоғамының қалпына келтіру орталығының политехникумына оқуға түседі. Бұл танымал сурдопедагог Иосиф Гейльманның бастамасымен ашылған бірегей оқу орны болған. Сол жерде суретші-көркемдеуші бөлімін бітіреді. Кейін Алматыдағы театр-көркемөнер институтында жоғары білім алады. Онда танымал суретші Қанафия Телжанов сабақ береді.
Кейін саңырау суретшілер қауымдастығы жанындағы саңырау балаларға арналған студияда және өзі оқыған мектеп-интернатта суреттен сабақ береді. Апалы-сіңлілі суретшілер Ғалия және Балқия Құсайыновалар (ГаБо) және суретші Анар Әбжанова шәкірттері болды.
1990 жылдары Алексей Федорович елдегі, шетел және халықаралық өнер фестивальдеріне қатыса бастады. Алматының бірнеше көркөмөнер галереясында оның жеке көрмесі өтті. Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы да көп экспозиция ұйымдастырды.
Уткиннің айтуынша, оны Суретшілер одағы ұзақ уақыт одақ мүшелігіне қабылдамаған. "Одақпен байланысым да онша емес" дейді.
—Неге екенін білмеймін, жұмыстарымды қабылдамады. Одақ мүшесі болуға рұқсат бермеді. Кейін ғана қабылдады, - дейді ол.
1995 жылы Алексей Федоровичтің бастамасымен саңырау суретшілер қауымдастығы құрылған. Уткин оның президенті болды. Ол кезде Қазақстанда он бес саңырау суретші болған, бесеуі Алматыда тұрған. Қауымдастық жеке қоғамдық бірлестік ретінде құрылыпты, республикалық және халықаралық көрмелер өткізген, суретшілерді оқытқан. Бірақ 2006 жылы жабылып қалған.
Жабылу себебі туралы Алексей Уткиннің әйелі Лидия Ивановна былай дейді.
— Еңбек еттік, тер төктік. Ал басқалар қызығын көріп, пайда тапты... Бірақ бір тиын да берген жоқ. Тек шетелдіктер көмектесті. Сосын кім үшін тырысамыз, бұның қажеті не деп ойладық, - дейді әйелі.
МУЗА
Сұхбат барысында Алексей Федорович қалам алып, қағазға "Ол — муза ғой" деп жазды. Бұл суретшінің Лидия Ивановна жайлы айтқаны. Лидия Ивановна да күйеуі сияқты құлағы естімейді, сөйлемейді. Ол суретшімен сұхбат жасаған кезде өте көп көмектесті. Барлық сұрақтарды күйеуіне ым-ишарамен түсіндіріп, жауаптарын жазып отырды. Уткиннің биографиясының көбін де сол айтты.
Алексей Федорович пен Лидия Ивановна ленинградтық политехникумда бірге оқыған. Ол да саңырау суретшілер қауымдастығының жұмысына араласып, вице-президенті болған.
"Ол отбасын бірінші орынға қояды. Мені, балалары мен немерелерін қатты жақсы көреді" деп жазды Лидия Ивановна.
Ол күйеуінің денсаулығына алаңдайды. Оның айтуынша, Уткиннің басы ауырады, бірақ дәрігерге қаралғысы келмейді. Көру қабілетіне қатысты екінші топтағы мүгедек саналатын Алексей Федоровичке сурет салуға болмайды екен. Дәрігерлердің айтуынша, көп сурет салса мүлдем көрмей қалуы мүмкін.
ҚАЛА ПЕЙЗАЖЫНЫҢ ШЕБЕРІ
Алексей Уткин түрлі жанрларда жұмыс істейді – портреттер мен қала пейзажын салады. Графикалық туындылары да бар. Суретші портрет салғанда қиналады. Өйткені туындымен жұмыс кезінде суретін салатын адаммен сөйлесіп, оған қалай отырып-тұруды, бұрылуды айтып отыру керек болады.
