"Соғыс тоқтасын!" Алматыдағы бейбіт акция
24 ақпанда Алматыда украин ақыны Тарас Шевченко ескерткіші маңына бірнеше құқық қорғаушы мен белсенді жиналып, Ресей басқыншылығын айыптап, Украинаға қолдау білдірді. Ресей Украинаға басқыншылық соғыс ашқанына бір жыл толды.
Украин ақыны Тарас Шевченконың ескерткіші алдына алма қойып жатқан адам. Ресей Украинаға басқыншылық соғыс ашқанына бір жыл толған күні осы ескерткішке адамдар гүл, алма, Украина туы мен "Соғыс тоқтасын!" деген жазуы бар плакаттар қойды.
2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы кең көлемді соғыс бастады. Кремль "арнаулы әскери операция" деп атайтын соғыс ондаған мың адамның өмірін жалмап, миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді. Әлемнің дамыған елдері Ресейге санкция салды, соғыстан қашқан украиндер де, ресейліктер де босып кетті.
Бұған дейін Алматы әкімдігі белсенділерге Украинаны қолдау акциясын өткізуге рұқсат бермеген еді. Бірақ белсенділер мәселеге бейжай қарамайтынын көрсету үшін 24 ақпан күні түсте Тарас Шевченко ескерткіші алдына жиналатынын хабарлаған.
Суретте: Украин ақыны Тарас Шевченконың ескерткіші маңында тұрған полиция көлігі. Алматы, 24 ақпан, 2023 жыл.
Азаматтық белсенді Марат Тұрымбетов украин ақыны Тарас Шевченконың ескерткішіне гүл қойып жатыр.
Бейбіт акцияға қатысқан құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов: "Зұлымдық жазасыз қалмауы керек. Өз халқын зомбиге айналдырған Путинді Гаага сотында заңға сәйкес жауапқа тарту керек. Әділдікке сай жазаға тартылсын!" деді.
Суретте: құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов Қазақстан мен Украинаның мемлекеттік туларын ұстап тұр.
Украин халқының әйгілі ақыны Тарас Шевченко ескерткішіне гүл қойып жатқандардың көбі – ресейліктер. Азаттық тілшісі сөйлескен Ресей азаматтары былтыр соғыс басталғаннан кейін сәуірде Алматыға қоныс аударғанын, соғысты қолдамайтынын айтты.
"Еске алу маңызды деп ойлаймын. Мен сияқты Қазақстан азаматтығы жоқ, Ресей азаматы үшін рұқсат етілмеген акция, пикетке шығу әрқашан қауіпсіз деп айта алмаймын. Ал мынадай шара еске алудың қауіпсіз амалы" деді ескерткішке гүл қойған адамдардың бірі Азаттыққа.
24 ақпан күні таңертеңнен Тарас Шевченко ескерткіші маңында полиция өкілдері жиі көзге түсті. Олар көшенің әр тұсынан айналаны жіті бақылап тұрды.
Азаттық тілшісі Тарас Шевченко ескерткішіне жақын маңдағы аулада полицияның бірнеше көлігі тұрғанын, терезесі пердемен жабылған көліктің ішінде адамдар отырғанын байқады.
Былтыр наурызда Алматы әкімдігі Украинадағы соғысқа қарсы митингіге рұқсат берген еді. Ол шараға мыңдаған адам қатысып, Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған. Бұл Қазақстанда биліктің келісімі бойынша, соғысқа қарсы өткен алғашқы әрі әзірге жалғыз митинг болды. Кейін елде тағы да осындай акция өткізгісі келген белсенділерге жер-жерде әкім рұқсат бермей қойды.
Былтырдан бері қазақстандықтар Украинаның соғыстан зардап шеккен аймақтарына бірнеше рет гуманитарлық көмек жіберді, Ресейдің шабуылынан жарықсыз қалған Украина қалаларына генераторлар жөнелтті. Ал Украинадағы қазақстандықтар Буча, Киев және басқа қалаларға киіз үй тікті.