23 желтоқсанда Алматыда Қаңтар құрбандарына қойылған жаңа мемориал ашылды. Қара және ақ түсті тастарға қазақтың белгілі би-шешендері, ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлерінің нақыл сөзі жазылған.
Қаңтар құрбандарына қойылған "Тағзым" мемориал кешінін ашу рәсіміне Қазақстан президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысады деген хабар бірнеше сағат бұрын әлеуметтік желіде тараған.
Жұма күні таңертең Республика алаңы маңында полиция мен қауіпсіздік қызмет өкілдері көп жүрді. Олар Азаттық тілшілерін жаңа ескерткіш жаққа өткізбеді. Алаңға адам толы бірнеше автобус келді. Арасында бюджет мекемелері қызметкерлері де бар. Шара өтіп жатқаен жерде Қаңтарда туыс-жақыны қаза тапқан адамдардан ешкім көзге түскен жоқ.
Президенттің я Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі "Тағзым" мемориалын ашу шарасы жайлы күнібұрын хабарлаған жоқ, БАҚ өкілдері алдын ала тіркеліп, аккредитация алуы керек деп билік органдарынан ешкім ескерткен жоқ.
Жаңа мемориалды ашу рәсіміне мемлекеттік БАҚ өкілдерін ғана кіргізді. Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жаңа ескерткіштің ашылуына қатыса алмаған Азаттық тілшілерінің сұрағына әзірге жауап берген жоқ.
Кемінде 238 адамның ажалына себеп болған Қаңтар оқиғасына енді санаулы күндердің кейін бір жыл толмақ. 2022 жылғы қаңтардың басында Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған наразылықты Қазақстанның көптеген өңірінде, соның ішінде Алматыда да халық қолдап, жаппай шеруге шыққан. Демонстранттар әлеуметтік-экономикалық мәселелермен қоса елге саяси өзгеріс қажет деген талабын айтқан.
Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы салдарынан елде 238 адам қаза тапқан. Оның 19-ы – құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлер.
Кейін бірнеше қалада бейбіт митингінің аяғы тәртіпсіздікке ұласып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Билік елде төтенше жағдай жариялап, "террористер шабуылы" туралы айтқанмен, ол сөзіне дәлел келтірмеді.
Қаңтар құрбандарының туыстары, оған қоса оқиға кезінде және кейін тергеуде жапа шегіп, азапталғанын мәлімдеген жүздеген адам биліктен оқиғаның жай-жапсарын тыңғылықты тексеріп, себепсіз оқ атқандар мен азаматтарды азаптағандарды анықтап, жауапқа тартуды талап еткен. Билік "әрбір адам өлімі мұқият тергеліп, ашылады, адам азаптағандар жазаға тартылады" деп уәде еткен. Алайда құқық қорғаушылар 238 адам қазасының тек санаулысы ғана "ашылғанын" алға тартады.
Құқық қорғаушылар мен белсенділер қантөгістен бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, Қаңтар оқиғасының шындығы ашылмады, негізгі сұрақтарға әлі күнге дейін жауап жоқ дейді. Олар Қаңтар құрбандарының басым бөлігі әскери қару оғынан мерт болғанын, бірақ оқ атқандардың көбі жазасыз қалғанын айтады.
Алматыда "Тағзым" мемориалы ашылардан үш күн бұрын Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Астананы Қаңтар оқиғасын "біржақты тергеді" деп сынаған. Қазақстан билігі бұл сөзбен келіспейді. Билік өкілдері Қаңтарға байланысты тергеу "барынша ашық жүріп жатыр" деген уәж айтады.
Алматыда Қаңтар оқиғасы құрбандарына ескерткіш ашылды. Қаңтарда ескертусіз оқ атуға бұйрық берген президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген бұл шара Қаңтар қырғыны кезінде қаза тапқандардың туыстарының қатысуынсыз өтті.