Есту-сөйлеу қабілетінен айрылған суретші үшін бұл ауыр міндет, сондықтан қала пейзажын салғанды жақсы көреді. Дәл осы пейзаждардың арқасында Алексей Федорович елге танымал бола бастаған. Жеке көрмесінің атаулары да суретшінің шығырмашылық қырын аша түседі: "Алматы пейзаждары", "Қала мен қалалықтар", "Алматының бояуы мен сызықтары", "Алматы – менің махаббатым", "Суретшінің қаланы аралауы...", "Сүйікті қаланың панорамасы","Алматының алтын квадраты".
Соңғы кезде қалада болып жатқан өзгерістер Уткинге ұнайды, "қала тіпті әдемі болып кетті" дейді.
– Бірақ сонда да ескі Алматыны сағынамын. Ол менің бала кезім, жастық шағым. Алманың атасы Алматы! - деп тамсанады.
ӨТКІР ҚАЛАМ
Алексей Уткин карикатура да салады. Өкінішке қарай, қазір Алматыда өтіп жатқан көрмеге ондай туындылар қойылмаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оған орын жоқ.
Алексей Федоровичте газет қиындылары сақталған. Оның карикатураларын "Шмель" мен "Крокодил" журналдары горбачевтік қайта құру кезең мен Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары (90-жылдардың ортасына дейін) жариялапты.
"Шмель" сатиралық журналының 1994 жылы наурызда шыққан нөмірінде Қазақстанның ұлттық валютасына арналған карикатура бар. Онда "Теңге осы қалпын сақтай ма, әлде рубль сияқты құлдырай ма?" деген жазу бар.
Тағы бір суретте желкенді қайық бейнеленген, онда мемлекет қабылдаған, бірақ жүзеге асырмаған "Азық-түлік-90", "Тұрғын үй - 91", "Халықтық тұтыну тауарларын өндіруді дамыту" бағдарламалары деген жазу бар. Қайықта жүзіп бара жатқан адамдар сол бағдарламалардың "жемісіне" қарап тұр.
Коллекция арасында Василий Перовтың "Аяңдаған аңшылар" ("Охотники на привале" - аңшылардың өз "ерліктері" туралы әсірелеп, ойдан шығарып айтуы жайлы) картинасы желісімен салынған карикатуралар да бар.
Карикатурада "аңшы" бейнесінде үш президент – Нұрсұлтан Назарбаев, Михаил Горбачев пен Борис Ельцинге ұқсайтын үш адам отыр. Ельцинге ұқсас адамның қалтасынан "Исповедь на заданную тему" атты мемуар кітабы көрінеді, ал Назарбаевқа ұқсас адамның қалтасынан "Оңшылдар мен солшылдарсыз" ("Без правых и левых") кітабы шығып тұр.
Газет қиындылары 1990 жылдардың ортасына барып үзіледі. Бірақ суретші қазір де карикатура салады. Ол қозғаған тақырыптар арасында сыбайлас жемқорлық, адам еркіндігін шектеу, тіпті селфимен әуестену сияқты тақырыптар бар.
Уткин шығармашылығына қатысты өнер мамандарының пікірі:
"Алексей Уткиннің пейзаждары мен графикасы – таза, тұнық, сәулелі, жеңіл, үнемі болашаққа ұмтылдыратын, қуанышқа толы туындылар. Оның суреттері көрген адамға шабыт сыйлайды. Оның шығармасының басты тақырыбы – қала пейзажы, суретші бұл салада жоғары жетістікке жеткен" (Ольга Батурина, өнертанушы).
"2004 жылы "ARK" галереясында өткен бірінші көрмесінен соң оның дерексіз-сәнді, талғампаз және реалистік туындылары қаламызға басқаша қарауға мәжбүрледі. Ал суретші мен қала пейзажы жанры танымал бола бастады". (Елизавета Малиновская, өнертану кандидаты).